Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қолдау көрсетілуде

Агроөнеркәсіп  кешенін дамытуға қолдау көрсетілуде
ашық дереккөз
Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қолдау көрсетілуде
Амангелді ӘБІЛ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстан экономикасының өзін-өзі қамту деңгейін арттыру қажеттігін атап көрсетті. Сондықтан облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатында «ҚазАгро» акционерлік қоғамы арқылы 6 проценттік мөлшермен несиелендіру жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған бірқатар шаралар қолданылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде онлайн режімінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев хабардар етті. Агроөнеркәсіп кешенін қолдау шаралары аясында бүгінгі күнге ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған қаржыландыру тетіктерін кеңейту, «алқаптан – сөреге дейін» қаржыландыру тетігін енгізу (пилоттық жоба), экспортты және импортты алмастыруды жүргізу, егіс алқаптарын кеңейту, ЖСҚ сараптамадан өту рәсімдерін жеңілдету сынды нақты іс-шара қарастырылыпты. Осы аталған іс-шаралар жұмыс орындарын ұлғайтуға, отандық кәсіпорындардың жүктемелерін арттыруға және импортты алмастыруға әсер ететін көрінеді. – Жалпы, ағымдағы жылы облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатына 24,7 миллиард теңге қарастырылған. Республикалық бюджеттен – 12 233,4 миллион теңге, облыстық бюджеттен – 12 487,3 миллион теңге, оның ішінде, бюджеттік кредит және трансферттерге – 7065,6 миллион теңге, субсидияларға – 16 995,2 миллион теңге бөлінген. Биылғы төрт айда республикалық және облыстық бюджеттерден жоспарланған 10 331,0 миллион теңгенің 10 328,0 миллион теңгесі 100 процент игерілді. Оның ішінде, облыстық бюджеттен жоспарланған 3 380,8 миллион теңгенің 3 377,9 миллион теңгесі 99,9 процентке игерілсе, бюджеттік субсидиялар бойынша жоспарланған – 3315,9 миллион теңге толық жаратылып, 100 процентті құрады. Республикалық бюджеттен жоспарланған 6 950,2 миллион теңгенің 6950,0 миллион теңгесі 100 процент игерілді. Оның ішінде, бюджеттік субсидиялар бойынша жоспарланған – 2 010,4 миллион теңгенің 2 010,3 миллион теңгесі жұмсалып, 100 процентті құрады. Облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсету үшін бүгінгі күні 20 бюджеттік бағдарлама шеңберінде субсидиялар мен кредиттер тұрақты түрде берілуде. Сонымен қатар облыста енгізілген карантиндік режім кезінде көктемгі дала жұмыстарын өз деңгейінде жүргізу мақсатында, облыс аумағында шаруашылықпен айналысатын тұрғындарға қала, аудан аумағына кіріп-шығуға электрондық рұқсат қағазын беру (электрондық базаға енгізіле отырып) арқылы жүзеге асырылуда. Сәйкесінше, көрсетіліп жатқан қолдаулар арқасында ағымдағы жылғы 4 айдың қорытындысымен облыс бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі – 39 474,5 миллион теңгені (НИК – 103 процент) құраса, оның ішінде, егін шаруашылығы өнімінің көлемі – 512,4 миллион теңгені (НИК-100,0 процент), мал шаруашылығы өнімінің көлемі 38 942,7 миллион теңгені (НИК-103,8 процент) құрады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Ұқсас жаңалықтар