- Advertisement -

Жастар – алтын, жасөспірімдер күміс жүлде иеленді

35

- Advertisement -

Алматы қаласында жас волейболшылар арасындағы еліміздің қысқы чемпионаты өтті. Бір аптаға созылған жарысқа «Тараз» командасы қатысты. Бұл додада он сегіз өңірдің командалары бақ сынап, өзара кім мықты деген сауалға жауап іздеді. Біріншілікте топқа түскен командалардың барлығы да жақсы ойын өрнегін көрсете білді.
Аламан барысында командалар жекелеген топтарға бөлініп, шын мықтылар өз топтарынан суырылып шықты. Олардың қатарында «Тараз» командасының жастары да бар. Жерлестеріміз қарсыластарынан оқ бойы озық болып, өздерінің жеңістен дәмелі екендіктерін көрсете алды.
Топтық кезең қорытындысы бойынша «Тараздан» бөлек «Сайрам» және Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстары мен Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларының командалары шешуші кезең жолдамасын қалтаға салған-ды.
Шешуші кезеңде «Тараз» волейболшылары алдымен «Сайрам» командасымен кездесті. Түркістан облысының намысын қорғаған сайрамдықтарды біздің жігіттер 3:1 есебімен жеңді. Бұдан соң «Тараз» волейбол клубының жампоздары Шығыс Қазақстан облысынан келген ұжымнан 3:0 есебімен айласын асырды. Осылайша сенім үдесінен шыққан жастарымыз финалға жолдама алды.
Бірінші орын үшін өткен ойында «Тараздың» жастары павлодарлықтардан басым түсті. Кездесу барысында тамаша ойын өрнегін көрсете білген тараздықтар қарсыластарын 3:1 есебімен жеңіп кетті. Осылайша «Тараз» волейболшылары қысқы біріншіліктің жеңімпазы атанды. Соңынан чемпионат қорытындысы бойынша үздік ойыншылар анықталды. «Тараздың» намысын қорғаған Нұрдәулет Құмаров үздіктер қатарынан көрінді.
Жастарымыз қысқы біріншіліктен алтын жүлде иеленіп жатқан кезде жасөспірімдеріміз де қалыс қалған жоқ. Олар Орал қаласында басталған аламанда атой салды. Жасөспірімдеріміз де жанкүйерлерді жерге қаратқан жоқ. Алдымен топтық кезеңде Шымкент қаласының және Шығыс Қазақстан облысының ұжымымен кездескен «Тараз» командасы жоғарыда аталған қарсыластарын 3:0 есебімен жеңіп, финалдық кезеңге жолдама алды.
Шешуші кезеңде де жігіттеріміз намысты қолдан бермеуге тырысты. Алдымен ширек финалда Ақтөбе облысының командасымен кездескен «Тараз» волейболшылары қарсыластарын 3:0 есебімен ойсырата жеңіп, жанкүйерлерді қуанта білді. Жартылай финалда да олар жасыған жоқ. Түркістан облысының жасөспірімдерін 3:0 есебімен ұтқан біздің команда доданың алтын жүлдесіне таласуға мүмкіндік алды.
«Тараз» командасы финалда қызылордалық құрдастарына қарсы тұрды. Бірінші орын сарапқа салынған ойын аса тартысты жағдайда өтті. Командаларға жеңімпазды анықтау үшін 5 кезең қажет болды. «Тараз» командасының намысын қорғаған жасөспірімдер барын салып бақты. Әйтсе де бұл күні біздің командадан сәл ғана басым болған қызылордалықтар 3:2 есебімен жеңіс тойын тойлап, аламанда топ жарса, «Тараз» волейбол клубына күміс жүлде бұйырды.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support