- Advertisement -

«Абайтану» курсын мектеп бағдарламасына енгізу керек

48

- Advertisement -

Білім мен ғылымның, ақындық пен ақылдылықтың, таным мен талғамның, тәлім мен тәрбиенің аражігін ажыратып, ұлттық руханиятқа сырлы сөзімен мол мұра қалдырған Абайдың еңбегі – сарқылмас қазынаның көзі. Ал оның «Толық адам» ілімінің түпкі негізі – адам тәрбиесі.

Абайдың педагогикалық тұжырымдамаларының түпкі негізіне, еңбектеріне үңілсеңіз, бала тәрбиесіне, ана мен қыздың, әке мен баланың қарым-қатынасындағы басты ерекшеліктерді аңғармау мүмкін емес. Заманының заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман -эпопеясында Абай өмір сүрген кезең ұлтымыздың ұлттық құндылықтары туралы кенінен баяндалып, насихатталады. Қыздың инабаттылығы мен ибалылығы, ұлдың байсалдылығы мен батырлығы, сабырлылығы, ата мен әженің өнегесі мен өсиеті, әке мен ананың бала тәрбиесіндегі алатын орны, бәрі үйлесімді көрініс тапқан. Ал осы тұлғалық тағылым «Толық адам» ілімінен бастау алады.

Қазір көптеген жоғары оқу орындарында «Абайтану» курсы енгізілген. Абайтанушы ғалым Омар Жәлел бұл курсты мектептерде де енгізу керек деп есептейді. Бұл шынында жақсы ұсыныс. Дегенмен, Абай шығармаларымен толық таныспаған мұғалім қалай сабақ береді деген ой ойға оралады.

Бірнеше жылдан бері біздің оқу орнымыздың  «Қазақ тілі мен әдебиет педагогтарын даярлау» білім беру бағдарламалары бойынша оқып жүрген студенттерге ғана «Абайтану» курсы оқытылады. Алайда осы оқу курсын барлық білім беру бағдарламаларына енгізу қажет екенінін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Филолог маман, тарихшы немесе экономист, физик немесе математик, бәрі Абай ілімінен сусындаса, одан жаман болмайды. Себебі бұл ілім тұнып тұрған қазақ философиясы. Бірнеше жылдан кейін курсты оқыған мамандар нәтижелі білім бере алады деп сенеміз. Өйткені ақынның ой-қуаты оқырманды кісілікке, кішілікке, ізгілікке жетелейді.

«Адамның адамшылығы ата-ана, ұстаз, жақсы достан болады», — деп Абай дөп бекер айтпаған. Барын баласы үшін сақтаған қазақ отбасында атаның, әкенің, әженің, ананың, әрқайсысының орны бар. Сондықтан, өскелең ұрпақ алдындағы тең жауапкершілікті ата-ана да, ұстаз да бірдей сезінуі керек.

Абай әлемі – рухани кемелденудің бастауы. Оның шығармаларының негізінде  адамның тұлғалық дамуына бастайтын бағыт-бағдар бар. Әсіресе, бізге мол мұра болған Абайдың қара сөздерінің тереңіне үңілсек, қоғамдағы көп сұраққа жауап табамыз.

Жоғарыда айтқандай, әр ата-ана баласы үшін барын салатыны рас. Бірақ Абай  жетінші қара сөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар — тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік»,- дейді. Ақын ішсем-жесем мен білсем дегеннің арасын жер мен көктей қып көрсетеді. Расында, бала деген жас шыбық, ағаш, көшет секілді. Біз оны алғашқы кезден қалай баптасақ, солай жемісін береді. Бала да дәл солай. Жас кезінен бүлдіршіндерді имандылыққа шақырып, жақсылыққа үндеп, баулысақ, ертегі, аңыз, батырлар жырын, тәрбиелік мәні бар сөздерді айтып, санасына сіңірсек, тағылымды сөз естіп өскен ұрпақтан болашақта қоғам үшін жақсы өзгеріс туғызатын тұлға шығады.

           Орынқыз Жолдасова,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті 

«Ұстаз» институтының директоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support