- Advertisement -

Жаһандық жаңашылдыққа жетелейтін жол

156

- Advertisement -

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы қазақстандықтардың салт-санасы мен дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш десек те болады. Бұл бағдарлама – ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай, жаһандық жаңашылдыққа жетелейтін жол.

Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру, жастардың бойында ұлттық сананы ояту, олардың жүрегіне туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімін ұялату – басты мақсатымыз. Осы бағытта Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында түрлі ақпараттық, көпшілік-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.

Атап айтқанда «Жамбыл облысы: адамдар, оқиғалар, фактілер» және «Тарихы терең, еңбегі ерен өлкелік басылымдар» жобалары аясында өңірлік толықмәтінді электронды дерекқор мен кітапхана қорында жинақталған мерзімді басылымдар қорының электронды нұсқаларын жасау (өлкелік мерзімді басылымдар дерекқоры) жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін дерекқорға газет беттерінде жарияланған түрлі тақырыптардағы 1600-ден аса мақалалардың электронды нұсқасы жинақталды.

Өлкетану басылымдарын цифрландыру облыс тарихы мен экономикасы, өнеркәсібі, тарихи-мәдени ескерткіштері мен мәдени ошақтары, аудандар тарихы, ақын-жазушылар, атақты тұлғалар туралы мақалаларды электронды форматқа көшіруге бағытталған. Сондай-ақ, дерекқор 15 мыңға жуық газеттің электронды нұсқаларымен толықтырылды.

Бүгінде «Рухани жаңғыру» жобасы аясында кітапханаға деген сұранысты арттыру, заманауи нарықта кітапхананың жағымды имиджін қалыптастыру – басты ұстанымымыз. Өңір тұрғындарының бос уақытын тиімді пайдалануына арналған заманауи көпфункционалды ақпарат, білім және мәдениет алаңына айналдыру мақсатында біздің рухани ордамызда бродкастинг залы, коворкинг алаңы, релакс аймағы және цифрландырылған ақпараттық орталық та ашылды.

Бродкастинг залы екі бөлмеден тұрады. Отыз адам сиятын алғашқысы үстелдермен, теледидар, бейнекамера, спикерге арналған микрофонмен жабдықталған. Онда офлайн-онлайн форматта республика, облыс, қала, аудан деңгейіндегі түрлі сала мамандарының қатысуымен іс-шаралар өткізу мүмкіндігі жасалған. Екінші бөлме – қонақжай. Ол еркін пікір алмасу, жүздесу, ой бөлісу аудиториясы болғандықтан, жұмсақ жиһазбен жабдықталған. Коворкинг алаңы коммуникативтік орталық ретінде барлық форматтағы ақпараттық ресурстарды пайдалануда білікті мамандардан консультациялық көмек алуға және интеллектуалдық қарым-қатынас жасауға арналған.

Кітапхананың көпшілік-мәдени жұмыстары ел көңілінен шығып келеді. Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай «Өлең сөздің даңғылы – бар қазақтың Жамбылы» жыр додасы ұйымдастырылды. Оған жергілікті айтыскер ақындар Ғабит Есдәулет, Дидар Апбасов, Шапағат Әбдірұлы, ақындар Нұржан Қадірәлі, Наурызбек Сарша, Жұматай Көксубайұлы, сондай-ақ, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенттері, мектеп оқушылары қатысты. Ал, аудандық кітапханалар қызметкерлері мен тұрақты оқырмандар ZOOM платформасы арқылы онлайн байланысқа қосылып, өз ойларын ортаға салды. 21 ақпан ана тілі күніне орай «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» поэзиялық кеші ұйымдастырылды. Мұнда ана тілімізге арналған жыр жолдары оқылып, онлайн форматта оқырмандар назарына ұсынылды.

Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың туғанына 155 жыл толуына орай «Әлихан Бөкейханов – ұлттық тарихтың зерттеушісі, этнограф» атты саяси бейне-портреттік іс-шара да ұйымдастырылған болатын. Бұдан бөлек, «Тәуелсіздіктің ақ таңы» атты оқырмандар конференциясы өтті.

Өлеңдері поэзия сүйер қауымның жүрегінен жол тапқан ақын Дәурен Берікқажыұлымен «Ақын – елдің ардағы» кездесу кеші өтті. Ұйымдастырушылар ақынның өмірі мен шығармашылығы бойынша ақпарат беріп, одан әрі кеш иесімен әңгіме өрбітті.

Дәурен Берікқажыұлы шығармашылық жолындағы ізденістері, алдағы жоспарларымен бөлісіп, жаңа жыр жинақтарымен қалың оқырманды қуантатынын жеткізді.

Кітапханада Алғыс айту күніне орай «Туған жерге мың алғыс!» бейне-эстафета челленджі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина саласының ардагері, құрметті прфессор, дәрігер-хирург әрі қаламгер Сағындық Ордабеков пен ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, запастағы подполковник Ержан Жәдігерұлының, Түрік ұлтының өкілі Мехмет Ачикоздың құттықтаулары әлеуметтік желі арқылы кітапхана оқырмандарына жеткізілді. Ұлыстың Ұлы күніне де біздің кітапхана қызметкерлері үлкен дайындықпен келді. «Наурыз көже – ұлыс дәмі» атты көже fest ұйымдастырып, кітапхананың тұрақты оқырмандарына арнап, наурыз көже тараттық.

Жастардың әдебиетке деген қызығушылығын оятып, кітап оқуға деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында «Ұлы даланың жеті қыры: уақыт пен кеңістік тоғысындағы ұлт» конференциясы ұйымдастырылды. Кітапхана қызметкерлері «Рухани жаңғыру» офисі ұйымдастырған «Ұлттық киім – ұлт мәдениеті» ұлттық киім кию челленджіне қатысты.

Сонымен қатар «Жүрегім жырла! Дүрсілде бекем…» әдеби экспромты өткізілді. Оған қатысқан белсенді жастар Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың ғашықтық сезімі туралы әңгімелеп, жыр жолдарын оқып, махаббат тақырыбына арналған әндерін шарықтата шырқады.

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Кітап – сарқылмас қазына», кітапханаға «Кітап сыйла» акциясы өтті. Акцияның шымылдығын облыс әкімінің орынбасары Дәулет Жамаубайұлы ашып, құттықтау сөз сөйледі. Ал, ұйымдастырушылар кітапхана қонақтарына алғыс білдіре отырып, сый ретінде «Кітапхананың Құрметті оқырманы» лентасын табыстады. Іс-шарада зиялы қауым өкілдері жастарды кітап оқуға шақыра отырып, аталған акцияның алдағы уақытта да жалғасын тапса деген ниеттерін білдірді.

Тәуелсіз қазақ елінің дамуына үлес қосып, саналы ғұмырын педагогика саласына арнаған жан, қазақ елінің ғылыми және интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыруға, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге көп күш жұмсап жүрген тұлға, 30 шақты кітаптың, 200-ден астам ғылыми-танымдық мақалалардың, бірқатар халықаралық конференцияларда жоғары бағаланған аналитикалық баяндамалардың авторы, Ақтау қаласы мен Маңғыстау облысының Құрметті азаматы Өмірзақ Озғанбаевтың 80 жас мерейтойына орай Жамбыл облысының ардагерлер кеңесі мен Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы бірлесіп, мерейтой иесінің өмірі мен шығармашылық жолын, жаңадан жарыққа шыққан 5 томдық еңбегін кітапхана оқырмандарына таныстыру мақсатында «Тарихқа тағзым» атты 5 томдық жинақтың тұсаукесерін ұйымдастырды.

