- Advertisement -

Зәукен ағай

114

- Advertisement -

Қауіпті індет әлем елдерімен бірге, қазақты да қан қақсатты. Күніге таңертең қалта телефонымызға қол созып, әлеуметтік желіні имене, қорқынышпен ашатын хәлге жеткенімізді қалай жасырамыз. Әр күн сайын кілең жақсылар мен жайсаңдардың жанын қинай жеткен қазасының хабарына өзегіміз өртене бет сипаймыз.Құлағымыз шалмаған қаралы жайттар қаншама деген тағы бір ой сумаң ете қалады. «Олардан қай жанымыз әулие, бізге де кезек келіп қалар ма екен?..» деп ауыр күрсінетініміз де бар. 

Құдай қарамызды сиретпесінші! Онсыз да көп емес едік қой! Бұл – тіл ұшындағы әр кездегі дұға.
Тәжтажалдың араны қашан тояды? Жуық арада вирустың беті қайтар ма, қайтпас па? Бұл – көкейдегі көп сауалдың бірегейі.
…Көп күн өте қойған жоқ, Игілік ауылы (Сарысу ауданы) өзінің Ибн Синасынан айырылып қалды. Сығырайған көзімен мейірлене қарап, жұмсақ алақанымен қаншама азаматтың шипасын тапқан жан еді. Жаһанда емі табылмай жатқан коронавирус дертінен көз жұмды. Азан шақырып қойған есімі Зауал-Махан болатын. Ал ауылдықтардың деніне – Зәукен ағай. Одан жасы үлкен апам «Зәукен балам» дейтін.
Игіліктегі басы ауырып, балтыры сыздағанның бәрі Зәукен ағайға адам жүгіртетін немесе телефон шалатын. Қазіргінің жедел медициналық жәрдемі ол секілді жедел келмейді. Шаруасын тастай салып, жаны мұрнының ұшына тығылып жатқан науқастың жанынан табыла қоятын. Алақаны қандай жұмсақ еді, сөзі қандай күш-қуат беретін?..
Қызығы сол, ауылдағы 350-ге тарта шаңырақтың әрбір жанының дерті Зәукен ағайға бес саусағындай таныс-тын. Мәселен, менің апамның асқазаны қыжылдап ауыратын. Зәукен ағай апамнан хабар бара қалса, соны біліп, асқазанның дәрісін ала келеді. Сол сияқты, көрші Мылтықбай ағамның қан қысымы жоғары. Оның да дәрісі қалтасында жүретін. Үйіміздің оң қапталында тұратын Тұмаркүл апам да Зәукен ағайға жиі «звондайды». Демек, Игіліктегі әр үйде бір адам бар еді оның жәрдеміне зәру.
Ауылдықтар, басқа дәрігерді білмеймін, бұл дәрігердің сөзіне де, еміне де Құдайдай сенетін.
Игілікте қырық жыл фельдшер болып, бірнеше жыл бұрын зейнетке шыққан Зәукен ағай шалғайдағы сол бір елді мекендегі жасы елуге жақындаған еркек кіндіктінің барлығын дерлік сүндетке отырғызып, мұсылман қылған. Үлкендердің айтуынша, қолы – жеңіл, шипасы – ем, сөзі – дәру.
Анда-санда «Айналайын, Асхат балам!» деп телефон шалып, жағдай сұрасып тұратын Зәукен ағай өткен айда ғана жетпіс жасқа толып, жадырап-ақ жүр еді. Сол тұста ғой, қолыңыздағы «Аq jol» газетіне «Игілік ауылының Ибн Синасы» деген тақырыппен журналист Есет Досалының мақаласы жарық көрген. Онда жаны жайсаң кейіпкер туралы кеңінен айтылған-ды. Сонда көзі тірі ағай тағы телефон шалып, ризашылығын танытқан.
Бүгін ғой, қауіпті індеттен көз жұмғандарды Аза тұту күні. Ақжарқын аға туралы көңілдегі ойды тағы бір қағазға түсіргенді жөн көрдік. Өкініштісі, өткен шақпен!

Асхат РАЙҚҰЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support