- Advertisement -

РУХЫ БИІК ЕЛ ҒАНА ЕҢСЕЛІ

113

- Advertisement -

Қазақ Журналистикасының мэтрі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері, жамбыл облысының құрметті азаматы Намазалы Омашұлы 70 жасқа толып отыр. Ол 1950 жылы 19 қаңтарда Меркі ауданының Ойтал ауылында өмірге келген. Қазақ журналистикасының бүгінгі жетістіктерінде Намазалы Омашевтің еңбегі елеулі. Соңғы жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінде Журналистика мәселелерін зерттеу институтын басқарып келеді. Намазалы Омашұлының қаламынан 13 монографиялық, үш оқулық, 9 оқу құралдары, 9 ғылыми-публицистикалық еңбек жарық көрді. Барлығы 34 кітаптың авторы. Қоғамдағы өзекті мәселелерге үнемі ой қосып жүрген ғалымның мерейтойы қарсаңында оның «Рухы биік ел ғана еңселі» атты мақаласын жариялап отырмыз.

Намазалы ОМАШҰЛЫ,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы.

Бір анығы, кез келген ұлт мен бәленше деген ұлтпын деп өзін бірден жариялай салмаған. Оған мойындату мен қалыптасуы үшін біраз уақыт қажет болды. Ал ақберен рухтың есендігі – сол ұлтқа рең беріп, оның елдік рәміздерін баршаға паш етер себепші екендігі аян.
Осы ретте қазақ рухы хақында тасып та, жасып та айтуға болады. Өткен тарихта біз қара мен ақтың, қасиет пен машықтың арасын айыруға қабілетіміз жетерлік ел болғандығымыз айтылады. Ауа райынан басқаға аса тәуелді бола қоймаған өмір салтымызда ел болып өмір сүруді әдетке айналдырғанымызға тағы да сол кәрі тарих куә.
Ал бүгінгі болмысымызда айтпау мүмкін емес бір шындық бар сияқты. Ол не десеңіз, осы бізге өзгелер шәкірт ретінде қарай беретіні несі? Оның арғы жағында үстемдік пен өктемдік әрекетке барғысы келетін мысықтілеу пиғыл, жасырын қимыл жатқанын сезбейді дей ме екен.
Дегенмен ұлттық рух қайткенде де өз мүмкіндігін, күш-қуатын әйтеуір белгілі бір дәрежеде көрсететіні анық қой. Ал біздің рухты ел болғанымыз, ерік-жігері мықты, ерлік жасай білетін жұрт екеніміз дәлелденген. Дегенмен ендігі жерде сондай мінез-құлықты қашан бойымызға сіңіріп, іс-әрекетке айналдыра аламыз? Міне, мәселе сонда жатыр.
Әңгіме рухани құндылық турасында болғасын оның қаңқа-тұлғасы, болмыс-бітімі күнделікті тыныс-тіршілікті айналып өте алмайтыны белгілі. Содан да руханият пен тектілік – ең алдымен алдымызды орайтын ұғымдар. Бір аксиома айқын, ол – рухы күштінің ұрпағы еңселі. Тектіден текті туады дейтініміз де содан. Халықтық тәрбиедегі үлкендер жатқан бұрышқа сәлем бермей өтпеудің өзінде тектіліктің негізі жатыр. Әкелеріміз қарттарға сәлем бер деп ертіп жүруші еді ғой. Осылайша ойындағысын ісімен көрсететін-ді.
Базбір ұлтқа пысықтық, енді біреулерге еңбекқорлық, тағы басқасына іскерлік тән болса, біз сияқты етек-жеңі мол пішілген елдің пешенесіне де кең ойлап, кемел толғау жазылған секілді. Оған кішкентай бір мысал, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары Оңтүстік Корея елінде іссапарда болғанымызда олар өздерінің шаруақорлығын дәлелдеп бақты. Шындығында да солай екендігіне көзімізді жеткізді. Сондағы әріптестеріміздің: «Сіздердің ұлттық ерекшеліктеріңіз қандай?» дегеніне делегация жетекшісі: «Біз еңбекқорлық жағынан кәрістің, іскерлік тұрғысынан немістің, ал пысықтық жарыстырып еврей ұлтының алдына түсе қоймаспыз. Бірақ өмірден көргені көп, өткеннен түйгені мол данагөй қариясын пір тұтқан ел екендігімізге шүбәңіз болмасын. Ата-бабамыз басқа өнерін былай қойғанда мал бағудың өзін өркениеттік деңгейге көтерген», – деді. Бұл сөзге өзге ғана емес, өзіміз де марқайып қалдық.
