- Advertisement -

Дәрігерлер династиясы

117

- Advertisement -

Бұл әулетте дәрігерлік атадан балаға мирас болып келеді. Тұңғышхан Тұрғынбаев пен Клара Саяхқызын да осы қастерлі мамандық табыстырған болатын. Алматы мемлекеттік медицина институтында тағдырлары тоғысып, оқуды бірге тəмамдап, қол ұстасып Шуға келген қос дəрігердің дәл осы салада еңбек етіп жатқандарына да міне, қырық жылға жуықтаған. Жарты ғасырға жуық уақытта олардың халыққа қаншама шарапаты тиді десеңізші.

Тұңғышхан Мұхамеджанұлы Шу қалалық ауруханасының хирург-дәрігері болып қызмет атқарады. Небір шұғыл жағдайда талай адамдарды ажал аузынан алып қалған Алтын қолды дәрігер деп таниды жұрт оны. Т.Тұрғынбаевтың Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен және «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен және «ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталғаны – дәрігердің жылдар бойы төккен терінің жемісі болса керек.

Ал  Клара Саяхқызы – «Стоматолог» емдеу орталығындағы 50-ге жуық қызметкерге үлгілі басшы болып, өз міндетін ұзақ жылдар бойына абыроймен атқарып жүрген жоғары дәрежелі тіс дәрігері. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, мақалаға арқау еткен қос дəрігердің тəрбиесін көрген балалары Айза мен Ілияс та дәрігерлік мамандықты таңдапты. Екеуі де бүгінде осынау қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандықты меңгеріп, бір кісідей үлесін қосып келеді. Қыздары Айза Қазақ ұлттық медицина университетін үздік бітіріп, қазіргі кезде анасының жолын қуып, Шудағы «Стомотолог» емдеу орталығында тіс дәрігері болып қызмет етуде. Ал, ұлдары Ілияс жоғары дәрежелі уролог-дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты. Ол бүгінде Шығыс Қазақстан облысындағы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары қызметін абыроймен атқарып,  осы саладағы кәсіби шеберлігін арттыруға барын салуда. Бұл отбасының тағы бір қыздары Малика О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебін үздік бітіріп, қазіргі таңда Мәскеу қаласындағы әйгілі Ресей мемлекеттік кинематография университетінің студенті атаныпты.

Тұрғынбаевтардың немерелері  де дəрігер болуды армандап, əулет туын жықпауды ойлайды екен. Аудандағы ең үлгілі отбасылардың бірі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысып, үздіктердің қатарынан табылған. Қорыта айтқанда, бұл отбасының әрбір мүшесі өз саласында айтулы жетістіктерге жетіп жүрген кәсіби мамандар. Сондықтан да ауданымыздағы үлгілі отбасылардың бірі ретінде таңдалуы да кездейсоқтық емес.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН,

Шу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support