- Advertisement -

Бақытты балалық шақ

94

- Advertisement -

Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен шаһардағы саябақтарда сан түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Олардың басым көпшілігі Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткізілді. Атап айтқанда, Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында ұйымдастырылған «Біздің балалық шақтың жазушылары» атты кітап көрмесінің өтуіне Ғани Мұратбаев атындағы Тараз қалалық кітапханасының ұжымы мұрындық болды. Аталған кітапхананың меңгерушісі Жаңагүл Ахумбекованың  айтуынша, көрмеге балаларға арналған ертегі кітаптар, халық ауыз әдебиетінің үлгілері, балалар тақырыбына жазатын Жаңагүл Қалжанованың «Үй жануарлары», «Құстар» атты еңбектері, Ермек Өтетілеуұлының «Ойыншықтар әліппесі», Мирас Кесебаевтың «Жылдам оқы» жинағы, «Жыл он екі ай» журналы қойылыпты. Бұл күні әлем классиктерінің шығармалары да ұмыт қалмағаны қуантты. Мәселен, көрмеге қойылған Мейзи Хитчинс, Холли Вебб, Марк Твеннің кітаптары да жас оқырмандардың назарын аударатыны анық.

Аталмыш саябаққа жиналған жұртшылық Тараз қаласындағы «Аспара» мәнерлік өндіріс және бизнес колледжінің оқытушылары мен студенттерінің қолынан шыққан қолөнер бұйымдары, киізден жасалған киімдер, қазақы нақыштағы көптеген өнер туындыларын да қызыға тамашалап жатты. Тігінші, дизайнер Руслан Молдабаев мұндай көрменің балаларға берер әсері мол екенін айтады. Тараз қаласы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған спорттық іс-шараларға да тұрғындар ерекше атсалысты. Әсіресе ләңгі тебуден өткен жарыста Ғалымжан Орманов барлық қарсыласынан айласын асырып, өзінің шын мықты екенін дәлелдесе, асық ату сынында Ерлан Дастан мен Нұрали Тілеумұрат жеңістің ең биік тұғырынан көріне білді. Арқан тарту бәсекесі де аса қызықты, тартысты жағдайда өткенін де айта кеткен жөн. Осылайша, бұл күні ұлттық спорт түрлері де ұлықталып жатты.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағында «Балалар дауысы» атты концерттік бағдарлама, «Біз бақытты баламыз» атты сурет салу байқауы ұйымдастырылды. Мұнда да тараздық оқушылар байқауға белсенді түрде қатысып, мәре-сәре күй кешіп, қуанышқа бөленді. «Төрткүл» кешенінде өткізілген  «Бақытты балалық шақ!» концерттік бағдарламасы, «Көне Тараз» тарихи этномәдени кешенінің амфитеатрында ұйымдастырылған «Балалар – біздің бақытымыз» атты концерт көпшіліктің көңіліне шаттық сезімін сыйлады. Арбаттағы музыкалық кештің де бүлдіршін балалардың көңілін көтергені ақиқат. Аталған іс-шаралар тараздық балаларға және қала қонақтарына тамаша демалыс, жоғары көңіл-күй сыйлағанын да айта кеткен жөн. Қысқасы, Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткізілген барлық іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылғанымен есте қалды. Бұл күні бүлдіршіндердің жүзінен шаттықтың табы айқын сезіліп тұрды.

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support