Малын қашаға қамап бағатын қазіргі шетелдік фермерлердің іс-тәжірибесін «міне, еңбек мәдениеті» деп тамсанғанда таңдайымыз тақ-тақ ететіні бар. Ал қазекемнің өріс таңдау, жайылым ауыстыру, күн райын болжау, жер жағдайы мен мал күтіміне байланысты толып жатқан өзгелер үйренерлік тағылымын неге еңбек мәдениеті демейміз. Батыры әрі ақын, шешені әрі би болған жұрт екенімізді айтудан неге жасқанамыз.
Аз ғана шегініс жасап барып тоқтасақ, қазақ руханиятының өз топырағында қанат жаюы қатпарлы тарихқа, жанпида күрескерлік кезеңдерге толы.
Он жетінің қызыл қырғынында кірменің айтқанын дұғадай көріп, бас шұлғу дәуірі басталды. Текті биден кепкі киген артық болған қарақшы қабағы бар жылдар еді ол. Сонда алдыңғы даналардан сабақ алған Алаш ардагерлері өркениетті дамудың жаңа бағытын ұсынып-ақ бақты. Амал қанша, билікке керзі етіктің күшімен келгендер рух әлемін өз пәлсафасымен алмастырып, алмағайып заман орнатты. Өзіндік пікірі жоқ қуыршақ қайраткерлердің дәурені жүре бастады. Сонда да қайратты рух иелері ақиқатты айтып жатты.
Отыз екінің нәубетті жылдарында қазақты қынадай қырған, сан миллион адамды жер бетінен жоқ етудің сәл-ақ алдында қалдырған зұлмат саясат өзіне тәуелді етті. Сонда біздің алтын құрсақ әжелеріміз теріден жасалған төсенішке бір уыс дәнді шашып жіберіп, ұрпағына талғажау еткізіп, аман алып қалды емес пе?
Отыз сегіздің ойранында атылудан ада бола жаздадық. Елді құртуға, жұртты жоюға әрекеті жетпеген қанды шеңгел халқымыздың қаймақтарын қалқып алуға бет бұрған қасіретке жалғасты. Мұнда атадан балаға мирас жадымыздан жаңылдыру, тектен тайдыру мақсаты жатты. Бірақ, алаштың әуеден тамған әулие нұрындай ұлтқа бедел азаматтарының арман-тілектері араға жылдар салып бәрібір жалғасын тапты. Біздің қазір кімді қалай бағалау керектігін ажырата алғанымыздың өзі де сол рухтың аяр ажалдан аман қалғандығы.
Қырық бірдің қырғынында қаншама боздақтарымыз опат болды десеңізші. Тағы да елдің элиталарын, көсем болар көрегенділерін, мәдениет пен әдебиетте көшін көлікті етер жақсы-жайсаңдарын майданға аттандырып, артынан амандық хат күтіп отырдық. Тыңдағы еңбеккерлерге де оңай болған жоқ. Арып-ашып жүрген мектеп жасындағы балалар аталары мен ағаларының орнын басты. Бұл да рухтың күштілігі емес пе?!
Ең ақыры, сексен алтының ызғары қазақ жастарын алаңға алып шықты. Ол енді – ұлы қимыл. Басқасын былай қойғанда, бабаңның да тарихта болғанын дәлелдеуді сұраған кеңестік кеудемсоқ идеологияға деген жауап-тұғын.
Айта берсек ұлттық рухымыз бен қасиеттерімізді, тарихымызды айғақтайтын мысал жетерлік бізде. Алдымен ауызға түскендерін ғана айттық. Солар қазір өтпелі құбылыс сияқты қабылданады. Енді міне, заман өзгерді, заң түзелді, жүгенсіз жүйе бұзылды, ел діліне ден қойды.
Халқымызда туған жеріне, өскен ортасына, отбасына, ең бастысы руханиятына деген ерекше сезім болған. Бүгінде сол қасиетті сезімнің қадіріне жете алған ата-баба, әке-шеше, аға ұрпақ қана сияқты болып көрінетінін жасыруға болмас.
Олар бәрін көрді: тоқтықты да, аштықты да, қуанышты да, қайғыны да. Тіпті туған топырақ пен төлтума болмысын мәңгілік жүрегінде аялау азабын да көрді. Сөйте жүріп бір нәрсені ұмыта алған жоқ. Ол – атадан балаға мирас болып бізге жеткен ұлттық құндылық. Ендігі ұстаным – осы құндылықты жоғалтпау.
