- Advertisement -

Жұрт «QAZ VAC»-ты салғызуға неге құлықсыз?

217

- Advertisement -

Әлеуметтік желі арқылы ағайын арасындағы «байланыс» нығайған кез ғой қазір. Танысыңа өзің куә болған бір жайтты айтып үлгірмей жатып, мына жақтан жақын жұрғаттарың әлгі әңгімені өзіңе басқаша түрлендіріп жеткізгенін аңғармай да қаласың. Ақпараттар ағыны толассыз. Қазір тіпті бір күннің басты жаңалығы деп айдар тағып айта алмайтын болдық. Сағат сайын сан алуаны желдей еседі. Желілерде де құбылтып жазады да жатады. Әсіресе, коронавирусқа қарсы екпе төңірегіндегісі. Ел аузына қақпақ қоя алмайсың. Ресми дерек басқаша «сөйлеп» тұрса да, жұрт ішіндегі әңгіме бөлек. Тіпті, екпе алған күні індет жұқтырып, іле-шала жағдайы күрт нашарлап көз жұмған жағдайлар да жоқ емес. Ауылдағылардың айтып жүргендері де еріксіз үрейге бой алдыратындай оқиғалар. Енді ше, «бір апта бұрын вакцина салғызған көршісі екі күн көрінбей кетіп еді, көшеден жүрек талмасы ұстап, өліп қалған жерінен тауып алыпты» деген сынды әңгімелер қанша батыр болсаң да, қарадай жаныңды қалтыратып жібереді емес пе?! Ал оның мән-жайын зерделеп, жұртқа түсіндіріп жатқан құзырлы органдар жоқ. Осыдан кейін ел екпеден «жерімегенде» қайтсін?!

«Спутник V»-дің статистикасы сенімсіздік туғызады

            Елімізде жаппай вакцинациялау басталғалы бері 6 ай өтсе де, екпе төңірегінде ел арасында гу-гу қауесет басылар емес. Бұған негізгі себеп – вакцинацияның толық курсынан өткендердің де коронавирус жұқтырып, ауырып жатқаны. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетованың өзі вакцинадан кейін коронавируспен ауырып қалғандардың бар екенін жоққа шығармайды.

– Бүгінге дейін вакциналаудан өткендердің ішінде коронавируспен ауырғандарының саны 4 765-ке жетті. Бұл жалпы вакцина алғандардың 0,09 пайызы ғана. Ал екпенің бірінші компонентін алғаннан кейін індет жұқтырғандары – 2 384. Олар екінші дозасын алып үлгермеген. Дегенмен, ондай адамдар үш айдан кейін вакцинаның екінші компонентін салдыра алады, — деді Айжан Есмағамбетова.

Бұл – бір апта бұрынғы статистика. Комитет жүргізген зерделеудің нәтижесіне сүйенсек, екпе алып, ауырғандардың 4 мыңнан астамы ресейлік «Спутник V» вакцинасын таңдағандар екен. Дәйекті нақтылай түссек,  бірінші компонентінен кейін –  2048, екіншісін салғызған соң 2 101 жағдай тіркелген. Вакцинадан кейін де індеттен қорғана алмағандардың 500-ге жуығы –  Hayat-Vax, 50-ден астамы – CoronaVac, 86-сы – QazVac-ты қабылдапты.

Мұндай деректер біздің өңірде де тіркелген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің сөзіне сүйенсек, облыста вакцина алғаннан кейін 90-ға жуық тұрғын коронавирус жұқтырған. Оның басым көпшілігі – ресейлік екпені салғызғандар. Hayat-Vax, CoronaVac, QazVac екпесін таңдағандардың арасында да ауырып қалған бірен-саран жағдай кездесіпті.

