- Advertisement -

Мартинс «Таразды» мазақ қылды

62

- Advertisement -

Жаңа маусымға дайындықты бастап кеткен «Тараз» футбол клубы кезекті оқу-жаттығу жиынын өткізу мақсатында Түркияға аттанғанын футбол жанкүйерлері өте жақсы біледі. «Тараз» футбол клубы кезекті ел біріншілігіне дайындық барысында жаңа ойыншыларды да қарастырып жатыр. Солардың бірі – өткен жылы «Тараздың» жейдесін киген Жоан Мартинс болатын. Өткен маусымда «Тараз» командасының намысын қорғаған Мартинс те осы оқу-жаттығу жиынына шақыртылған еді. Команда басшылығының мақсаты бразилиялық легионермен келісім-шартты ұзарту болған…
Португалиядан Түркияға келіп, қонақ үйге орналасқан ол ертесіне әріптестерімен бірге таңғы асты ішкен көрінеді. Бұдан соң футболшы түскі асқа келмей, жоқ болып кеткен екен. Сөйтсек, Мартинс өзінше жоспар құрып келіпті. Ол бос уақытын тиімді пайдаланып, басқа командамен келісім-шарт жасасыпты. Осылайша аттай қалап шақыртқан ойыншы команданы «лақтырып» кете барған.
– Біз футболшының мұндай тірлігіне қатты ренжуліміз. Оны осы оқу-жаттығу жиынына арнайы шақыртқан болатынбыз. Қайтадан келісім-шартқа отырамыз деген ойда едік. Ойыншының өзі келісіп, әріптестеріне командада қалатыны туралы айтқан. Сөйте тұра, өзі жоқ болып кетіп, басқа команданың қатарына қосылған. Футболшының агентімен телефон арқылы сөйлесіп, мұндай әрекеттің дұрыс еместігін түсіндірдік. Алайда олар ар-намыс дегеннен жұрдай екен. Ауаға айтқандай күй кештік. Мартинс азамат болса, командаға келіп, оған біздікінен де жақсы ұсыныс түскенін айтып, ер азамат ретінде қоштасып кетуіне болушы еді. Оның бұл әрекеті ер-жігітке тән емес. Мұндай тірліктер футболшыға абырой әпермейді. Енді оны таңдаған командалар кіммен келісім-шарт жасасуға тәуекел етіп отырғанын білетін болады. Футболшының жақсы ұсыныс үшін бізді пайдаланып кеткені өкінішті. Бұл футбол әлемінде өте сирек кездесетін жағдай, – депті команданың ресми өкілі «Тараз» футбол клубының сайтында.
Мартинс өткен маусымда «Тараз» сапында 31 мәрте жасыл алаңға шығып, бір рет өз қақпасына гол соққан болатын. Сондай-ақ ол бірде-бір мәрте нәтижелі пас шығармапты. Тоғыз мәрте төрешілер тарапынан сары қағаз алыпты. «Тараз» футбол клубының басшылығы мұндай дөрекі ойыншымен неге қайта келісімге келмек болды екен?

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support