- Advertisement -

Қордағы қаржыдан қайыр бар ма?

60

- Advertisement -

Зейнетақы қорындағы жиған-тергеніңіздің бір бөлігін алуға рұқсат берілгелі де бір жарым айдан аса уақыт өтті. Жоғарыдан пәрмен болған соң, «Жаппарқұлда жан бар ма», жұрт «ә» дегенше тиісті мекемелер қордағы жиғаныңыздың қанша екенін тиынына дейін есептеп беретін оңай онлайн жүйені де жасап қойды. Қош, сонымен ендігі мәселе қаражатты есептеуден ауысып, «алатын аз-кем ақшаны қалай ұқсатамын» дегенге ойысты. Қалай десек те, дәл қазір зейнетақы қорындағы қаржысын алудың жолын іздеу тұрғындардың зеріктірмейтін жұмысына айналды. Әсіресе, карантин талаптары «тәк-тәкпен» адымын аштырмай, көбіне-көп жартылай немесе толықтай онлайн жүйеге көшіп, үйде отырғандардың да, басқасының да басты уайымы – осы.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры облыстық филиалының  директоры Абдыманат Еспаевтың айтуынша, өңірімізде зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегінен асатын 15,9 мың салымшы бар екен. Қордағы қаржының бір бөлігін алу тетігі іске қосылғаннан бастап, бір айға жуық уақытта 800 жамбылдықтан өтінім түскен. Оның 271-і мақұлданып, 75-і қабылданбаған.

Мамандардың сөзіне сүйенсек, өтінімдердің қабылданбауына негізінен сұранымдардың дұрыс толтырылмағаны себеп болған. Сондай-ақ «түйе сұрасам, ең кемі бие берер» деген қазақы көзқарастан ба, шекті деңгейден артылған қаржыдан артық соманы сұрағандардың өтініштері де кері қайтарылыпты. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жиғаны шекті деңгейден асатындардың есеп-шотындағы қалған соманы алып, бір кәдеге жаратқысы келетіні сөзсіз. Қаржыны жұмсаудың талаптары жарияланғанда, әсіресе, пәтер алуға шамасы жетпей, «ең құрығында жер учаскесін алып, баспана тұрғызып алсам» деп армандап жүргендер «тілеуімді берді» деп қатты қуанған. Олардың бірден өтінім беріп, керек құжаттарды түгендеуге кіріскені де, сондықтан. Бірақ бұл шаруа біз ойлағандай оңай болмай шықты. Рас, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жиған-тергеніңіздің бәрі өзіңіздікі! Әйтсе де оны кез келген уақытта, тіпті үй салуға жер телімін алу үшін де «сұрап» ала алмайды екенсіз! Себебі – талап сондай!

Сондағысы ол қандай талап дейсіз ғой, біз бұл сұрақты «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның облыстық филиалының директоры Гүлзат Бекназароваға қойған едік. Маман қордағы қаржының бір бөлігін салымшыларға берудегі негізгі мақсат әр отбасының баспаналы болу мүмкіндігін арттырудан туындағанын, соған байланысты

жер учаскесін алу және үй немесе пәтерге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін талап қоярда осы мәселеге назар аударылғанын түсіндірді.

– Дау туғызып отырған 6-пункт – тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін бір банктік қарыздың шарты шеңберінде жөндеу жүргізе отырып, тұрғын үйді және (немесе) тұрғын үйді сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарна енгізу арқылы тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатына тоқталсақ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі зейнетақы жинақтарын төлеу есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсарту тәртібін жасағанда осы пункт бойынша, яғни қаржыны тек жөндеу жұмыстарын жүргізілетін пәтер немесе үйді қоса сатып алғанда ғана беру талабын енгізген. Жер учаскесін сатып алу тәртібі де солай. Міндетті түрде үй салынуы керек. Ондағысы – салымшылардың әрқайсысы бір баспаналы болсын деген мақсат. Ақша қолма-қол салымшыға берілмейді. Қаржы есеп-шоттарға ғана аударылады. Ал тұрғындар келісімшарт жасасқан мердігер компаниялардағы қаржылық қозғалыс аударымдары арқылы бақылауда болады.

Жалпы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін нысаналы пайдалану жөніндегі уәкілетті операторлары  ретінде екінші деңгейлі банктер де таңдалған. Негізгісі – «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» акционерлiк қоғамы. Олай дейтінім, басқа екінші деңгейлі банктер арқылы ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті ішінара немесе толық өтей аласыз.  Ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру мүмкіндігін пайдалану үшін сол қаржылық ұйымдардың қызметін қолдануға болады. Ал біздің банк басқа 7 талап бойынша тұрғындардың өтінімін қанағаттандыра алады. «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» азаматтарға www.hsbk.kz сайты арқылы арнайы есеп шот ашуға онлайн жүйе жасаған. Содан кейін www.Enpf-otbasy.kz  платформасы арқылы өтінім жасап, қаржыны қай мақсатқа жұмсайтыныңызды көрсетесіз, — дейді Гүлзат Мұратқалиқызы.

