- Advertisement -

Құлбазарға кім назар аударады?

167

- Advertisement -

Құлбазар. Құлаққа түрпідей тиетін сөз. Бірақ ақиқатпен астасқан анықтама. Адамды таңдайсың, ақысын төлейсің.  Еңбегіне қарай есептесесің. Кәдімгі базар. Бірақ бұл үшін ешкімді кінәлай алмайсың. Өйткені  тағдыр жолы қандай тосын сый тосып тұрғаны беймәлім. Белгілісі, бұл – өмір сабақтары.  Сонымен, құлбазардағы қарекет қандай?

Бір күнде жүзден  аса адам жиналады

Тараз қаласындағы әл-Фараби және Қаратай Тұрысов атындағы көшелердің қиылысынан өтетін адамдардың  осы тұстағы қаумалаған қауымды аңғармауы әсте мүмкін емес. Бұл көпшілік «Биржа» деп ат қойып, айдар таққан орын. Осында таңның атысы, кештің батысы қазақтың жігіттері қаздай тізіліп, жүйткіген «темір тұлпарларға» телміре қарап отырады. Тоқтаған көлік болса, тұра ұмтылады. Сырт көзге ерсі көрінеді, әрине. Бірақ бұл нәпақаға бастайтын қадам. Осы орайда тақырыпты тарқата түсу үшін мен де қатарға қосылып, «әріптестеріммен» әңгіме-дүкен құруға көштім.

Байқағаным, мұндағы тіршілік таңғы сағат 08.00-ден кейін басталады. Өйткені қала маңайында егістікпен айналысатын шаруалар осы уақыттарда өздеріне  қолғабыс ететін адамдарды бірге ала кететін көрінеді. Таңертең келетіндердің көбі сондай жұмыстарға жұмылады.  Бірақ күн салқын болғандықтан ба,  тапсырыс берушілер де, оларға ерушілер де көзге шалына қоймады. Әр-әр жерде екі-үш адамнан топтасып тұр. Менің жаңадан келгенімді байқады-ау деймін, өзін Мамытбек (кейіпкердің есімі өзгертілді)  деп таныстырған азамат сөзге тарта бастады. Бізге де керегі осы.

– Бұрын байқамаппын. Жаңадан келгенсің-ау?

– Иә, бүгін бірінші рет келіп тұрмын. Жұмыс болса деген ниет қой.

– Қолыңнан не келеді? «Штукатурка» істей аласың ба?

– Майда-шүйде жұмыстың бәрін істей береміз ғой.

– Ондай болмайды. Әлде, «Подсобник» боласың ба? Мынау неменеге сұрай береді деме. Қазір «заказ» түсіп жатса, бірге тартам ғой. Соған қолынан іс келетін жігіттер болса деп жатырмын. Бұл жерде небір мықты жігіттер жүр.  Әттең, жалқау. Арзан ақшаға істегісі келмейді. Әкесінің құнын сұрайды. Кім төлейді оны?

–Бір жағынан еңбекті бағалаған да дұрыс емес пе?

– Дұрысы дұрыс қой. Бірақ ақша табуға келген соң, бар жұмысты істей беру керек. Бізде босқа отыратындар көп. Мен саған айтайын, осы жерге күнде жүз адам жиналады. Ертең «сезон» басталғанда 200-300 адамға дейін жетеді.

– Қазір адам көбейсе, бізге жұмыс табылмай қалмай ма?

– Жұмыс табылады, бауырым. Бірақ жалғыз тұрғаннан ештеңе өнбейді. Ең кемі екі-үш адам болып «бригадаға» бірігу керек. Сол ғой сұрап жатқаным. Мысалы, менің өз «бригадам» бар. Ағам, інім, досым, бәріміз бірге атқарамыз жұмысты. Олар да қазір келіп қалуы керек. Егер қаласаң, бізге қосыл, – деген Мамытбекпен әңгімеміз қыза түсті.

Үш перзентімен үйсіз жүр

Мамытбек аузын ашса, жүрегі көрінетін ақпейіл азамат екен. Жасы қырық беске таяпты. Тараз қаласында тұрып жатқанына 25 жылға жуықтаған. Сарысу ауданында орта мектепті тәмамдаған соң ары қарай оқымаған. Бүгінде үш перзент тәрбиелеп отырған жайы бар.

– Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау оңай соққан жоқ. Сол тұста күнкөріс қамымен Тараз қаласына көшіп келдік. Содан осы жерге орнығып, тірлік етіп жатырмыз. Әйтеуір, қолымыздан аз-маз іс келеді. Біреудің жүгін тасып, біреудің малын сойып беремін. Бірақ мамандық болмаған соң, тұрақты жұмыс табу қиын. Барлық жерде таныс керек. Қазір қосымша темір жол бекеті жақтағы моншада  «ауысыммен» күзетші болып еңбек етіп жүрмін. Бір күн жұмыс істеп,  екі күн демаламын. Сол демалысымда осы жерге келіп, қосымша табыс табуға тырысамын. Өйтпесең, болмайды. Пәтерақы мен несие қос бүйірден қысып тұр,-деген Мамытбек жанарын әлдебір нүктеге қадап, терең ойға шомды.

– Ата-анам өмірден ерте кетті. Өз күнімізді өзіміз көруге тура келді. Бауырларым да мен сияқты бұйырған нәсібін теріп жүр. Маңдайымызға жазылғаны осы шығар. Бірақ балаларың өскен сайын қиын болады екен. Мені бұл жерден көргілері келмейді. Намыстанады. Ал енді үйде жатсақ, бізді біреу асырай ма? Ешкім де асырамайды. Өзің талпынуың керек! Мен қай жерде жұмыс істесем де, «Биржаға» соқпасам, көңілім көншімей тұрады. Өйткені бұл жер маған ыстық. Күтіп отырсаң, әйтеуір бір «клиент» болса да табылады. Мына келіп жатқан адамдардың бәрі де сондай үмітпен отыр. Оның үстіне бәрі  бір-бірімен аралас-құралас болып кеткен.  «Биржа» сонысымен де қызық, – деді Мамытбек.

Әңгімелесіп тұрғанымыз сол еді, «Гаухартас» мейрамханасының маңайына тоқтаған көлікті бір қауым жұрт қоршап алды. Алды алпысты алқымдап қалған. Жалындап тұрған жастар да жетерлік арасында. Біз де жетіп бардық.  Тепсе темір үзетін жігіттер есікке жармасып, бір-бірімен ерегісе жөнелді. Үлкенді сыйлау деген атымен жоқ. Керісінше, кедергі жасап, килігіп бағуда.  Салонда ұялы телефонмен  сөйлесіп отырған жүргізуші  бірдеңені түсіндіргендей болады. Мұндағылар тоқтар емес.

– Братан, не жұмыс бар? Айта бер.

– Бұл менің өз бауырым ғой. Маған келіп тұр.

– Кеттік, кеттік. Заттарым дайын.

– Тұра тұрсаңдаршы, бірінші біліп алайық та не жұмыс екенін. Сендерде өзі үлкенді сыйлау деген бар ма?

– Қандай жұмыс болса да, сапалы істейміз ғой. Ақысын берсе болды емес пе, – деп шуылдасып жатыр.

Ашуға булыққан көлік иесі сыртқа шықты да айғайға басты. «Ей, мен бір кісіні күтіп тұрмын. Естерің дұрыс па? Есікті сындырып жібере жаздадыңдар ғой» деп зірк-зірк етеді. «Ашуланба, енді. Қайдан білейік?» дегенімізше, көлігін құйғыта жөнелді.  Біз де «өй» деп қолымызды  сермеген күйі орнымызға қайта жайғастық.

Көше бойында  карта соғады

Байқап тұрмын, қатарымыз толыға  бастады. Дорбаларын  асынған жігіттер бір-бірін бұрыннан білетін болғандықтан, бірден қауқылдаса кетті. Арасында  көше жаққа көз қиықтарын тастап қояды.  Біздің де жаңадан қосылғанымызды байқап, «Кімнің танысы?» дегендей сыңай танытты. «Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше» дегендей, көп ұзамай-ақ ортақ тіл табысып кеттік. Сол-ақ екен, шаңды  бұрқырата қасымызға  бір «ГАЗель» көлігі келіп тоқтады. Жігіттер жапатармағай сол жаққа жүгірді. Баруынан қайтуы тез болды көбінің. Сөйтсек, «ГАЗель»-ге тиелген 36 қап цементті дәл осы жерде екінші көлікке ауыстыру керек екен. Еңбекақы ретінде 4 мың теңге ұсынып тұр. Жігіттер өзара күбірлесіп, бағаны көтеруге барын салуда: «Арзан беріп тұр», «Сәл күтейік, қазір көтереді», «36 қап цемент оңай емес қой, қоссын да тағы»… Дегенмен келіскендер де табылды. Қалғанымыз солардың қарекетіне қарап тұрдық.

