- Advertisement -

Жамбыл жауһарларын жаһанға қалай танытуға болады?

279

- Advertisement -

Әлемдік экономикада туризмнің алатын орны ерекше. Дүниежүзілік туризм ұйымының дерегі бойынша әлемдегі жалпы ұлттық өнімнің оннан бір бөлігін беріп, халықаралық инвестицияның 11 пайыздан астамын ұстап, әрбір тоғызыншы жұмыс орнын осы сала қамтамасыз ететін көрінеді. Туризмнен түскен табыс мұнай өнімдері және автомобиль экспорты табысынан кейін тұрақты түрде үшінші орында келеді. Қазақстанның әлемдік туристік рынокта өзінің лайықты орнын табуға бірегей мүмкіндігі болса, оның ішінде облысымыз да туристерді бірден-бір қызықтыратын, ежелгі ескерткіштері мол, туризмді дамытуда үлкен мүмкіндіктері бар өңір. Бүгінде әлемде қалыптасқан жағдай туризм индустриясына өзінің түзетулерін енгізді. Жұқпалы індеттің таралуына байланысты туристік ағындарға қойылған шектеулер ішкі туризмді дамытуға жол ашқанымен алыс-жақын шетелге де Жамбыл жауһарларын таныстыру карантиндік шектеулер алынған соң күн тәртібінен түспеуі тиіс.

Облыс әкімдігі туризм басқармасының мәліметінше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен «Жамбыл облысында туризм саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған стратегиялық жоспары әзірленіп, басқарманың атқаратын негізгі мақсаттары мен міндеттері айқындалған. Саланы дамыту үшін ең бірінші инфрақұрылымды жақсарту қажет. Стратегиялық жоспардың бірінші бағыты осы инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған. Екінші міндет – жаңа нысандардың құрылысын жандандыруға инвесторлар тарту жұмыстарын жүргізу. Ал үшінші қолға алатын шаруа – туризм саласындағы жарнамалық-имидждік саясатты жүзеге асыру, облыстың туристік брендін республикалық және халықаралық деңгейде танымал ету.

– Ежелгі де, жаңарған Тараз қаласы аумағында 3441 тарихи-мәдени ескерткіш орналасса, оның 25-і республикалық, 3416-сы жергілікті маңызы бар ескерткіштер. Бес археологиялық ескерткіш ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Мұнымен қоса, облыс аумағында 200- ден астам ежелгі қалашық бар. Облыстың негізгі туристік нысандарын қамтитын 45 жаңа бағыт әзірленіп, туристік өнімдердің саны 115-ке жетті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тапсырған тағы бір міндет – облыс аумағында орналасқан 3001 тарихи-мәдени ескерткіштерге жерге орналастыру мемлекеттік актілерін рәсімдеу шараларын қабылдау бойынша бірқатар атқарылған жұмыстар нәтижесінде 28 нысан бойынша мемлекеттік актілер рәсімделді. Жамбылда – 1, Жуалыда – 5, Т.Рысқұлов ауданында – 1, Мойынқұмда – 7, Қордайда – 8 және Тараз қаласында 6 нысан. Көне жәдігерлердің жерге орналастыру мемлекеттік актісін рәсімдеу алгоритмі облыстың он ауданы мен Тараз қаласында да әзірленетін болады. Облыс аумағында орналасқан туристік нысандар саны 2019 жылы 37 болса, былтыр 65-ке ұлғайды, – дейді облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Жалғас Мұртаза.

Б а с қ а р м а б а с ш ы л ы ғ ы н а ж а ң а д а н тағайындалған ол жергілікті азамат, облыстық әкімдікте жауапты қызмет атқарған, Тараз қаласының іргесіндегі көне жәдігерлер молынан шоғырланған Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары болғандықтан да туризм саласын жетік білетінін аңғардық. Тіпті былтырғы туристік нысандарды түгендеу жұмысынан да хабардар етіп, бүгінде облыс аумағында 180 қонақ үй, 434 тамақтану орны, 48 туристік ұйым, 11 балаларды сауықтыру лагері, 7 шипажай, 15 демалыс орны, 78 қолөнершілер мен 25 көлік субъектісінен де хабардар етті.

Статистикалық мәлімет бойынша былтыр облысқа 62080 турист келсе, оның 1050-і шетелден, 61030 азамат еліміздің басқа да өңірлерінен мәдени-тарихи орындарды, көне жәдігерлерді тамашалауға атбасын бұрыпты. Төтенше жағдай жарияланып, айлар бойы жалғасқан карантиндік шектеулер кезінде мұнша адамның өңір жәдігерлерін тамашалауға келгені көңіл қуантады. Алыс-жақын шетелден болсын, кең байтақ қазақ елінің қай қиырынан болсын Таразға табаны тиген туристің қай-қайсы болса да көрген-білгенін ағайын-туыс, жақындарына, еңбек ұжымына, дос-жарандарына жырдай қылып айтады. Таразға осылай тамсанудан барып, туризмге жарқын жол ашылады. Ол үшін не істеу керек? Облыс орталығына шетелдік немесе еліміздің басқа да аймақтарынан келетін қолайлы жағдай жасау күн тәртібінен түспеуі тиіс. Жоғарыда атап көрсеткен стратегиялық жоспардың бірінші бағыты туризм инфрақұрылымын дамытуға бағытталғанын айттық.