Банк филиалының басшысы қордағы қаржыны пайдалануға болатын 8 талаптың әрқайсысы бойынша қандай талаптар қойылатыны www.Enpf-otbasy.kz платформасында да, банктің әлеуметтік желідегі парақшаларында толық көрсетілгенін, барлық пункт бойынша өтінімдер мен құжаттарды онлайн рәсімдеуге болатынын жеткізді. Арнайы есеп-шот ашу үшін де ешқайда сабылып, кезек күтудің қажеті жоқ. Тағы бір айта кететіні, қаржыңызды белгілі бір мақсатта пайдалануға өтінім беріп, кейін ол ойыңыздан айнып қалсаңыз, ақша екі ортада қалып қоймайды екен. Гүлзат Бекназарованың айтуынша, қос тарап бойынша мақұлданбаса, қаражат қайта бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылады.

Мамандар түсіндіріп берген зейнетақы қорындағы жиған қаржыны пайдалануға болатын мақсаттар:

  1. Кез келген банктен немесе ипотекалық ұйымнан тұрғын үй сатып алуға алынған ипотекалық қарыз бойынша берешекті толық немесе бір бөлігін өтеу;
  2. Көп қабатты үйден пәтер, жеке тұрғын үй немесе жатақханадан бөлме сатып алу үшін. Баспананы алғашқы немесе қайталама нарықтан, сондай-ақ салынып жатқан үйде (ҚР заңнамасына сәйкес кепілдік берілген жағдайда) үлестік қатысу шартына сәйкес сатып алуға болады.
  3. Зейнетақы жинақтарыңызды «Отбасы банкінде» бастапқы жарна ретінде пайдаланып, ипотека рәсімдеу;
  4. «Отбасы банкінен» және еліміздегі басқа екінші деңгейлі банктері арқылы тұрғын үй сатып алуға, зейнетақы жинақтарын  бастапқы жарна ретінде пайдалануға;
  5. Сатып алу құқығымен жалдамалы түрде алған баспанаңызыдың қарызын өтеуге;
  6. Зейнетақы жинақтары есебінен де, сондай-ақ зейнетақы жинақтарына өз қаражатыңызды қосып та жеке тұрғын үй салуға (оның ішінде жер учаскесін сатып алу);⠀
  7. Ипотекалық несиеңізді басқа банктен қайта қаржыландыруға немесе оны тиімді шарттармен «Отбасы банкіне» аударуға;
  8. Емделу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану туралы ереже Денсаулық сақтау министрлігінде әлі де қаралуда.

Қанша жыл жиған-тергеніңіздің бір бөлігін алып, кез келген банктен немесе ипотекалық ұйымнан тұрғын үй сатып алуға алынған ипотекалық қарыз бойынша берешекті толық немесе бір бөлігін өтеуге болатыны дұрыс-ақ. Сондай-ақ жұбайының немесе жақын туыстарының біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалануға да мүмкіндік берілгені де қуантарлық жағдай. Ол үшін тек ЭЦҚ арқылы «Отбасы банкінің» интернет-ресурсында тіркеліп, ЭЦҚ-мен арқылы қол қойып, келісімін беріп, өзінің жеке кабинетін ашса жеткілікті. Азаматтардың баспаналы болуы үшін мұндай мүмкіндіктер жасалғаны, әрине жақсы. Бірақ, көпшілігі үй жөндеу жұмыстары мен жер учаскесін сатып алу туралы талаптарды тым қиындатып жібергеніне наразы. «Жер учаскесін алып, үй салу үшін қыруар қаржыға сметалық құжаттарын жасатуға өзі шекті деңгейден аз ғана артылып тұрған жинағымыз жете ме? Базарда сатылатын құрылыс заттарын мердігер компания екі есе бағаға сатып алып, құжатын қаттап қойса, ал сапасы сын көтермей тұрса, оны қалай дәлелдей аласыз?! Жеке тұрғын үй тұрмақ, жаңадан бой көтерген мектеп, емханалардың құрылысының өзі сын көтермей жатқанын естіп-көріп жүрміз ғой», — дейді таластық Айбол Олжабайұлы.

