- Advertisement -

Тараз — адамзат тарихының ең қастерлі тәбәрігі

122

- Advertisement -

Байтақ еліміздің әрбір өңірінің бай тарихы бар.

Біз үшін туған өлкеміздің әр тасы қымбат, көнеден көкжиек тартқан тылсым жазбалары таптырмас қазына.
Сан ғасырлық рухани жәдігерлер күретамыр өміріміздің ең өрнекті жаухарлары ретінде жылдар жылжып өткен сайын жүректе жаңғыра түседі. Бұл дамыған,өркениетті елдерге тән дәстүрлі жолдың үзілмес мағынасын айқындай түседі.

Қазақ елінің тәуелсіздік жылдары құнарлы топырақтан жаратылған,қасиеті мен киелі мол құндылықтарды қастерлей білген,бақ-берекелі дәулетін бағалай алған жұрттың жасампаздық биігін танытқанын айтуымыз керек,Ұлы Дала елінің бақытын орнатқанын мақтаныш етуіміз-адалдық көңілдің мерейлі көрінісі деуіміз керек.
Елордамыз-Нұр-Сұлтаннан бастау алатын игі істердің өңірлерде еншілес бастамалармен одан әрі өрбуі өте құптарлық идеялардың жарқын үлгісіне айналды.

Нұр-Сұлтан-жаңа заманның озық сәулетін сүзгіден өткізгендей ғажайып қала,баршамызды еңселі де ерен ерекшеліктерімен таңғалдырса,ертегідей есінен шықпаса,аяулы Алматы заңғар болмысымен, табиғаты керемет айшықтарымен нұрланса,ер түріктің бесігі Түркістан қаласы шын мәнінде ата-баба арманын оралтқан түркі елдерінің рухани орталығына айналу ғасыры тіптен ғаламат емес пе?!
Ұлылардың атамекенінің әр күні ұлағатты өмірдің жақсылық-жаңалықтармен жалғасқанын жан-жүрегімізбен қалаймыз.

Ел ішінде елең еткізген мағыналы оқиғаларға құлақ тұрып, қоғамдық қуаныштарға ортақтасып отыру да ағайынның қамқорлық пейілінен қуат алады. Әнеукүні Тараз қаласында этно-мәдени және тарихи кешеннің екінші кезеңінің аяқталып,көне орданың өз тарихи даму жолдарын жаңғыртқан сәулелі-туристік ғимараттары жайында ақпарат жазбалары үсті-үстіне жазылды. Фотосуреттері мен күндіз-түні сұлу бейнелі әсері көңіл толқытып,ой тереңдегіне сүңгітіп,тарих қойнауына жетелей түсті.

Елбасы биік мінберден » Тараз- тарихымыздың темірқазығы» деп атаған болатын. Тарихи бағалаудың төрінен танылған еді.

Ұлы Жібек жолы бойындағы атақоныс-Тараз өзінің 2000 жылдық тойын егеменді елдің аталы жұртына лайықты деңгейінде атап өтті.

Екі мың жыл жасаған Тараздың баянын ауыл арасында шектеп қоя алмаспыз, екі ғасыр мерзім адамзат қауымының саналы дәуірінің тең жартысын қамтитын ұлан-ғайыр уақыт мұхиты. Оған бір құлаш сермеп,шамалы жүзіп шыға алмайсың. Бар айдынын ендеп,бір тереңіне бойлай алмайсың. Талайғы Таразды,ғұлама қаламгер,асқан ойшыл суреткер Әбіш Кекілбайұлының осы шежірелі қала жайында жазған кітабында «Ол кер талайды біз де еңсере алған жоқпыз»деп ақылды пейілмен келтіргеніндей,әлем білген қала тарихы әлі талай ұрпақ зерттеп,ой қазынасын ортаға салатыны анық.

Орта ғасырдағы Тараз қаласы тарихын зерттеп, бағалы еңбектер көптеп жазылса да археологиялық қазба жұмыстарының қорытындылары қилы заман,қиын тарихтың кезеңдерінен сыр суырпақтатып,көмбеде немесе архивтерде шаң басқан жұмбақтарды аршып алуға жол сілтейді.

Тараздың көне тастарына уақыттың өзі жазып кеткен тылсым жазулары бар. Ғылым әлемінде «Талас жазулары»деген ғылыми диссертатциялар қорғалған. Белгілі түрколог -ғалым А.Аманжоловтар ғана оқи алатын арғы бабалар жазуында қандай сыр,өміршең өсиеттер бар екенін бүгінгі ұрпақ біле ме?

Біздің қарастырып,айтар әңгіменің қалай бұрыла бастағанын аңғарып та қалмаппыз. Өңкей жақсыны теріп айтқанның өзінде өзектес жағдайларды еске салудың сипатын ұмытпауға тиіспіз.