Тәубе деп айталық, Қазақстан бұрын-соңды болмаған өз тәуелсіздігіне қол жеткізді. Бұл – баршамыз қадір тұтар ең қасиетті ұғым! Тарих үшін ол қас-қағым сәт. Бірақ біз «Елу жылда – ел жаңа» дейтіндей межелерді бағындыра алдық. Қазақстанның әлемдік дидарының қалыптасуы, ұлтаралық қарым-қатынастың реттелуі, саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық саладағы реформалардың оңды нәтиже беруі және бейбіт көршілік саясатымыздың баянды жалғасын табуы – бәрі-бәрі болашағымызға кепіл болар жағымды факторлар.
Алайда… Иә, ендігі әңгімені осылай бастауға тура келеді. Бізде билік тетіктерін ұстаған, қолдарында аса ірі капитал айналымы бар азаматтардың басым бөлігінен тәуелсіздікті іші толы тоңазытқышқа ойланбастан айырбастай саларлық немкеттілеу, жаны ашымас психология байқалып қалады. Бір ғажабы, оларды білімсіз, шаласауатты деп айтуға келмейді. Сөйте тұра, бойларында ұлтқа іштарту деген ынта-құлшыныс, жігер-қуат атымен жоқ. Неге десеңіз, біздің қоғамда біліммен қатар, ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие берілу керектігі ұмытылып қалып жатты. Меніңше, бар кілтипан, бар шикілік осы жерде сияқты.
Естеріңізде болса, шетелдік банктерде жатқан біз үшін беймәлім ақшаларға кешірім жасалғанын білеміз. Ақпарат көздері оның қыруар қаржы екенін айтып жатты. Осынау байлықты халық қамын емес, қарнын ғана ойлайтын, қолы ұзын қандастарымыздың жымқырғанын сеземіз, әрине.
Біз тәуелсіздік хақында сөз еткенде алдымен Абылайхан есімін айтамыз. Оның геосаяси жағдайға қатысты мәмілегерлік бітімді мықтап ұстана білуі арқылы тарихи рөлі арта түскені анық. Көреген басшы әр тараптан анталап тұрған, кеуделеп келгісі бар империялардың иық талдырардай айла-күшіне тойтарыс бере білді. Ол елдік мәселелерді шешуде әскери қуаты жетпей, уәжді сөзі өтпей қалған кезде бел баласын жау қолына кепілдікке беруге дейін барды. Ұлт тағдырына, ел қамына деген жанашырлық сезімнен туған бұл әрекет біздің билік өкілдеріне эталондық үлгі болса екен дейсің. Олардың бойынан кешегі басбармақпен қол қояр сауаты ғана болса да ұлтқа жақындықты, қарлығашжанды әрекетті аңғартқан бабаларға тән мінезді көргің-ақ келіп тұрады. Бірақ көре алмайсың. Амал жоқ, ондай рухы есен тұлғаларды ертеңнен күтесің.
Осындайда шетелде оқып жүрген бір студентіміздің әңгімесі еске түседі. АҚШ-тың Оклахома штатындағы Стилуотер қаласындағы студент жастармен кездесу өтіп жатты. Бір кезде Шығыс Қазақстаннан сонда оқуға барған Костя деген жігіт: «Біздің елде орыс проблемасы бар екенін несіне жасырамыз. Қазақстандағы орыстардың болашағы мүшкіл», – деп төбемізден жай түскендей етті. Қапелімде не дерімізді білмей американдық әріптестерімізге қарай беріппіз. Олар да қозғалақтап қалды. Сәлден кейін барып сұрақ қоя бастадым.
– Сонда сіз мұнда қалай келдіңіз?
– «Балашак» деген грант арқылы. Ол өте қымбат тұрады деп саңқ ете қалды.
– Қаржыны өзіңіз төледіңіз бе? – дедім.
– Жоқ. Мемлекет төледі, – деді ол менің сұрағыма түсініңкіремей.
– Онда сізді орыстың баласы деп бөлмей, қыруар қаржы төлеп, еліміздің болашағы деп оқытып жатса, Қазақстанның қандай кінәсі бар? – деуге тура келді.
Аңдысын аңдып отырған американдықтар аржағын айтпай түсінді. Қазекемнің: «еңбегің – еш, тұзың – сор» болғаннан сақтай көр дейтіні осындайдан екен ғой.