«Нұрлы Әлем» баспасынан шыққан 5 томдық жинақта «Ресей мемлекеттік Думасы және Қазақстан», «Тарих тағылымы», «Қазақтың шешендігі мен көсемдегі астасқанда», «Жарық жұлдыздар», «Тағзым» тақырыптары қамтылған. 5 томдық жинақтың тұсаукесер рәсімінде кітаптардың лентасы қиылып, қалың оқырманға жол тартты.

Тараз қаласындағы «Желтоқсан-86» орталығында Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы және Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қазақстан: ғасырлар мен мыңжылдықтар тоғысында» жастар форумы ұйымдастырылды. Іс-шараға Тараз мамандандырылған, қалалық техника және бизнес колледждерінің студенттері қатысып, Тәуелсіздік туралы толғаныстарын, жыр жолдарын ұсынды.

Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен Тараз қаласындағы «Төрткүл» керуен сарайында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Кемеңгерліктің 30 жылы: жаңғырған тарих, жаңарған Тараз» кітап инсталяциясын ұйымдастырды. Қала тұрғындары мен жастарды кітап оқуға баулу, тарихи, мәдени және рухани мұраны сақтау, жастарға адамгершілік-патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылған кітап инсталяциясында еліміздің тәуелсіздік алған сәтінен бастап бүгінге дейінгі жүріп өткен жолы туралы кітаптар және тәуелсіздік жылдарында жарыққа шыққан жергілікті 30 автор туындыларының макеттері мен кітаптарының түпнұсқалары ұсынылды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2018 жылдан бері өңір кітапханалары мамандарының кәсіби құзыреттілігін дамыту, кітапхана мен кітапханашы мамандығының позитивті имиджін нығайту, әдеби мұраларды тереңінен насихаттау, өскелең ұрпақтың бойында ұлттық мүддені қорғауға деген игі сезімді оятуға атсалысу, кітапхана мамандарының өзара тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету мақсатында «Өлкелік туризм – кітапхана жұмысының инновациялық түрі ретінде» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба 3 кезеңді қамтиды. Әуелі «Рухани жаңғыру: жаңа әлеуметтік-мәдени жағдайда оқырмандарға қызмет көрсету» тақырыбында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйелерінің күндері, «Ауылдық кітапхана – жергілікті қоғамдастық орталығы» тақырыбымен ауылдық кітапханалар күндері өтті.

Қазіргі таңда Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының аудан орталықтарындағы күндері өтуде. Кітапханашылар мүмкіндік болып, сәт туған кезде қызықты іс-шаралар өткізіп, тәжірибе алмасу процесін еш тоқтатқан жоқ.

Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және «Өлкелік туризм – кітапхана жұмысының инновациялық түрі ретінде» жобасы аясында Тараз қаласында еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген алғысының символикалық белгісі ретінде «Қазақ халқына мың алғыс» монументінің алаңында «Сөзден күмбез тұрғызған Тараздың тарлан тұлғалары» әдеби күмбез кешін ұйымдастырды. Әдеби күмбез кешінде Жамбыл өңірінен түлеп ұшқан талант иелері композитор, жазушы, публицист, музыкатанушы Ілия Жақановтың әсем әндері шырқалып, ақын Айша Көпжасарова, Күләш Ахметова, Серік Томановтың жүректен шыққан жыр жолдары жатқа оқылды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында кітап көрмесі ұйымдастырылып, қала тұрғындарына таныстырылды.

Сонымен қатар, ақынның мерейтойына Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының және Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен кітапханада өткен Серік Томановты еске алу кеші де арналды.

Кітапхана сайтында арнайы «Оқу» бөлімінде «Әдеби әлем» айдары ашылған. Осы айдар арқылы көрсетілген жергілікті ақын-жазушылардың шығармалар тізіміне енгізілген әрбір шығарманы жүктеу арқылы еркін онлайн оқу мүмкіндігі жасалған. Аталған бөлімде 52 автордың 132 шығармалары орналастырылған. 2020 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан осы «Онлайн-кітапхана» жобасы аясында кітапхананың әлеуметтік желідегі парақшаларында белгілі тұлғалар, қоғам қайраткерлері, түрлі салада қызмет жасайтын мемлекеттік қызметкерлер мен белсенді жастар, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, өнер майталмандарымен онлайн сұхбаттар ұйымдастыру дәстүрге айналды.

