- Advertisement -

Баркуаб қалашығын қазу жұмыстарына тағы да қаржы бөлінсе…

163

- Advertisement -

Тарихтың тереңінен тамыр тартатын  рухани байлығымыздың бірі – Жуалы ауданындағы Теріс ауылының маңында орналасқан Баркуаб қалашығы.

Бұл туралы деректер әртүрлі айтылады. Бірқатар жергілікті тұрғындар Баркуаб қалашығы қазіргі Теріс ауылының орнында болған деп есептейді. Ал осында зерделеу жұмыстарын ұйымдастырып жүрген тарихшы, «АРК» ЖШС-ның директоры Ескендірбек Төрбеков «Бурнооктябрьская-1» (Баркуаб) қалашығы – ежелгі Тараздың негізгі ірі орталық серігі болған орта ғасырлық қала екенін алға тартады. Ал басқа бір деректерде  Баркуабтың Тараз қаласынан 150-200 жыл үлкен екені айтылады. Сонда біздің эрамызға дейінгі ІІ-І ғасырлардан тамыр тартады.

Аталған қаланың дамыған инфрақұрылымы, қолөнер кәсібі, қалыптасқан егіншілігі, сауда ордасы болған. Ұлы Жібек сауда жолында орналасқаны да қаланың дамуына ықпал етіп отырған. Көптеген ортағасырлық араб, қытай, парсы және еуропалық шежірешілер мен саяхатшылардың жазбаларында ол үлкен және дамыған қала ретінде сипатталады. Осының барлығы «Бурнооктябрьское-1» (Баркуаб) қалашығы Жуалы және Шу-Талас алқабының ірі сауда, экономикалық, әкімшілік және саяси орталығының әкімшілік және саяси орталығы болғанын растай түседі. Қалашықтағы жүргізіліп жатқан қазба жұмыстары байырғы түркі тайпаларының (қаңлы) және Жуалы, Шу-Талас алқабындағы түріктердің біздің заманымыздағы ІІ ғасырдан, ХІІІ ғасырдағы Моңғол кезеңіне дейінгі материалдық, қалалық мәдениеттің кейбір жақтарын жаңаша қарауға мүмкіндік береді. Мұнда кезінде Ш.Уәлиханов атындағы Археология институтының мамандары Әлкей Марғұлан мен тарих ғылымдарының докторы М.Елеуов те зерттеу жұмыстарын жүргізген. Ал «Бурнооктябрьская-1» (Баркуаб) қалашығын 1893 жылы орыс шығыстанушысы В.В.Бартольд анықтаса, 1940 жылы археолог Пацевичтің жетекшілігімен Жамбыл археологиялық пункті экспедиция жасаған екен. Ал 1978 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспедициясы да зерттеу жүргізіпті. Бүгінгі таңда бұл қалашықтан табылған көне жәдігерлер Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейіне өткізіліп, келушілердің ерекше қызығушылығына ие болып отыр. Мұнда тас дәуірінің белгісі дән өңдегіш астаулар, темір дәуіріндегі май шамның тұғыры, әйелдер таққан моншақтар бар.  Жапон ғалымдары Баркуабтан табылған жәдігерлер бойынша ғылыми-зерттеу жүргізіп, қаланың кемінде 1448 жыл бұрын пайда болғанын анықтап отыр.

Қалашықтың үлкен қарауыл мұнарасы орналасқан жерге 2017 жылы сол кездегі Жуалы ауданының әкімі Бақтияр Көпбосыновтың қолдауымен қазба жұмыстары жүргізіліп, төбесі қоршалған екен. Бір деректер мұнда басқару орталығы болған деседі. Мұнда алты бөлік бар. Барлығы келушілер назарын тарихқа бұра түседі. Кейбір бөліктер екі қабаттан тұрғызылған. Дегенмен қалашық  әлі де зерттеуді қажет етеді. Бұл қалашықты қазуға Жуалы аудандық бюджетінен 2018 жылы – 10, 2019 жылы – 10, 2020 жылы – 6, 2021 жылы 5 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген. Жуалы ауданының әкімі Олжас Қаржауов та бұл мәселеге оң көзімен қарап отырғаны қуантады.

