- Advertisement -

Сүтке су қоссаң, компьютер бірден белгі береді

78

- Advertisement -

Тәуелсіздігіміздің отыз жылында елдің дамуына өзіндік елеулі үлесін қосып келе жатқан шаруашылықтар аз емес. Соның бірі – «Қақпатас-Қордай» ЖШС. Мал шаруашылығы саласын дамытуға ден қойған серіктестікті бүгінде Дүйсехан Қошалиев басқарып отыр.

– Ұжымда еңбек ететін азаматтар жай ғана жұмысшылар емес, олар өте тәжірибелі мамандар. Кез келген шаруаны ақылдасып, бірлесе шешіп отырамыз. Бұл біздің ең басты ерекшелігіміз, – дейді агроқұрылым басшысы.

Сріктестік басшысы айтқандай, «Қақпатас — Қордайдың» тауарлы — сүт фермасында еңбек етіп жүрген сауыншылар, малшылар, лаборантт ар және өзге де қызметкерлер өз ісіне жауапты мамандар. Оларға төленетін еңбекақы да жоғары. Фермада қызметкерлер жұмыстан кейін тынығып, жаңалықтарымен бөлісіп, ертеңгі күнге жоспар құратын арнайы демалыс бөлмесі де бар. Қысқасы, жұмысшыларға мұнда барлық жағдай жасалған десек, артық айтқандық болмас.

Ферма маңында өсірілген гүлдер, жайқалған ағаштар мен айналаның абаттандырылуы көрген жанды бей-жай қалдырмайды. Сүт бағыты болған соң мұнда тазалық мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Сауын сиырлар тұратын еңселі ғимараттың іші, сауын аппараттарының тазалығы мұнтаздай. Бұл ферманың өзгелерден тағы бір ерекшелігі – барлық жұмыс толықтай автоматтандырылғаны. Мәселен, шведтік компания жасап шығарған «DeLaval» аппараты – серіктестіктің басты мақтанышы. Бұл сауын аппаратының көмегімен әр сиырдан алынған сүттің көлемі, оның сапасы мен майлылығы арнайы монитор арқылы бақыланады. Тіпті, сүттің температурасы мен майлылығын да білуге болады. Сондай-ақ сауын аппараттары сиырлардың денсаулығы жайында бірден ақпарат бере алады. Сүт құрамында қандай да бір өзгеріс байқалған жағдайда компьютер бірден белгі беріп, мамандар ол сиырды өзге орынға ауыстырып, емдік шаралар жүргізіле бастайды. Жалпы заманауи сауын аппараты істі айтарлықтай жеңілдете түскен. Тіпті қидың өзі автоматты түрде арнайы лента арқылы сыртқа шығарылатыны да таңғалдырмай қоймайды. Бұл құрал-жабдықтардың уақыт пен орынды үнемдеуде таптырмас көмекші екеніне серіктестік мамандарының көзі жеткен. Осы аппараттардың көмегімен сауыншылар бір мезетте 24 сиырды сауып отыр. Күніне екі рет сауылған сүттің көлемі арнайы тақтайшадан көрсетіліп, компьютерге енгізіледі. Ал сауылған сүт бұзылмас үшін бірден тоңазытқыштарға жөнелтіледі.

Фермада арнайы сүт жүретін жүйе, өнімді салқындататын танкер орнатылған. «DeLaval» компаниясы сауыншыларға арнайы, фартуктер де шығарыпты. Бір сөзбен айтқанда, мұнда барлығы сүт өндірісі талабына сай жасақталған. Әр жұмысшының өзі жеке орындайтын міндеті бар, сол міндеттің мінсіз болуына әрдайым жауапты. Сондықтан мал азығын талапқа сай дайындап беру, тазалық жұмысына аса ден қою әрдайым уақытылы әрі сапалы орындалады.

«Қақпатас-Қордай» түрлі мемлекеттік бағдарламалардың белсенді қатысушысы. Бұл сүт пен ет экспортын арттыруға, асыл тұқымды мал басын көбейтуге, жем-шөп базасын кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр.

– Мүйізді ірі қара мен ұсақ мал санын көбейту шаруашылық үшін ет пен сүт өнімін молайтуға мол мүмкіндік береді. Қазір бізде «Алатау» және «Швиц» тұқымды мүйізді ірі қаралар бар. Олар өнімділігі жағынан өзге мал тұқымына қарағанда көш ілгері. Сол себепті аталмыш асыл тұқымды мал басын арттыруға күш саламыз, – дейді ферма қызметкері Әнуар.

Мұнда сүтке зертханалық талдау жасалып, малға вакцина салу, профилактикалық тексерулер үнемі жүргізіліп тұрады.

Әр сиырдың, әр малдың күйін жақсы білеміз. Олар да сылап- сипағанды, мақтағанды ұнатады. Ал жаңа туған бұзауларға бізде ерекше жағдай жасалған. Жүз сиырдан жүз бұзауды жыл сайын ешқандай шығынсыз аламыз. Жас бұзауларға майы алынбаған сапалы сүт беріледі. Кейінірек жем-шөпті араластырып береміз», – дейді сауыншылар.

Қазір серіктестікте қысқа мал азығын дайындау жұмысы жалғасуда. Жоңышқа мен табиғи шабындықтар шабылып, орам ретінде арнайы орындарға жиналған. 2200 гектар алқаптан жиналған шөптің көлемі көңілден шығады. Мал азығының құнарын арттыру мақсатында пішендеме де дайындалуда. Сонымен бірге сүт пен ет өнімін ұлғайту мақсатында күзде сүрлем бастырылмақ.

Жандос ОМАРОВ,

журналист.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support