Мысалы, облыс әкімдігінің туризм басқармасының бөлім басшысы Жомарт Жайнақұлымен «Туризмді дамыту – тарихымызды таныту» тақырыбында онлайн сұхбат өтті. Сұхбат барысында Жомарт Жайнақұлы облыстағы туризм саласының беталысы, инфрақұрылымды дамытудағы басым бағыттары, туризмнің түрлері, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша баяндама жасап, аймақтық туризмнің өркениетті түрде дамып келе жатқандығын жеткізді.

Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз орталығының жетекшісі Бибігүл Шахзадақызымен «Бір ел – бір тарих» тақырыбында онлайн сұхбат ұйымдастырылды.

Кітапхана қызметкерлері А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында қонақта болып, театр директоры, актер, композитор, «Мәдениет саласының үздігі» Мәлік Ақүрпековпен «Мәдениет айнасы» тақырыбында онлайн сұхбат өткізді. Онлайн сұхбат барысында Мәлік Дүйсебайұлы театрдың тарихына қысқаша тоқталып, өнер ордасының тыныс-тіршілігімен таныстырды. Санаулы сағаттарда-ақ көз алдымыздан сырғып өтетін спектакльдің дайындық жұмыстары, сахналық костюмдердің безендірілуі, образдарды алдын ала пысықтау сынды ішкі жұмыстардың жүйесін жете түсіндіріп, киелі өнер шаңырағына келген алғашқы жылдарын еске алды.

Ұлттық өнерді дәріптеуші, қайсар ана, кәсіпкер, «Жасау Тараз» орталығының иесі Анар Бексұлтановамен «Қайсар ғұмыр, ғажап талант» онлайн кездесу кешін ұйымдастырдық. Кездесу барысында Анар Сағынтайқызы ұядан көрген тәрбиесінің арқасында ұлттық өнерді бойына сіңіріп, өзі үлгі боп отырған қыздарына да бұл кәсіп дарығандығын жеткізді.

Жаңалық жаршысына айналған облыстық «Aq jol» газетінің жұмысымен кеңінен таныстыру мақсатында басылымның бас редакторы Оралхан Дәуітпен «Жаңалық жаршысы – «Aq jol» атты онлайн сұхбаты өтті. Сұхбат барысында Оралхан Әбдірашұлы қарашаңыраққа айналған «Aq jol» газетінің құрылу тарихына тоқталып, журналистік әлемге қадам басқан алғашқы жылдарының естелігімен бөлісті. Журналистикамен қатар ол өзінің шығармашылығынан хабардар ете отырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Сонымен қатар басқа да көптеген азаматтармен онлайн кездесулер өткізілді.

Рухани жаңғыру – адамның ішкі жан дүниесінің жаңғыруы, санасы, түсінігі жаңа өзгерістерді саралап, дұрыс қабылдай білуінде. Бұл бағытта атқарылып жатқан біздің кітапхананың да жұмыстары аз емес, алдағы уақытқа жоспарлаған тірліктер де жеткілікті. Бірлік бар жерде тірлік бар, даму бар. Ал, ел болашағы, ұлт болашағы жас өскелең ұрпақтың қолында екені даусыз. Осы орайда барлық кітапханашыларға аса жауапты қадам әрине, бірлесе отырып, ел болашағы мен бүгінгісін жалғар жас ұрпақтың бәсекеге барынша қабілетті болып тәрбиелену процессіне тікелей атсалысу.

Алдағы уақытта біздің кітапхана ұжымы өзінің сапалы жұмыстарын жалғастыра беретін болды.

Эльмира АБДИНОВА,

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support