- Advertisement -

ӘР ОҚЫРМАН ҮШІН ҚЫЗМЕТ ЕТЕМІЗ

51

- Advertisement -

Жалпы алғанда жылды 12 бөлікке бөліп, оған хайуанаттардың атын беру үрдісінің қашан және қай халықтан басталғаны туралы зерттеушілер арасында нақты тұжырым жоқ. Бірақ оның шығыс елдерінен тарағаны анық. Көшпелілер арасында бұл жүйе бағзы замандарда қалыптасқан. Мәселен, VII-VIII ғасырларда өмір сүрген Шығыс түрік қағанатының билеушісі Күлтегіннің ескерткішінде «Күлтегін қой жылының он жетінші күні өлді. Мазарын, ою-өрнегiн, жазба тасын мешiн жылының жетiншi айында аяқтадық» деген жазулар кездеседі.

Негізі қазақ ұғымында мешін, тауық жылдары ауыр жылдар болып есептеледі. Бұл жылдары қауіп-қатер, жоқшылық, табиғи апаттар жиі болған екен. Бірақ өткен тышқан жылы елімізді ғана емес, бүкіл әлемді әлекке салып, дүниежүзі халқын дүрбелеңге түсіргені белгілі. Коронавирустан халық қатты қорқып қалды. Бәрі өзімен кетсін. Қиындықтың бәрі өткен жылдың еншісінде қалғай. Табалдырықтан жаңа аттаған сиыр жылы берекелі болғай, әйтеуір. Ең бастысы – ел аман, жұрт тыныш болсын.

Әрине, қандай қиындық болса да еліміз жүріп келе жатқан жолынан жаңылысқан жоқ. Осынау қысылтаяң сәтті мемлекет өз тұрғындарына, кәсіпорындарына, шағын және орта бизнес иелеріне, ауыл шаруашылығына, басқа да салаларға дер кезінде қолдау көрсете білді. Сонау наурыз айынан жарияланған карантин кезінде де облыстық «Aq jol» газеті өз оқырмандарымен тұрақты түрде қауышып отырды.

Газет шықпай қалған кез болған жоқ. Журналистеріміз жұртқа ақпараттарды жедел жеткізуде барын салды. Өткен жыл «Aq jol» үшін жемісті болып, Жамбыл облысы баспасөзінің қара шаңырағында үлкен қуаныш орын алды. Бұл тек бір ұжымның, бір мекеменің ғана емес, жалпы Жамбыл жұртының абыройын асырып, мерейін тасытқан қуаныш болды. Облыстық «Aq jol» газеті баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер – 2020» ұлттық сыйлығының «Жыл басылымы» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылды. Яғни, 98 жылдан астам уақыт тарихы бар облыстық басылым ақпарат саласындағы кіл мықтыларды мойындатып, талай жылдардан бергі тынымсыз еңбегінің арқасында адал еңбегінің жемісін көрді, әділ бағасын алды деп айтуға әбден болады.

Жасыратыны жоқ, жыл өткен сайын баспасөзге жазылу үрдісі баяулап келе жатқанын мойындауымыз керек. Оның үстіне карантиндік шектеулер және басқа да кедергілер газетке жазылу науқанына одан бетер өз кесірін тигізгені анық. Дегенмен қандай қиындық болса да «Aq jol» газетінің қалың оқырманы бар. «Aq jol»-дың биылғы алғашқы нөмірі 11 922 данамен тарап отыр.

«Aq jol» газеті өз оқырмандары үшін адал қызмет етуге қашанда дайын. Заман ағымына сай осы нөміріміз жаңа форматта жарық көріп отыр. Алдағы уақытта оқырмандарымыз біздің басылымнан өткір де батыл, әділетті жазылған дүниелерді оқитын болады. Әр сала бойынша түрлі сараптамалар, зерттеулер, сын мақалалар, әдебиет пен өнерге, мәдениетке кеңінен орын беру, аудандардың тіршіліктерін кеңінен жазу, оқырман мен редакцияның байланысын арттыру, міне, біздің жұмысымыздың негізгі бағыты осы болады. Газетті ғана емес, «Aq jol»-дың сайтының жұмысын да жандандыру басты жоспарымыздың бірі. Өткен жылы «Aq jol»-дың сайты әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, газетте жарияланған сын мақалалар бойынша видеолар түсіріп, әжептәуір көрермен жинағаны белгілі. Қазір көпшілік «Aq jol» газетіне ғана емес, оның сайтына да назар аударатын болды. Қалай айтсақ та, «Aq jol» газетінің ұжымы өз оқырмандары үшін тік тұрып қызмет етуге қашанда дайын.

Жалпы жаңа жыл – өткен күнге көз жүгіртіп, өз-өзіңе есеп беретін, бір жыл ішіндегі тірлігіңді саралайтын мереке ғой. Және алдыңа жаңа мақсаттар қойып, жаңа жоспарлар жасайтын, тың күш-қуат беретін мереке.

Лайым, өткен жылда атқарған тірліктеріңіз тек берекеге бастасын. Қуанышқа ұлассын. Толағай табыстарға жетелесін.

Алға қойған жаңа мақсаттарыңыз айқын болсын. Арман-тілектеріңіз, ойға алған ізгі істеріңіздің бәрі орындалсын. Алла Тағалам әрдайым қолдап жүрсін. Сиыр жылы берекеге, молшылыққа бастасын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Оралхан ДӘУІТ,

бас редактор

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support