 Қазба жұмыстары тоқтаған жоқ

 Биыл бұл қалашықтың қазба жұмыстарына тағы қаржы бөлінгенін айттық. Жалпы, мұндағы қазба жұмыстарына 4 жылдан бері  Ескендірбек Төрбеков басшылық жасап жүр. Кеше облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы, тарихи құндылықтардың жанашыры Бақтияр Көпбосынов,  кәсіпкер Нұрлан Қанатов, Жуалы ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Фариза Оразымбетова аталған қалашықтың жаңа қазылған бөлігін көріп қайтты. Осындағы қазба жұмыстарына жауапты Ескендірбек Төрбеков жұмыстың нәтижелі екенін айтады. Қазба жұмыстары барысында астыңғы қабатынан 12 метрлік құдық табылған. Бірнеше бидай сақтайтын қамбаның орындары анықталған. Бұл – осыдан 2 мың жылдан астам бұрын қазақтардың астық өсірумен айналысқанын білдіреді. Одан бөлек қазба барысында бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген адамның бас сүйегі табылған.  Сондай-ақ  бұл тарихи орыннан осыдан 1800 жыл  (ХVІІІ ғасыр) уақыт бұрынғы көмір қалдықтары табылыпты. Осының бәрін назарға ала отырып, Е.Төрбеков бұл қалашықтың атауы Битьян болуы да мүмкін деген болжам айтты. Ол біздің дәуірімізден  200 жыл бұрынғы кезеңді қамтуы мүмкін дейді. Тіпті маңайдағы Теріс, Нұрлыкент, Бақалы ауылдары тарихи қалашықтың аумағында орналасуы да кәдік. Әлі зерттейтін мәселе көп мұнда.

Кейінгі үш жылда қалашыққа 3 мың турист келіп, құндылығына мән берген. Атап айтқанда, Ресейден, Атырау, Ақтау, Түркістан облыстарынан, Шымкент, Тараз қалаларынан, өңіріміздің барлық аудандарынан келіп көрушілер өте көп көрінеді. «Біз алғаш  қалашықтың басқару орталығын қалай тапқанымызды айтайын. Осы маңдағы Теріс ауылындағы орта мектепте шағын музей бар.  Сол жерге 2 мың жылдан астам тарихы бар құмыралар қойылыпты. Сол тарихи жәдігерді көрген соң, бірден зерделеу жұмыстарына кірістік. Тіпті қарапайым тұрғындардың аулаларынан әшекейлі тастар, бірнеше ғасырлық ыдыстар табылған жағдай да кездескен. Ақыры зерттеп жүріп, осы төбені анықтап, 2018 жылы қазба жұмыстарын қолға алған едік», – дейді басқарма басшысы Бақтияр Көпбосынов.

Ал Нұрлан Қанатов:  «Тарихи орын өте дәл таңдалған. Мұнда әлі талай жұмыстар жүргізілуі керек. Біреулер ойлайды. Қазба жұмысы 2-3 жылдың шаруасы деп. Олай емес, 30-40 жыл қазылған тарихи орындар бар. Сондықтан бұл тарихи орынға ерекше мән беретін уақыт жетті», – дейді. Бұл жерде зерттеу жүргізу үшін облыстық-бюджеттен дәл осы тарихи қалашықтың қазба жұмыстары және басқа да қажеттіліктері үшін қомақты қаражат бөлу қажет. Себебі аталған қалашықтың маңызы жоғары.

Жібек жолының дамуына ықпал еткен қалашық

 Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы еліміздің кемел келешегіне бағыт беретін, тарихымызды терең талдайтын ең маңызды құжат. Елбасы мақаласында: «Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз. Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз. Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі-неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Сондықтан мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз», – деп атап көрсеткен болатын. Осы мақсатқа орай өңірдегі тарихи орындарға жүргізілетін зерделеу жұмыстарын тоқтатпау аса маңызды болмақ.

Есет Досалы

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support