Ерінбей еңбек етті. Адалынан ақшасын алды. Өкініштісі, сол жігіттер түс болмай жатып, карта ойынын бастап кеп жіберді. Сөйтсек, «Құлбазарда» жүргендердің көбі құмар ойынына бүйрегін бұрып тұрады екен. Әсіресе тиыннан тиын құрап,  «Тринга»-ның көркін қыздырады. Таң ертеңмен дірдек қағып, табанынан таусылып тұрғандар да топтың ортасынан табылды. Тіпті, жан-жағына қарауға шамасы жоқ.

– Сіз карта ойнамайсыз ба, – дедім оңашалау тұрған бір кісіге.

– Ойнаймын. Бірақ бүгін ақша керек болып тұр. Бұл пәлеге бір кірсең болды, кешке бірақ шығасың. Қазір мына жігіттер бастады. Осымен бірі шығып, бірі қосылып, ойын біраз уақытқа  дейін созылады. Сол үшін өзімді әзер ұстап тұрмын. Жұмыс болса, кету керек бұл жерден, – деді ол. Таныса келе есімінің Бекжан екенін білдім. «Биржаның» байырғы тұрғындарының бірі екен.

Сөзінің жаны бар. Карта ойнау – уақыт өткізудің амалы. Әйтпесе, солардың құмар ойынынан  қыруар пайдаға кенеліп жатқаны шамалы. Керісінше, қаншама табыстан қағылуда. Ал көше бойындағы осы бір келеңсіз көрініс сол маңдағы мектептерге баратын оқушыларға да кері әсерін тигізбей қоймайтыны сөзсіз.

«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол»

Бекжан әңгіме арасында қызықты оқиғасын айтып берді. «Биржада» жүріп, Ресейден бірақ шығыпты.

– «Пәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» деген сияқты болды. Алдыңғы жылы осы жерде бірге жұмыс істеп жүрген танысым Ресейден жақсы «объем» бар екенін айтты. Содан жұмыс берушінің өкілімен кездесіп, сөйлестік. Сөздері тура сияқты болды. Солтүстік Қазақстан облысының аумағы арқылы көршілес мемлекетке жол тарттық. Түмен облысында балабақша құрылысына атсалыстық. Шыны керек, мол ақшаны айтқан соң, «істей аламын» деп өтірікті шындай етіп қосып жібергенмін ғой. Барсақ, құрылысты қадағалаушылары қатал болып шықты. Жұмысымыздың да шикілігі көп. Арматураларымыз бір-бірімен қабыспайды. Іргетасымыз қисық. Ақыр аяғында жолға ақша тауып, әзер дегенде қашып құтылдық, – дейді Бекжан.

Бекжан мол  табысты көксеп,  сыртқа сабылудың қажеті жоқ екенін айтады. Шын іздесе, «Екі қолға бір күрек» Тараздан да табылады.

– Көктем келді. Енді қауырт тірлік басталады. Өткенде «клиенттердің» аулаларын, қора-қопсыларын тазалау жұмыстарын жүргіздік. Енді атыз дайындау жұмыстары қыза түседі.  Күн салқын болып тұр ғой. Әйтпесе, тапсырыс көп болады. Одан бөлек құрылыс жұмыстарының да жанданатын сәті таяу. Ең бастысы ерінбеу керек, – дейді Бекжан.

Әйелдердің де өз «бригадасы» бар

Бүгінде «Биржада» ер адамдармен қатар қыз-келіншектер де топтасып тұратын болған.  Әйелдер көбінесе үй тазалығы, ішкі әрлеу жұмыстарына тапсырыс алады. Біз пікірлескен Сәбира есімді келіншек жақын жердегі «Салтанат» ықшам ауданында тұрады екен.  Көпбалалы ана.