Тараз тарихына қатысты ғылыми зерттеулер мен тұңғиықты тануға талпынған мақалалар әр жылдары жарық көргенінен хабардармыз. Жиырмасыншы ғасырдың өн бойында,Масловтардан Байпақовқа дейінгі аралықта бірқатар академик-археологтар,»Ежелгі Тараз» тарихи ескерткіштер музей-қорығы дирекциясының қызметкерлері,басқа да тарихшы ғалымдар мен өлкетанушылар,журналистер,осы қаланың зерттеу материалдарын жете біліп,танысқан Т.Молдақынов мен Қ.Дәурембеков,сондай-ақ жерге түскен көне түймені көтеріп алатын белгілі мәдениеттанушы Ә.Әмзеұлы және басқа да жанашыр азаматтардың белсенді қызметін де атап айтқан жөн.

Тарихи қаланың тегін тану жолында барлық сүбелі материалдарды жинақтап,жарыққа шығару жұмысы қолға алынған. Ағылшын тілінде де бір жинақ қысқаша анықтамалық болып оқырмандарға жол тартты деуге келіңкіремейді.Бұл кітаптардың барлығы кітапханаларға таратылып берілген. Облыс әкімдігінің қолдауымен шыққан танымдық-зерттулердің хабаршысы болған дүниелер еді. Біздіңше,әлемдік кеңістікте танылу мақсатымен Тараз секілді көне тарихы бай қазақ қалаларының ең ежелгі тарихы мен адам таңғаларлықтай құрыш құймасын тіктеген,көркем безендірілген арнайы кітабын қазақ,орыс,ағылшын және қытай тілдерінде шығаратын уақыт келді. Бұл қажетті мәселеге Мәдениет министрлігі тиісінше назар аударып,қолға алса,дұрыс болар еді.

Тараз қаласы тұрғындары өз тарихында Қазақ хандығының ту тіккен өңірінде өмір сүріп,бұл ұмытылмас ұлы оқиғаның 550 жылдығын Тәуелсіз Қазақстанның тұғырында бүкіл халық болып,Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен атап өткенін де ерекше тарихи кезеңге балап,жоғары бағалайды.

Біз де сол кеудеге қуаныш ұялатқан,бақытты еліміздің ұрпақтары мақтан етіп әрі ел ертеңіне азаматтық жауапкершілік пен тұтас бірліктің міндеттері қанаттандырған сәтті ұдайы есте сақтап,көзбен,көңілмен оқылатын ой үстіндеміз.

Тараз жазбалары және қазақтың көне қаласы жайында айтылған,аузы дуалы адамдардың ой-пікірлерінің өзі ақылды кітапқа арқау болады.Әйгілі Әбіш ағамыз өзінің «Талайғы Тараз» кітабында «Әлгінге дейін аман тұрған Тараз-адамзат тарихының ең қастерлі тәбәрігі. Ол бар жерде талай кер еске түседі. Талай нәрсе ойға оралады. Тек ұлттық болмысымыздың ғана емес,адамдық болмысымыздың да қыр-сырына қаныға түсеміз. Сондықтан да Тараз-ежелгі тарихтың әліге дейін аман жүрген ең қарт ұстазы»деп тебірене және төгілтіп жазған еді.
Бұл құнды туындыны көрнекті қаламгер,ірі мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбайұлы қаланың 2000 жылдық тойына арнайы жазып,тарту еткенінің өзі бекер емес қой. Той алдындағы толғауында Талас өзенінің бойында тұрған Тараз қаласының атауына байланысты терең әрі қызықты талдауларының өзі неге тұрады?! Ежелден Фирдоусидің және атақты шайырлардың жырларына да арқау болған,біздің дәуірімізге дейін бірінші ғасырдағы Қытай жазбаларында,көне жылнамаларда кездесетін Тараз қаласының тарихын тани түсіп,әлемдік өркениеттің құндылықтарынан сусындау -төл тарихымызды құрметтеу.

Жаңарған Қазақстанның бүгінгі тарихы мен даму жолы адамзаттық құндылықтарымыздың мәртебесін асқақтатып,ел игілігін молайту,адамдардың өмір сүру сапасын одан әрі жақсартуға бағытталған.
Әлемдік абырой биігінен танылған берекелі ел болдық.

Қасиетті Әулиеата-Жамбыл өңірі еңбексүйгіш,дарқан пейілді,мейірімді,қайсар мінезді және парасатты адамдарымен,қайраткер перзенттерімен даңқты.

Туған еліміздің бай тарихында,қазыналы қазақ мәдениетінде өз орны бар Тараз қаласының ел тәуелсіздігі жылдарында құлпырып,көркем дәстүрімен,ұлттық болмысымен өркендеуінен көп тағлым алудамыз. Мемлекеттің қамқорлығы мен қолдауының арқасында Ежелгі қаланың бүгінгі керемет келбеттері мен оң өзгерістері оның кіреберісіндегі әдемі өзіндік өрнектері бар ,еңселі қақпасынан бастап,тарихи-танымдық бесікте ән сөзіндей естіледі.

Тотыдай таранған Таразым!..

Көне Тараз көрмесі! Тектұрмас ғажайыптары! Барлық игілік адамдар қолымен жасалып,жаңаруда.

Ақ батамен алға басқан елдік қадамдар құт болсын!

Мейрамбек Төлепберген,

Мәжіліс депутаты, ”Nur Otan” партиясы депутаттық Фракциясының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support