Қаржыны игеру құқығының мердігер компанияларға берілуі  көптеген заңсыздықтарға, жалған құжат айналымына жол беретінін мамандар да айтып жүр.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін халыққа беруді тапсырғаны дұрыс шешім. Әрине, бұл баспаналы болғысы келген азаматтарға көп қолдау екені түсінікті. Бірақ оны қандай жолмен алады? Соның жолдарының қиындықтары өте көп. Ол бюрократиялық мәселелерді туындатады. Қаржыны қалай да алу үшін жалған құжаттар жасалуы да ғажап емес. Алайда қаржыны мақсатты жұмсаудың қатаң тәртібі болмаса, әртүрлі схемалар жасап, халықтың қаржысын ұрлайтындар көбеюі де мүмкін. Таяқтың екі басы бар. Жоба жақсы. Халыққа керек. Ендігі мәселе осы жүйенің қалай жүзеге асырылатындығында, — деп өз ойын жеткізді экономист Азаматхан Әміртай.

Негізі әзірленген тәсілдер  мен заңнамалық түзетулер  тұрғын үй мәселелерін шешу, азаматтардың денсаулығын жақсарту, қымбат тұратын медициналық қызметтердің жекелеген түрлеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету, кірістерді «көлеңкеден» шығару, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің сенімділігі мен тартымдылығын арттыру мақсатынан туындағаны түсінікті. Бірақ «көлеңкеден шығару» жолдарының кейбірі тағы да «көлеңкелі» іске бастап тұрған жоқ па деген ой келеді.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің  «Экономика» кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Марина Кенжебаева да қазір бұл мәселенің өте өзекті болып тұрғанын айтады. Маман бірқатар деректерді алға тартып, «БЖЗҚ» АҚ-ның зейнетақы активтері 2020 жылдың бірінші тоқсанында 879 миллиард теңгеге ұлғайғанын жеткізді. Осылайша, азаматтардың зейнетақы жинақтары 11,7 триллион теңгеден асып, 2020 жылдың басынан бергі өсім 8 пайызды құраған. «Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары   есебінен қалыптасты және соңғы 12 айда 21 пайызға ұлғайып, 11,4 триллион теңгені құрады. Айта кетейік, «БЖЗҚ» АҚ жарналарының барлық түрі бойынша жеке зейнетақы шоттарының жалпы саны 10 миллионнан асты. Алайда зейнетақы шоттары өсіп, қорға жиналған қаржы көлемі ұлғайып жатқанымен, бейне бір қамбадағы астықтың бұзылғаны тәрізді, мұндағы қаржы да жыл сайын құнсызданып, инфляцияға ұшырап барады», — дей келе Мемлекет басшысының халыққа қордағы қаржыны зейнетке шықпай алу мүмкіндігін беруді ұсынғаны оң шешім болғанын айтып өтті.

– Бүгінде «Зейнетке шықпай тұрып, зейнетақы жинағындағы ақшаны алған дұрыс па?» деген сұрақтар көп қойылады. Меніңше, халыққа зейнетақы қорындағы қаражаттың 50 пайызын беру керек. Шетел азаматтары зейнетақы қорындағы қаражатын жеке мақсатта, инвестициялық бағытта қолданады. Ал бізде бұлай емес, неге?! Зейнет жасына жеткенше қордағы қаржының құнын инфляция жеп қояды. Осының алдын алу үшін зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалануға рұқсат берілгені дұрыс. Президент бізге осы нұсқаны ұсынып отыр.

Мысалы, Малайзияда қажылыққа барғысы келген адамды зейнетақы қоры толығымен қаржыландырады. Яғни кез келген адам Меккеге зейнетақы қорындағы ақшамен барып келе алады. Сингапурда зейнетақы қорындағы ақшаға үй алу мүмкіндігі берілген. «Зейнет ануитеті» деген ұғым бар. Соған сәйкес зейнетақы қорында жеткілікті көлемде қаражат жиналған болса, кез келген адам зейнет жасын күтпей, зейнетке шыға алады. Бұған қоса бұл адам зейнет ануитеті арқылы есепшотындағы қаржысын сақтандыру қорына аударып, ай сайын қомақты көлемде пайыздық мөлшерлеме алу мүмкіндігіне ие болады. Сақтандыру қоры қаржыны айналдырып, көбейтеді. Ал салымшыға, яғни инвесторға тапқан табысынан төлем төлейді. Шетелдегі сақтандыру компаниялары осылай жұмыс істейді. Көбінесе шетелдік зейнеткерлер сақтандыру қорынан түскен табысқа әлем аралап, саяхат жасайды. Біздің де халқымыз осындай дәрежеге жетуі керек, — дейді экономист Марина Кенжебаева.

Түйін: Мамандармен тілдесіп, зейнетақы қорындағы қаржыны пайдалану тетіктерінің талаптарын саралай келе бізге шетелдегідей деңгейге жету үшін әлі біраз уақыт қажет екен деген ой түйдік. Қордағы қаржыны өз игілігіңізге жаратуға болатыны жақсы. Бірақ оны алу жолдары өте қиын. Сондықтан бұл мәселені әлі де болса қайта қарап, талаптарды жеңілдеткен дұрыс.

Ардақ Үсейінова

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support