- Advertisement -

Жаңа бағдарламаға халықтың сенімі зор

37

- Advertisement -

Мемлекет басшысы төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында экономиканы дамытудың, жұмыспен қамтуды күшейтудің жəне əлеуметтік қолдаудың факторы ретінде қолжетімді тұрғын үй салу мəселесіне баса мəн берген болатын. Бұл ретте Президент Елбасының бастамасымен қолға алынған «7-20-25» бағдарламасы ипотекалық несиелендіруге жəне тұрғын үй құрылысына үлкен серпін бергенін атап өтіп, Үкіметке «5-10-20» жаңа бағдарламасын іске қосуды тапсырды.
Жалпы соңғы жылдары «7-20-25» және басқа бағдарламалар аясында өңірімізде құрылыс саласына да көп көңіл бөлінгені белгілі. Атап айтсақ, «Нұрлы жер» бағдарламасының жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға арналған қанатқақты жобасының аясында мемлекет салымшыларға тиесілі 10 сотық жерді ғана беріп қоймай, сол жер телімінде тұрғын үй салуға да көмектескен еді. Ол үшін арнайы субсидия да қаралған. Ипотекалық негізде де тұрғын үй салуға, сатып алуға болады. Сонымен қатар Тұңғыш Президентіміздің «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында айтылған «7-20-25» және «Бақытты отбасы» бағдарламалары аясында өңірімізде үйлі болған қала тұрғындарының саны жыл санап артып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспана кезегінде тұрғандардың мәселесін шешу үшін Үкіметке «5-10-20» бағдарламасын іске қосуды тапсыруымен бұл мәселе түбегейлі шешімін табады деген сенімдеміз. «Осыған орай дағдарысқа қарсы бөлінген қаражат есебінен 390 миллиард теңге бөлеміз. Биыл елімізде бұрын-соңды болмаған көлемде тұрғын үй салынады. Атап айтқанда, 15 миллион шаршы метр немесе 150 мың пəтер. Азаматтарымыздың тұрғын үй жағдайын жақсарту – маңызды мəселе. Шын мəнінде, бұл – Үкімет жұмысындағы стратегиялық басымдығы бар бағыттардың бірі. Сол үшін институционалдық құрылымды жаңғырту керек. Үкімет жыл соңына дейін «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» акционерлік қоғамы негізінде толыққанды даму жəне қолдау көрсету бағытындағы «Отбасы банкін» құруға тиіс. Бұл құрылым тұрғын үй есебін, кезекке қою жəне үй беру тəртібін бір орталықтан жүзеге асыратын болады», – деп атап өткен еді отырыста Президент.
Бұған дейін еліміздегі ипотекалық бағдарламалардың тарихындағы ең тиімдісі ретінде «7-20-25» бағдарламасы айтылатын. Ал жаңа «5-10-20» бағдарламасы 5 проценттік мөлшерлемемен 10 процент бастапқы жарна төлеу арқылы 20 жылға берілетін ең тиімді ұсыныс болайын деп тұрғаны анық.
Бұған дейін елімізде пəтерді ипотекалық несие арқылы беретін бағдарламалардың ішінде ең төменгі – 5 проценттік мөлшерлемемен «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» беріп келген еді. Бірақ бұл банктің шарты бойынша үш жыл көлемінде алатын үйіңіздің 50 процентін, яғни жарты ақшасын жинап үлгеруіңіз керек. Мысалы, құны 10 миллион теңгені құрайтын үйдің 5 миллион теңгесін 3 жыл көлемінде аталған банктен ашқан депозитте жинауға тиіссіз. Сонда ғана банк 5 процентпен несие бере алатын. Бұл шарттар орындалмаған жағдайда проценттік мөлшерлемесі 7-8,5 процентке көтерілетін. Алайда 3 жыл ішінде қомақты қаражат жинауға жұрттың бəрінің бірдей шамасы жете бермейтіні анық. Табысы аздау болғандықтан, көпшілік аз проценттік мөлшерлемемен аз мерзімге несие алғанша, ұзақ уақытқа жоғары процентпен алғанды артық көретін. Сондықтан да шарттары көп, талабы тастай қатал бағдарламалардың ішінде жұртқа тиімдісі 7-20-25» бағдарламасы болып келгені белгілі.