– Күнделікті жұмысымыз осы. Таңғы шайымызды ішкен соң, «Ал енді бүгін қандай «клиент» жолығар екен?» деп осы жаққа аяңдаймыз. Қасымдағы қыз-келіншектер де шетінен пысық. Бізге көбіне үй шаруасына қатысты тапсырыстар түсіп жатады.  Бөлмелерді әктеп, аулаларды реттеп береміз. Соған сәйкес ақымызды аламыз. Кейде көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтерлерді әрлеу жұмыстарына да бара беремін. Бәрі де бала-шағаның қамы, – дейді Сәбира.

Сәбира сөз арасында бүгінгі кейбір жас келіндердің кержалқау болып бара жатқанын жасырмады.

– Үлкен кісілердің тәрбиесін көрдік. Соның жемісі ғой, қолымыздан біраз шаруа келеді. Құрақ құрап, кесте де тігеміз. Мал сойылса, ішек-қарнын аршимыз. Қазір кейбір үйлерге барсақ, ұрпақтар сабақтастығының үзіліп бара жатқанын байқайсың. Бөлмелердің көптен бері тазаланбағаны көрініп тұрады. Кілемнің шетін көтеріп қалсаң, шаң бұрқ ете қалады. Үй шаруасына керекті деген дүниелер бір бұрышта жатыр.  Бесіктерді қоқысқа шығарып тастағанда жүрегің тіптен ауырады. Тәуір деген ыдыс-аяқтарды лақтыра салғандарды да көрдік. Тоқшылық не істетпейді? Қызығасың. Бірақ әркімнің бағы әрқалай. Ал сол үйдің келіні кердең қағып, көлігіне мініп кетіп бара жатады. Барды ұқсата алмай, ысырап қыламыз ғой осылай. Жалданып жұмыс істеп жүрген соң, тіліңді тістеп отырасың, – дейді Сәбира.

Бағдарламалар кім үшін?

Біз жұмыспен қамту шаралары туралы аз жазып жүрген жоқпыз. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан қаншама бағдарламалар қабылданды. Бірақ неге «Құлбазардағы» бауырларымыз осындай жобалардан қалыс қалады? Әлде, естімей жатыр ма? Журналистік қызығушылықпен бұл туралы да білуге тырыстым. Жоғарыда аты аталған Бекжан есімді азамат тұрақты жұмысқа орналасуға ықыласы  жоқ екенін жасырмады. «Мен мемлекеттік бағдарламалар туралы естіп жүрмін. Пәленбай уақыт курс оқып, айына  80 000-100 000 теңге жалақы аласың. Мен ол ақшаны бір аптада табамын. Есесіне ешкімге тәуелді емеспін» деген ойын жеткізді. Қанша райынан қайтаруға тырысқанымызбен, бұл әрекетімізден түк те шықпады. Жастайынан еркін жүріп, еңбек етуге еті үйреніп қалған. Күн сайын табыс тапқан жақсы. Дегенмен болашақты да ұмытпаған абзал.  Алайда зейнетақы төлемдері, әлеуметтік статус, медициналық сақтандыру сияқты маңызды мәселелер оны мүлде қызықтырмайтын болып шықты.

Осы орайда біз облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының есігін қағып, сала мамандарының «Құлбазар» туралы пікіріне құлақ түруді жөн көрдік.

– Мен бұрын Тараз қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелерге жауапты орынбасары ретінде бұл мәселемен айналысқанмын. Қазіргі жұмысым да осы бағытта.

Жасыратыны жоқ, «Биржаның» төңірегінде жүрген азаматтар күнделікті тапқан 3-4 мың теңгесінің жартысын картаға салады, тағы бір бөлігін басқа да зиянды нәрсеге жұмсайды. Оларға сол қызық. Мұндай табыстың берекесі бола ма? Әрине, жоқ.

Әйтпесе, қазір мемлекет тарапынан еңбек етемін деген адамдар үшін барлық жағдай жасалуда. Қаншама бағдарламалар бар? Несиелер мен гранттар беріліп жатыр. Ал оған бас қатырғысы келмейді, – дейді басқарма басшысының орынбасары Кенжебек Олжабай.

Айта кету керек, өткен жылы облыста «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 809 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асып, 20043 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 10056 адам жергілікті жұмыспен қамту орталықтары арқылы еңбек еткен. Басқарма басшысының орынбасары бұл бағыттағы жұмыстардың биыл да жүйелі жүзеге асатындығын жеткізді.