Өзін белгілі дәрежеде орыс демократиясының шәкірті санаған Әлихан Бөкейханның 1913 жылы «Қазақ» газетінде «Мен Кадет партиясынан неге кеттім?» деген мақаласы жарияланды. Онда метрополия өкілдерінің үстемдіктен туындайтын көзқарастарымен келісе алмайтындығын ашық білдіріп, дербес ұлт партиясын құру қамына кіріседі. Осы мақсаты жолында Уақытша үкімет тағайындаған губерния әкімі қызметінен өз еркімен босайды. Саяси отарлау салдары қазақтарға мемлекеттік биліктің ең төменгі сатысы — аға сұлтандықты ғана бұйыртқанын ескерсек, ол тұста Әлихан бас тартқан лауазымға жету оңай емес болатын. Ендеше, өз жағдайынан ел бақытын жоғары қоя білген алаш азаматының мәрт қимылын бекзат болмысынан, ұлттық тәрбиесінен іздегеніміз мақұл. Және ол басқарған «Алаш» партиясы адамзаттық өркениет пен ұлттық құндылықтарды ұштастыра білген мазмұнға ие болды. Біржақты батыстық даму үлгісін ғана ұстанып қалмағанына да дәлелдер жеткілікті. Олардың бастауыш сыныптарда баланы тек ана тілінде оқыту қажеттігін жақтағаны, араб графикасындағы жазуымызды латынға ауыстыруға үзілді-кесілді қарсы болғандықтары сөзімізге мысал бола алады.
Сол дәстүр жалғастығы үзілген бүгінгі күннің ақиқатын жасырып-жапқаннан ұтарымыз шамалы. Меніңше, өз тілінде сөйлемеуден бастап ұлттан кету, оған деген өгей көзқарас орын алады. Зайырлы деген Еуропаның Германия, Франция секілді елдерінің өзінде тіл тазалығын сақтау жолындағы күрес ешбір толастаған емес. Осы мақсатта Әдеп полициясы жұмыс істеп келеді екен. Міне, сізге ұлт тіліне деген мемлекеттік қамқорлықтың өлмес мысалы! Ғалымдар патшалы Ресейде бір кездері 270-тей тіл болған болса, бас-аяғы 80 жылдың көлемінде оның 130-ға жуығы ғана қалғанын өкінішпен айтады. Бұл – мықтап ойландыратын-ақ қауіпті сан. Әсіресе атасы мен немересі бір-бірін тілмәш арқылы түсінетін біздің қоғам үшін.
Бір қуанарлығы, соңғы жылдар ауанында еліміздің саяси элитасы ұлттық құндылықтарды қадір тұтар есімдермен толыға түсті. Және олардың шешімтал әрбір жаңа бастамасына жан-жақты қолдау білдіру азаматтығымызға үлкен сын. Басқаша айтқанда, «әлеуметтік бюджет», «ұлттық эфир», «ұлттық мәдениет», білім берудің «ұлттық моделі» секілді бүгінгі күн бедеріндегі мәселелердің кәделі, баянды болмағы баршамызға байланысты.
Әр ұлтты көбінесе өнері мен әдебиетіне қарап таниды. Өшпейтін де, өлмейтін де – сол. Мәселен, Египет пирамидалары, гректердің мүсін өнері, қытайлардың ұлы қорғаны, Бабырдың Тәжімахалы, француздардың Эйфель мұнарасы. Сондай-ақ сөз өнерінің зергерлері, бейнелеу өнерінің қайталанбас тұлғалары, ғажайып аспаптар жасаушы шеберлер… Тізе берсек, шаш-етектен. Ескіру орнына уақыт өткен сайын құлпыра, жаңғыра, жаңа тыныс ала түседі. Бұл басқаға емес, тек өнерге тән мәңгілік меже, өлмес өлшем.
Осы тұрғыда қазақ өнерінің де әлемдік қауымдастықта алар өз орны бар. Соның ішінде кешегі көшпенді ұлы өркениет зәулім қалаларға айналып, өзіндік өміршеңдігімен өрнек тапты. Айталық, қолөнершілер жасаған баға жетпес байлық әлемнің білгір мамандарын тамсандырып, таңғалдырып жүр. Әйтсе де тәуелсіз ел болғанымызбен төл өнерімізді төбеге көтере алмай отырмыз. Қазіргі жаңадан бой көтеріп келе жатқан дүниелерімізден ұлттық бояудың байқала бермеуі соның салдары.