Қай жылы еді, бар-жоғы отыз километрдей болатын «Ақыртас» сарай кешеніне барамыз деп апандай болып ойылған жолдан ішек-қарнымыз араласып кеткендей күй кешкенбіз. Темір болса да мінген көлігімізге «обал» болды. Жарты сағатқа жетпей зулап барар жолды екі сағаттай жүріп әрең өткеніміз бар. Былтыр осы жол 355 миллион теңгеге жөнделіпті. «Тау самалы» балалар сауықтыру орталығы 180 миллион, «Әулие бастау» емдік бұлағы 32 миллион теңгеге жөнделген. Айтпақшы, өткен жылы инвестордың жеке қаражаты есебінен «Тау қымыз» емдеу-сауықтыру орталығы 160 миллион теңгеге және «Қаралма» тау-шаңғы кешеніне баратын автожол құрылысы 730 миллион теңгеге жүргізілген. Шу ауданы аумағына орналасқан ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енген «Баласағұн» қалашығына дейін автожол құрылысының жобалық-сметалық құжаты 4 миллион теңгеге әзірленіп, биыл қолданысқа беріледі деген мәліметті де көзіміз шалды.

Алыс-жақын шетелден немесе ішкі туризм аясында саяхаттап келетін қонақтардың барлығы бірдей көктен, ұшақтан түспейді. Пойызбен немесе көлікпен келетіндер де аз емес екенін ескерсек, облыс аумағына кіргеннен әрбір темір жол стансаларындағы бекеттердің келбетіне де мән берген жөн. Пойызбен Таразға кіргеннен бей-берекет тасталатын күл-қоқыс пен құрылыс қалдықтары көзге қораш көрінеді. Өркениетті елдерден немесе қазақ елінің көркіне көз тоймайтын өңірлерінің бірінен Таразға алғаш рет келе жатқан қонақтар «Сан ғасырлық Таразың осы ма?» деп алып ұшқан көңілдері бірден су сепкендей басылуы мүмкін. Автокөлікпен шыққан қонақтардың тағы бір бөлігі республикалық маңызы бар жолмен келеді. Осы жол бойына 64 сервистік нысан орналасқан. Оның 36-сы Қазақстан Республикасының Ұлттық стандартының талаптарына сәйкес келсе, 28 нысан бойынша сәйкестендіру жұмыстары жалғасып жатса керек. Облыс аумағынан 495 километр «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық жолы өтеді. Осы халықаралық көлік дәлізі бойынан 9 сервистік нысан құрылысын жүргізу жоспарланыпты. Былтыр желтоқсан айының соңына таман Тараз қаласынан 33 километр жерде еларалық жол бойындағы Байзақ ауданы Жаңатұрмыс ауылдық округінің аумағында құрылысын «PrfraRefaiI» ЖШС жүргізген жол сервис нысаны пайдалануға берілген. Бүгінде Қордай ауданының Сарыбұлақ ауылдық округінің және Меркі ауданының Ақтоған ауылы маңында жол сервис нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Жоғарыда сөз болған «Ақыртас» сарай кешенінде ауызсу мәселесі күні бүгінге дейін шешілмей келеді. Ондағы 50 орындық мәжіліс залы, 12 орындық қонақ үй және асхана ауызсудың жоқтығынан тоқтап тұр. «Көне Тараз» археологиялық паркі аумағында санитарлық тораптар ұмыт қалған. Ондағы құрылыс жұмыстары да сын көтермейді.

Туристік нысандарға жеткізетін автомобиль жолдарының сапасының төмендігі де ел көріп, жер тануға келген талай туристің алдында жүзіңді төмен қаратады. Әсіресе ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрағаттар тізіміне енген «Қостөбе», «Құлан», «Баласағұн» қалашықтарына, тарихи- археологиялық «Баркуаб» қалашығына жол салу, музеефикациялау, қоршау орнату және қорғауды қамтамасыз ету мәселесі де шешілмеген. Облыстық туристік нысандар тізіміне енгізілген аудан аумақтарындағы нысандардың жағдайының төмендігі, әсіресе санитарлық жағдайдың еш сын көтермейтіндігінен ол жерге сырттан келген қонақтарды апарудың өзі ұят. Тіпті әжетхана болмаған соң, абаттандыру жұмыстарын айтпай- ақ қойсақ деймін. Жол бойындағы сервистік кешендердің қызмет көрсетуі және санитарлық жағдайының жоқтығы да алаңдатарлық мәселе.

Сырттан келген туристерге шежірелі де, тарихи орыннан жан-жақты мағлұмат беретін кәсіби маман дайындау да өзекті мәселенің бірі. Ол мемлекеттік тілмен қатар, ресми және халықаралық ағылшын тілін де жетік білуі керек. Білімділігімен бірге, сөйлеу мәдениеті де талғампаз туристердің көңілінен шығып жатса дейсің. Сырттан келушілердің не нәрсеге болсын қызығушылығы басым болатынын ескерсек, олардың қандай да бір сұрағына нақты жауап беріп, атам заманнан бүгінге жеткен жәдігердің тарихын «жаңғақша шағып», жер-су атауларының атынан мүдірмеуі керек. Әлбетте, Жамбыл жауһарларын шетелдіктерге, өзіміздің қазақстандықтарға болсын таныстыруда облыс тарихынан сыр шертіп, тәуелсіздік жылдары қол жеткен толағай табыстардан да хабар етіп жатса, өндірісі мен ауыл шаруашылығы қатар дамыған Әулиеата өңірін зерделеріне құйып, жан-жақты біліп кетеді. Облыс әкімдігі мен туризм және қонақжайлық саласына мамандар даярлайтын жоғары оқу орындары арасында туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қоюы сырттан келетін қонақтарға өскен өңір туралы жан-жақты хабардар ететін осындай кәсіби мамандарға зәруліктен туған шығар. Биылдың өзінде Тараз өңірлік университеті мен Жамбыл политехникалық колледжінде 44 студент туризм мамандығын алады. Ол мамандарға жүктелер жауапкершілік жеңіл болмаса керек.

Амангелді Әбіл

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support