Қарап отырсақ, қазір облыста пәтер кезегіне тіркелген азамат саны 28252 адам. Оның 13868-ін әлеуметтік осал топтағылар, 3 518-ін көп балалы аналар құрайды. Биыл кезекке тұрғандар саны 3719 адамға өскен. Мұның ішінде жетім, қамқорлықсыз қалған 2 913 адам, «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған 3 518 ана бар. Бюджет саласында жұмыс істейтіндер – 7 951 азаматты құраса, үйі апатты деп танылған 2 адам пәтер кезегіне тіркелген. Ал жер телімі кезегіне тұрғандар саны – 117 266 азаматты құраған. Былтыр 1189 жер телімі берілсе, биыл 1070 жер телімін беру жоспарлануда.
Бұл бағдарлама аясында бюджеттен 19,5 миллиард теңге қаржы қаралған болса, оның 17,5 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен бөлінген еді. Өткен жылмен салыстырғанда республикалық бюджеттен бөлінген қаражат биыл 3,7 миллиард теңгеге артып отыр. Осы қаржы есебінен 3 085 пәтерді құрайтын 48 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланды. Бұл қаржыға тұрғызылатын 745 пәтерлі 20 көп қабатты тұрғын үй арендалық, 2 080 пәтерлі 28 көп қабатты тұрғын үй несиемен берілмек. Биыл 1 835 пәтерлі 32 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру (оның ішінде 665 пәтерлі 19 көп қабатты арендалық, 880 пәтерлі 13 көп қабатты үй несиелік) межеленіп отыр.
Бұған дейін аталған бағдарлама тек жаңадан салынған баспаналарға арналғаны айтылған болатын. Тек «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы салынып біткен үйлер жалға беру бағдарламасы бойынша беріліп келді. Енді жаңа бағдарламаға артылар үміт зор.
Егер «5-10-20» бағдарламасы іске қосылатын болса, бұл халық үшін өте тиімді болмақ. Бірақ жаңа бағдарламаға кімнің ілініп, кімнің ілінбейтіні аса маңызды мəселе болып отыр. Бұған қатысты нақты ақпарат əлі жоқ. Тек тұрғын үй кезегінде тұрғандар ғана алуы да мүмкін. Бұл жағы əлі белгісіз. Бір анығы – ипотекалық несие «Тұрғынүйқұрылыс-жинақбанкінің» еншілес ұйымы ретінде «Отбасы» банкі арқылы берілетіні.
Қазіргі біздің экономикалық жағдайымызды ескеретін болсақ, 5 процентпен ипотекалық несие беру «ерлікпен» пара-пар. Себебі Ұлттық банктің базалық пайыздық мөлшерлемесі 9 процент. Демек, одан төмен проценттердің барлығы банктер үшін тиімсіз деген сөз. Оның шарттары мен ережелері енді дайындалып жатыр.
«Бұл бағдарламаның тиімді тұсы қандай?» деген сауал кім-кімді де мазалары анық. «7-20-25» қамти алмаған азаматтарды «5-10-20» қамти ала ма? Жаңаның ескіден негізгі артықшылықтары қандай? Сарапшылардың айтуынша, бірінші кезекте алғашқы жарна төлеу мəселесі аса өзекті болды. Халықтың қолында қолма-қол төлейтін басы артық ақшасы болмай шықты. Тіпті алғашқы жарнаның өзін несиеге алғандар да болыпты. Ал «5-10-20» бойынша бұл механизм жеңілдетілген. Бұрын шартты түрде бастапқы жарна ретінде 2 миллион теңге керек болса, жаңа бағдарламада 1 миллион теңге жеткілікті. Дегенмен 10 проценттік жарнаны төлеу 20 процентке қарағанда оңай болмақ.
Қалай болғанда да баспанаға қатысты бағдарламаның бəрін қаузап, артықшылығын іздеп, кемшілігін көкейге түйіп жүрген халыққа тағы бір мүмкіндік берілетіні анық.

Жайықбай ШАЛДАРОВ,
облыс әкімдігі құрылыс
басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support