- Advertisement -

«Таңғы сағат 4 пен 6-ның арасында көлікпен жолға шықпа…»

72

- Advertisement -

Жақында өзім құрмет тұтатын жақын ағам маған мынандай бір ақыл айтты…

«Ешқашан да таңғы сағат 4 пен 6-ның арасында көлікпен жолға шықпа. Көп жүргізушілер түнімен тынығып, тура осы уақытта жолға шығып кеткенді жөн көреді. Бірақ, сен демалып алғанмен түнімен жол жүріп келе жатқан басқа бір көлік жүргізушісі қалғып кетіп, сені барып соғуы мүмкін. Таңғы сағат 4 пен 6-ның арасы түнімен көлік рулінде болған жүргізушілердің кейбірі қалай қалғып кеткенін өзі де сезбей қалатын уақыт. Жол-көлік оқиғалары көбінесе осы уақытта орын алады… Сондықтан абайла…»

Әрине, жол-көлік оқиғасын ешкім әдейі жасамайды. Қазір көліктердің бәрі асығыс. Бір-бірінен озғысы келеді. Бір-біріне жол бергісі келмейді. Діттеген жеріне көзді ашып жұмғанша жеткісі келеді. Осы асығыстық кейде оңбай опық жегізетіні бар. Жол-көлік оқиғалары шынында көбінесе таңға жуық орын алады деген әңгімені бұрыннан естіп жүрміз. Осы сәтте ұйқы дұшпан өз дегенін жасауға тырысады.

Дегенмен, жақында арнайы мамандар жолкөлік оқиғасы қай уақытта және қандай ауа райы кезінде жиі орын алатынын зерттеп көріпті.

Нақтырақ айтсақ, Freedom Finance Insurance сақтандыру компаниясының мамандары ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметтерін сараптап шыққан. Енді сол зерттеу қорытындысына көз жүгіртіп шықсақ.

Мамандардың айтуына қарағанда COVID-19 пандемиясына байланысты карантин жарияланған 2020 жылы жол-көлік оқиғасы 19 пайызға төмендеген. Әрине, бұған карантин кезінде көліктердің жүруіне шектеу қойылғаны әсер еткені анық.

Енді нақты мәліметтерге сүйенсек, жолкөлік оқиғалары негізінен күндіз орын алады екен.

Мысалыға, өткен 2020 жылы еліміз бойынша 7891 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Көлік апаты Алматы қаласында жиі орын алса, Солтүстік Қазақстан облысында ең аз дерек тіркеліпті. Негізінен көлік зақымданған кішігірім жол-көлік оқиғалары түстен кейін – сағат 16:00 мен 19:00-дің арасында орын алады екен. Ал жаяу жүргіншілер үшін ең қауіпті уақыт сағат 10:00 мен 14:00-дің арасы. Дәл осы уақытта қалаларда көлік кептелісі пайда болатындықтан жүргізушілер жылдамдықты асырып, жол ережелерін бұзады.

Ал ымырт түсе бере болған көлік апаты басқа уақытқа қарағанда үш есе аз екен.

Өткен жылы дәл осы уақытта 2535 апат орын алған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 28 пайызға аз деген сөз. Бірақ Нұр-Сұлтан қаласы мен Қызылорда облысында бұл көрсеткіш керісінше 47 және 28 пайызға өскен. Ымырт түсе бере болған жол-көлік оқиғаларының көбісі Алматы қаласы мен Жамбыл облысында тіркеліпті. Алматыда – 754, Жамбылда – 287 оқиға орын алған. Оның алдыңғы жылдары бұл көрсеткіш бойынша Алматы қаласы мен Алматы облысы алда болатын. Қазір Алматы облысы кейін шегініп, оның орнын Жамбыл облысы басты. Және өткен жылы Маңғыстау облысында ымырт түсе бірде-бір көлік апаты орын алмапты. Алдыңғы жылы ғана бұл облыста осы көрсеткіш 41 болатын.

Енді бір қызығы, жолкөлік оқиғалары ең аз орын алатын уақытол түн мезгілі екен.

Мысалы, 2020 жылы 1421 көлік апаты күн батқан соң тіркелген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 46 пайызға аз деген сөз. Яғни, карантин кезінде түнгі мезгілде болған жол-көлік оқиғалары екі есеге төмендеген. Бірақ, кейбір жекелеген облыстарда, нақтырақ айтсақ, Атырау, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында бұл көрсеткіш 5-6 пайызға көтеріліп кеткен.

Ал осы уақыт ішінде түнде қай өңірде көлік апаты көбірек болды?

