- Advertisement -

Жатақханалар «жыры»: ескі әрі ешқандай жағдай жасалмаған

213

- Advertisement -

  «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы  «Jas Otan» Жастар қанаты студенттердің өмір сүру деңгейінің сапасын арттыру, әлеуметтік тұрмыстық жағдайын қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап өңірдегі жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беретін мекемелердің жатақханаларына жүйелі мониторинг жүргізіп келеді. Өткен жылы жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесін білу мақсатында арнайы биыл қазан айынан бастап қайта зерделеуге кірісіп отыр. Сөйтіп, Тараз қаласы мен аудандардағы колледждер жатақханаларына мониторинг жүргізілді.

Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің Төле би даңғылының бойында орналасқан жатақханасы күрделі жөндеуді қажет етеді екен. Жөндеу жұмыстары осыдан 10 жыл бұрын жүргізілген. Былтырғы сын-ескертпелер сол қалпында қалыпты. Қырық жылға жуық студенттердің ордасына айналған ғимаратқа қайта жөндеу жұмысын жүргізу бойынша қатаң қадағалау тапсырылды.

Сондай-ақ, Жамбыл ауданындағы №17 Жамбыл колледжінің жатақханасында да өткен жылғы зерделеу жұмыстарының сын-ескертпесі орындалмай отыр. Іргесі 1956 жылы қаланған жатақхана күрделі жөндеуді қажет етеді. Қазір студенттер дәстүрлі оқу форматында білім алып, жатақханаға орналасқан. Бөлмелердің есігі мүлдем құлыптанбайды. Мұндағылар ескі ғимаратты сырлап-әктеп ұстап отыр. Жатақханада жуынатын арнайы душ жоқ. Сол себепті жастар сенбі-жексенбі үйіне жіберіледі екен. Ауданнан 30-40 шақырым жерде орналасқан мекемеге студенттер өздері қатынайды, көлік мәселесі шешілмеген. Талас ауданында орналасқан 4 колледждің жатақханасына зерделеу жұмыстары жүргізілгенде мұнда да былтырғы сын-ескертпелердің ескерілмегеніне көз жеткіздік. №2 Қаратау колледжінің жатақханасына 36 студент орналасқан. 1977 жылы бой көтерген жатақхана күрделі жөндеуді қажет етеді. Ғимарат ескіріп, терезелері сынған. Есіктері құлыптанбайды және ескі. Ғимараттың сыртында «Жатақхана» деген жазуы да жоқ. Былтырғы мониторинг нәтижесінде республикадағы ең төмен деңгейдегі 10 колледж жатақханасына аталмыш оқу орны кірген болатын. Кішігірім өзгертулер болғанымен, бәз баяғы қалпында тұр. Қалған 3 колледждің жатақханасының жағдайы орташа, күрделі жөндеу көрмеген. Мұнда карантин талаптарына байланысты студент орналаспаған. Жуалы ауданындағы №16 Жуалы колледжінің жатақханасы да күрделу жөндеуді қажет етеді. 32 орынға арналған жатақханада карантин талаптарына сәйкес 20 студент жатыр. Алайда жатақханаға сұраныс өте жоғары. Биылғы оқу жылының өзінде 50 студент өтініш білдірген екен. Осы және өзге де мәселелер  зерделеу жұмыстарының нәтижесінде анықталып отыр.

—  2019 жылдың 21 тамызында «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің отырысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев еліміздің жоғарғы оқу орындарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Тапсырманы орындау мақсатында «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы  «Jas Otan» Жастар қанаты студенттердің өмір сүру деңгейінің сапасын арттыру, әлеуметтік тұрмыстық жағдайын қамтамасыз ету мақсатында ЖОО және ТжКБ жанындағы студенттік жатақханаларға жүйелі мониторинг жүргізді. Мониторинг барысында көптеген жатақханалардың санитарлық нормаларға, тұрмыстық жағдайларға сәйкес келмеу және орындардың шамадан тыс толу фактілері анықталды. Былтырғы зерделеу жұмыс нәтижесінде Тараз инновациялық – гуманитарлық университетінде 300 студенттің жатақханаға сұранысы бар екендігіне көз жеткізген едік. ТарМПУ-да да аталған факт өзекті. Өңірдегі бірқатар колледж жатақханаларына күрделі жөндеу қажет болды. Тараз политехникалық колледжінің жатақханасы студенттердің тұруына жарамсыз болып шықты. Анықталған фактілер нәтижесінде оқу орындарының басшылығына ескертулерді жою бойынша ұсыныстар берілді. Жуырда арнайы топ қаладағы 2 университеттің жатақханасына зерделеу жұмыстарын жүргізді. Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті былтырғы сұранысты өтеу мақсатымен 500 жасқа арналған жатақхана ашып, жастар игілігіне беріп жатыр. Пандемия аяқталғаннан кейін жатақханаға орналасуға толық мүмкіндік беріледі. Өздеріңізге белгілі, аймақтағы екі университет қосылып Тараз өңірлік университеті болып қайта құрылды. Педагогикалық университет тарапына айтылған ұсыныстар биыл қолға алынып, жатақхананың әр қабатындағы есіктер толық ауыстырылды. Аталған университетте жатақханаға деген сұраныс жоғары еді. Екінші университеттің салып жатқан 500 орындық екі жатақханасы аталған сұранысты қанағаттандырады деген үміттеміз. Өңірлік университетке қосылған екінші жоғары оқу орнына қарасты екі жатақхана бар. Карантин талаптарына байланысты әр бөлмеде екі студенттен орналасқан. Көпшілігі Түрікменстан республикасының азаматтары. Дегенмен, бұл жатақханада студенттердің киім жууға арналған жеке кіржуғыш және жуынатын бөлмеде жекелей арнайы жапқыш болуы керектігі ескертілді. Тараз қаласындағы колледж жатақханаларына  жүргізілген мониторинг барысында Жамбыл инновациялық жоғары колледжінің де жатақханасы күрделі жөндеуді қажет ететіндігі белгілі болған еді. Биыл жатақханаға 400 миллионға жуық қаражат бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Есіктерінің барлығы ауыстырылып, жарық шамдары толығымен жаңартылатын болады. Карантин талаптары жеңілдетілсе, студенттерді қабылданады. Студенттердің өмір сүру деңгейінің сапасын арттыру мақсатындағы бұл шаралар жалғасын табатын болады, — дейді «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек.

Ерман ӘБДИЕВ, журналист

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support