– Біз екпеден кейін ауырып қалғандардың жай-күйін зерделеп, арнайы талдау жасадық. Індет жұқтырғандардың көбісі бірінші компонентті алған соң ауырғандар. Екінші дозаны салғызған соң сырқаттанған жағдайлар да жоқ емес. Өйткені, бұл кезеңде иммунитет әлі толық қалыптасып үлгірмейді. Ал науқастардың басым көпшілігі – «екпе алдым», деп сақтанбай, коронавируспен ауырғандармен байланысты болғандар. Осыған қарай қазір вакцинациялаудың талабы өзгерді. Мысалы екпенің бірінші компонентінен кейін ауырып қалғандарды, айталық жеңіл түрін өткерсе – 3, ауыр түрінен кейін 6 айдан кейін тексеріп, қалыптасқан иммунитет деңгейіне қарай қайта екпе салу туралы шешім қабылданды, — дейді облыстың Бас дәрігері Әсет Әскерұлы.

Қай вакцинаға сұраныс көп?

            Сандарды сөйлетсек те, мамандардың пікіріне құлақ түрсек те, ресейлік «Спутник V» вакцинасынан кейін ауырғандар көп болып тұр. Бұл жағдай енді екпе алуға бел буғандардың өзін сансыратып тастады. Көпшілігінің сұрайтыны – қытайлық Hayat-Vax вакцинасы. Осы екпені салғызғандар басқасына қарағанда, жеңілдеу деседі. Бірақ, қазір біздің өңірде Hayat-Vax-тың бірінші компоненті мүлдем қалмады. Екінші дозасын қабылдап үлгермегендерге арналған 2015 дозасы ғана бар.

Hayat-Vax вакцинасы Біріккен Араб Әмірліктерінің Рас-Аль-Хайма қаласындағы «Жулпар» фармацевтикалық өндірісінде шығарылады. Әмірліктің Денсаулық сақтау және алдын алу министрлігі оны былтыр 9 желтоқсанында тіркеген. Ал екпе Қытайда 30 желтоқсанда тіркелді. Бірақ, екпені Қытайдан басқа елде, БАӘ-де өндіруге мақұлданды. «Hayat-Vax»-тың 50 миллионнан аса дозасы әлемнің 34 мемлекетіне қолдануға жіберілген. Алайда біздің өңірге әзірге бұл вакцинаның жаңа партиясы әкелінген жоқ.

Жалпы басқа елді қайдам, Қазақстанда вакцинаның қытайлық түрлеріне сұраныс жоғары болып тұр. Оған мына статистиканың өзі дәлел. Мәселен, қазіргі уақытта біздің өңірде қорда қалған екпелер; «Спутник V»-дің 1 компонентінің – 26605, екіншісінің 89711 дозасы бар. «QazVac»-тың 1 айналымына – 3495, екіншісіне – 4506, «CoronaVac»-тың 1 дозадан тұратын 2602 ампуласы сақтаулы. Міне, осыған қарап-ақ қай вакцинаға сұраныс көп болып тұрғанын бағамдауға болатын секілді. «Спутник V» сенімсіздік туғызды делік, ал отандық екпе ше?! Жұрт неге «QazVac»-ты салғызуға құлықсыз?

Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария QazVac вакцинасының келесі партиясын шығару осы айға жоспарланғанын айтады. «Жалпы Қордайда Гвардейский әскери қалашығында орналасқан Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының аумағында салынып жатқан биофармацептикалық зауыт пайдалануға берілгенде оның қуаты жылына жылына 30-60 миллион доза вакцина өндіруге мүмкіндік береді», — дейді ол. Алайда, алғашқы партияның өзіне сұраныс болмай тұрса, осынша өнімді қайда өткерер екенбіз?

Рас, елімізде, әсіресе, Жамбыл жерінде тиісті өндірістік тәжірибенің халықаралық GMP  стандарттарына сәйкес иммунды биологиялық препараттарды шығаратын зауыттың болғаны жақсы-ақ. Онда бүкіл әлемді әбігерге салған коронавирус індетіне қарсы вакцина өндірілетіні де – үлкен жаңалық. Әйтсе де, көпшіліктің отандық екпеге деген көзқарасы ойландырады.