Бұл көрсеткіш бойынша тағы да Алматы қаласы мен Жамбыл облысы алдыңғы орындарды еншілепті. 2020 жылы Алматыда – 390, ал, Жамбылда 118 көлік апаты түнгі мезгілде орын алған. Алдыңғы жылы да бұл көрсеткіш бойынша Алматы қаласы (569) мен Алматы облысы (686) көш бастаған болса, өткен жылдан бері Жамбыл облысы Алматыны кейінге ысырып, алдыға шыққан. Түн ішінде болған көлік апаттары дерегінің ең азы Шымкентте (33) тіркелген.

Енді қандай ауа райы кезінде көлік апаты жиі орын алады?

Әрине, бұл сұраққа бірден жаңбыр, қар, тұман кезінде деп жауап беретініміз анық. Бірақ, елімізде көлік апаты көбінесе күн шайдай ашық кезде орын алған. Яғни, 2020 жылы 10 736 оқиға тіркеліпті. Бұл бойынша тағы да Алматы қаласы алдыңғы орында тұр. Оңтүстік астанада өткен жылы 2983 жол-көлік оқиғасы орын алған. Ең соңында – Солтүстік Қазақстан (146) облысы.

Содан кейін күн бұлтты кезде жолкөлік оқиғасы жиі орын алады.

2020 жылы аспанды бұлт торлап тұрған кезде 511 оқиға тіркелген. Оның алдыңғы жылында бұл көрсеткіш 994 болатын. Ауа райының осындай кезінде ең аз көлік апаты Ақтөбе облысында (77) орын алcа, Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысында бірде-бір дерек тіркелмепті.

Үшінші орындажерде қар жатқан кезде орын алған жолкөлік апаттары тұр.

2020 жылы қар бар кезде 375 көлік оқиғасы орын алған. Ең көп дерек Алматы қаласында тіркелсе, Шымкент бұл жағынан тап-таза, бұл қалада қардың кесірінен бірде-бір көлік оқиғасы тіркелмепті.

Өткен жылы жаңбыр жауып тұрған кезде еліміз бойынша 289 жолкөлік оқиғасы тіркелген.

Оның алдыңғы жылында бұл көрсеткіш – 1072 болатын. 2020 жылы да бұл көрсеткіш бойынша  Алматы қаласы (128) алда тұр. Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласында бірде-бір дерек тіркелмеген.

Өткен жылы көлік апаттарының ең төмен көрсеткіші тұман кезінде тіркеліпті.

45 жол-көлік оқиғасы. Ең жоғарғы көрсеткіш (7) – Қарағанды облысының еншісінде. Тұман кезінде Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Маңғыстау облысында ешқандай көлік апаты болмаған. Яғни, бірде-бір дерек тіркелмепті. 2018 жылы бұл жағынан Жамбыл облысы алдыңғы орында тұрған болатын.

Енді 2021 жылдың бес айында Қазақстанда 4,7 мың жолкөлік оқиғасы тіркелген.

Бұл 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,2 пайызға көп деген сөз. Және тағы бір өкініштісі, осы жылдың үш айындағы мәліметтерге қарағанда елімізде жол-көлік оқиғасынан болған адам өлімінің көрсеткіші де 12 пайызға өскен. Осы уақыт ішінде 363 адам жол үстінде көз жұмған. Міне, сол кезде мәжіліс депутаты Сергей Решетников жол апатынан қаза болғандардың саны коронавирустан қайтыс болғандардың санымен бірдей келе жатыр деп дабыл қаққан болатын. Яғни, жол апаты да вирус сияқты. Бұл да бір жағынан жалмап барады…

Әңгімеміздің басы жол-көлік оқиғасы түнгі мезгілде көп орын алады деген болжаммен басталып еді.

Бірақ, статистикалық мәліметтер басқаша сөйлеп отыр. Көлік апаттары күндіз және күн шайдай ашық кезде көбірек орын алады екен. Осыдан-ақ, жол-көлік апаттарына негізінен ымырт әлде қараңғы түн немесе ауа райының қолайсыздығы емес, жүргізушінің жеке қателігі көбірек себеп болатынын байқаймыз.

Алайда түн ішінде орын аған жол-көлік апаттарынан болған адам өлімі дерегі көбейген.

Яғни, түнде болған көлік апаттарының көбісі адам өлімімен аяқталған. Міне, түн осынысымен де қорқынышты. Шамасы, түн жарымда жолда көлік сирейтіндіктен жүргізушілер жылдамдықты барынша үдететін болса керек. Сондықтан көлік жүргізушісі жолға шыққанда бір Аллаға сыйынып, үнемі сақ болғаны жөн. Ауа райын кінәлай салу оңай, бірақ, ең алдымен жүргізуші өзіне сенімді болуы тиіс.

Шәмші ҚАЛДЫБАЙ.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support