- Advertisement -

Серена Уильямсты тоқтатты

75

- Advertisement -

Қазақстанның бірінші ракеткасы үлкен дулығалы жарыстардың бірі саналатын «Ролан Гаррос» додасында ел күтпеген керемет сенсация жасады. Иә, Елена Рыбакина әйгілі америкалық теннисші Серена Уильямсты екі сетте жеңді. Бір сағат жиырма минутқа жалғасқан текетіресте қазақстандық теннисші 6:3, 7:5 есебімен екі сетте қарсыласынан айласын асырып, жанкүйерлердің мерейін тасытты.

Экс ресейлік теннисші қыздың бұл ғажап жеңісі ресейліктерді де біраз ойға шомдырғаны анық. Тіпті «Рыбакинаның Қазақстан атынан сынға түсуі – біз үшін үлкен қателік», – дегендер де табылып жатты. Пікірімен бөліскендердің қатарында Ресей теннис федерациясының вице-президенті Алексей Селиваненко да бар. Оның сөзінен де өкініштің табы айқын аңғарылатын секілді.

«Шынын айтқан кезде бұл Ресей үшін үлкен жоғалту болғаны айдай ақиқат. Елена Рыбакинаның болашағы зор екендігіне ешқандай күмәніміз жоқ. Ол әйелдер теннисіндегі ең үздік спортшылардың қатарынан көрінетіндігіне кәміл сенемін. Тіпті болмағанда мықтылардың санатында жүретіндігі анық. Алайда Елена Қазақстан құрамасының намысын қорғаса, ол енді спортшының жеке шаруасы. Бұл бір клубтан екінші клубқа ауысу процесі емес. Елена бір мезетте өзі үшін осындай шешім қабылдағанды жөн деп тапты. Сондықтан оған біз ешқандай әңгіме айта алмаймыз», – деді Алексей Селиваненко өз ойын қорытып. Селиваненкодан өзге де көптеген белгілі мамандар Рыбакинаның Қазақстан намысын қорғауы Ресей үшін үлкен сын екенін айтып жатты. Жанкүйерлер де бұл пікірді қоштай жөнелді.

Жалпы Елена Рыбакинаға дейін бірде-бір қазақстандық теннисші қыз аты аңызға айналған әлем үздігі Серена Уильямсты жарыс жолынан ығыстыра алмаған болатын. Жаһанның шын мықтысын додадан ысырып тастағанға дейін ол туралы ресейлік мамандар да айтарлықтай әңгіме қозғамаған еді. Олар спортшыдан мұндай мықтылықты күтпеген де шығар. Бір анығы, кортта барлық шеберлігін көрсетіп жүрген Елена Рыбакинаның болашақта мықты теннисші ретінде жарқырай түсетіні сөзсіз. Сол кезде Ресей тарапы өз қыздарына «құда» түсіп жүрмесе дейміз.

Табиғат Абаилдаев.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support