Жалпы ел азаматтарының екпе жасарда көпшілік Hayat-Vax пен CoronaVac-ты көбірек таңдайтынын айтып өттік. Ал отандық вакцинаға сұраныс аз секілді. Ендеше екпені өндірген соң оған сұраныс бола ма? Біз осы сұрақты институттың бас директоры Күнсұлу Закарияға қойдық.

– Hayat-Vax пен CoronaVac-ты және отандық QazVac вакциналары инактивтелген биопрепараттар қатарына жатады. Әр вакциананың өзіндік ерекшеліктері бар. Отандық вакцина 2 рет өндіріліп, жалпы 175 000 дозасы қазақстандықтарды КВИ-на қарсы егуде қолданылды. Қазіргі кезде 3-партиясын өндіріп қолданысқа береміз деп отырмыз. Әзірше, отандық QazVac вакцинасын қабылдағандардың арасынан жағымсыз әсерлер анықталмады, болашақта өндірілетін отандық вакцинаның көлемі мен қолданушылдардың саны артқан сайын отандық вакцинаға деген сұраныс артады деп сенеміз, — деді ол.

Ғалым коронавирусқа қарсы екпе тұмауға қарсы екпе секілді маусымдық вакцинаға айналатынын айтты. «Келе-келе коронавирустық инфекцияға қарсы екпе де тұмауға қарсы салынатын маусымдық вакцина сияқты жылда алынатын екпе қатарына өтеді. Оны екпе ретінде қабылдау адам ағзасындағы вирусқа қарсы тұратын антиденелердің деңгейіне байланысты. Өзіңіз білесіз иммунитеті төмен адам қандай да бір жұқпалы аурумен ауруға бейім келеді. Сондықтан антидене деңгейін тексеру арқылы екпе қабылдауды қайталап отырғанды жөн деп санаймыз», — деп өз тұжырымын алға тартты.

Орайы келіп тұрған соң, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директорынан елдің екпеге деген сенімсіздігін айтып, неліктен вакцина саларда азаматтардың ковидпен ауырмағанын тексерілмейтінін сұрадық. Себебі көпшілікті ағзадағы антиденелер мөлшерін анықтап алып, екпені неге содан кейін салмайды деген сауал толғандыратынын байқадық. Осындай қадам жасаса, препараттан кейінгі ауырсынулар жеңілдеу болар ма еді?! Бәлкім екпеден кейін ауырғандар сол сәтте ауырып тұрған  болуы да мүмкін ғой.

Күнсұлу Закария бұл тұжырымдаманы құптады. «Вакцина қабылдарда адам ағзасында антиденелер бар ма жоқ па, немесе сол аурудың белгісі анықталған ба, осыларды медицина қызметкерлері анықтағаннан кейін коронавирусқа қарсы вакцинаны қабылдағаны дұрыс. Тағы бір, айта кететін жайт, кез келген вакцина сол аурудан қорғайтынына 100 пайыздық кепілдік берілмейді, сондықтан да вакцина қабылдаушы қосымша медициналық санитариялық шараларды сақтап жүруі тиіс. Ауруды жұқтырудың көзі болып саналатын көпшілік жиналған жерге бармау керек. Санитариялық-гигиеналық талаптарды бұлжытпай орындаған жөн. Ең бастысы дер кезінде дәрігерлік көмекке жүгіну қажет», — дейді ол.

Тобықтай түйін: Қалай десек те, алдымен екпеге деген ел сенімін нығайту қажет. Онсыз күдік пен күмән сейілмейді. Коронавирусқа қарсы екпе салу ерікті түрде болған соң, еріксіздікке итермелейтін талаптарды да қайта бір қарап шыққан артықтық етпейді. Бойларын үрей мен қорқыныш билеген жұрттың басар тау, барар жерін тарылта берсе, әлеуметтік көңіл-күйге кері әсер етуі мүмкін. Вакцинаның тиімділігіне көз жеткізген соң, көпшілік екпені салғызуға өздері де мүдделі болады емес пе?! Себебі бұл өзі маусымдық екпелер қатарына енуі де мүмкін!

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support