– «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында әлеуметтің әлеуетін арттыруға басымдық беріліп келеді. Былтыр  облыста  қыруар жұмыс атқарылды. Биыл облыс бойынша 49 нысан тізімге енгізіліп, 18 миллиард теңгенің шамасында қаржы қаралып отыр. Бұл ауқымды құрылыстарға бағытталады. Яғни жаңадан нысандар бой көтеріп, кейбір ғимараттар күрделі жөндеуден өтеді. Ендігі кезекте осы жұмыстарға мамандар тартуымыз керек.

Биыл  жұмыспен қамтылатын азаматтардың айлық жалақысы 85 мың теңгеден кем болмайды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осындай нақты тапсырма қойып отыр. Ақылы қоғамдық жұмысқа тартылатындардың да табысы солай есептеледі. Мұның бәрі де жұрттың игілігі үшін.

«Жұмыспен қамтудың жол картасынан» бөлек  те баянды бастамалар баршылық. Мысалы, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының тигізіп жатқан шарапаты мол. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 770 адамды қосымша мамандықтарға оқытып жатырмыз. Әрі стипендиясын алады, әрі тұрақты жұмысқа орналасады. Бұл бойынша төртжақты келісімдеріміз бар.

Одан бөлек тағы 3,5 айлық курстарымыз да ашылған. Ол бойынша да тұрақты жұмыс тауып кетуге болады. Қайтарымсыз грант пен жеңілдетілген несиелер де беріліп жатыр. Өз бизнес-идеяңды ұсын, мемлекет қолдауына ие бол. Кәсібіңді дөңгелет. Мысалы, былтыр облыс бойынша 7783 тұрғын қайтарымсыз грантқа қол жеткізсе, 1340 адам шағын несие алды. 3641 «Бастау бизнес» курсын тәмамдады. Жалпы, бір жылдың ішінде 57381 адам «Еңбек» бағдарламасының тиімділігін сезінді.  Соның ішінде 42093 адам жұмысқа орналасты. 1221 адам қысқа мерзімді оқумен қамтылса, 13782 адам ақылы қоғамдық жұмысқа жұмылдырылды. Әлеуметтік жұмысқа 1587 адам орналасса, 2672 маманға  «Жастар практикасы» бойынша жолдама берілді. Осындай игілікті істер жалғаса береді. Ең бастысы, азаматтар қолдау шараларынан қалыс қалмай, белсенділік таныта білсе болғаны, – дейді Кенжебек Мамашбайұлы.

Қайтпек керек?

Міне, біз көрген «Биржаның» бүгінгі бейнесі осындай. Бұл әркімнің жеке тірлігі деп қарайтын дүние емес, әлеуметтік мәселе! Бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдар кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, азаматтардың қоғамның белсенді мүшесі болуына қолдау көрсетуі керек.

Екіншіден, тәртіп пен тазалық мәселесіне баса назар аударылуы керек. Осы жерде карта ойнағанымен қоймай, темекіні будақтатып, ішімдікке сылқия тойып алғандарды да көрдік. Тіпті арыққа аунап, ұйықтап жататындар да кездеседі. Бұл, әрине, шектен шыққандық. Осы жолмен мектебіне баратын балалардың тәрбиесі туралы  ойлап жатқан ешкім жоқ. Қоғамды ашық сыйламайтындарға тиісті деңгейде шара қолданылуы қажет.

Үшіншіден, орын мәселесін ретке келтіру керек. Өйткені бұл жер  қазір бұрынғыдай қалтарыс-бұлтарыс емес, көлік көп жүретін, адам аяғы бір басылмайтын аумаққа айналған. Тараз қаласын түрлендіреміз, туристерді көптеп  тартамыз десек, уақытша жұмыс іздеуші осындай азаматтар үшін де жайлы жағдай қарастырған абзал. Өркениет көшіне ұмтылған кезеңде өз бауырларымыздың көше бойлап отырғаны елдігімізге сын емес пе? Оның үстіне осындай «Биржалардың» қаланың басқа да бұрыштарынан ашыла бастауы ойландыруы керек.

Біз осылай ой түйдік. Сіз не дейсіз?

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support