Тағы бір парадокс. Осы күндері көпшілік кинотеатрларда көрсетіле бастаған тарихи фильмді талқылау үстінде. Сценарий авторы өзге ұлттан екен. Тіпті, онда ойнайтын актерлердің де бірқатары шетелден шақырылған. Не айтасыз? Қазақтан сондай сценарий жазуға, рөлді ойнауға адам табылмады ма?
Сөздің орайы келгенде айта кету керек. Елдігімізге сын келесі бір мәселенің басы қылтияды. Қай-қайсымыздың да құлақтан кіріп, бойды алған әдемі әнге деген құрметіміз баршылық. Оның ұлтына қарамай сиқырлап тастайтыны да рас. Дегенмен оның тәлім-тәрбиелік қуатына неге мән бермейміз. Қазір біз клипсіз ән тыңдаудан қалып барамыз.
Айтайын дегенім, кейінгі кезде әншілерімізге клип түсіру үшін Тәшкеннің Тәшматы да таңсық болып барады. Әрине, қадіріңді қалтаң білер қазіргі нарық заманында уақыттан басқа ештеңе де ақы-пұлсыз қозғалмайды. Олар бұл әрекеттерін ала шапанды ағайындарда арзан дегенмен ақтағысы келер. Бірақ, сол арқылы бізге өзге ұлттың рухы сіңіп жатқанын түсінбеген болады. Сөйтіп, әншілеріміз ұлттық эфирімізге не нәрсені болсын тықпалау кешірімді екенін біліп алды. Ұлттың обалы «біліп алғанға» ғана емес, оған мүмкіндік бергендерге де артыларын ұмытпасақ игі.
Кейде өзгеге де өкпе жүрмейтін кездер бар. Оған бір ғана мысал.Қалада мәдени орындар аз емес. Басқасын былай қойғанда санаңа сәулелі шуағын сыйлайтыны қаншама. Әрине, оған барсам, көрсем деп тұрса жақсы. Өкініштісі сол, арман қуып, оқу іздеп келген жастардың бақандай бес жыл оқып, мәдени орындарға бір рет бас сұқпайтындары бар. Бұл жаңа ұрпаққа әлі де адамгершілік пен рухани тәрбиені жете сіңдіре алмай жүргендігімізден де шығар. Сөз жоқ, әлгі жайттар саналы жас буынның келешектегі келісті келбетін сомдауда басты тегершік екені аян. Яғни өсер ел өрісінің кеңеюі рухани тегіне тікелей байланысты. Дәл бүгінде, еліміздің еңсесін тіктеуде мына үш саланың: экономика, экология және рухани әлемнің маңызы зор десек, соның ең қымбаты, елді ел қылып, халықтың қасиетін сақтайтын ұлттық құндылық екеніне жылжып жылдар, зымырап күндер өткен сайын көз жеткізіп келеміз.
Енді сол ұлттық өнеріміздің ішіндегі басым бағыт беріліп, эталон ретінде қайсысы бағалануы тиіс дегенге келсек, ұлттық құндылықтарымыздың ұшар басында домбырамыз – ұлттық символикамыз іспетті. Елтаңба, көк Байрақ, Әнұран қасынан ойып орын алатын асыл дүние де – сол. Көне заманнан бабаларымыздың кие тұтып, қастерлеп келе жатқан мұрасының бірі де, бірегейі де осы сиқырлы саз аспабы. Сондықтан да қазақ пен домбыраны бөліп қарамайды. Өйткені әлемдік рухани қауымдастықтағы биігімізге сондай киелер арқылы көтеріле алмақпыз. Домбыраның бағын жандырып, бағасын арттыратын қазақтан басқа жұрт жоқ та шығар. Бізді танытатын, өзгелерді табындыратын құндылыққа ие құдірет те – сол екендігі даусыз. Қадыр ақынның: «Нағыз қазақ – домбыра», – деген тастүйіні – түйін-ақ!
Жалпы, біздің ұлттық руханиятқа деген көзқарас сонау заманның өзінде қалыптасқан әрі тұтас бір танымға айналған. Осы ретте қазақтың ерте тарихындағы тұлғалы алыптары еріксіз еске түседі. Қорқыт, Қожа Ахмет Ясауи, Асан қайғы… Олар – дүниені әлемдік деңгей тұрғысынан екшеп, өлмес идея қалдырған данагөйлер. Қорқыт өлімнің бетін қобыз сарынымен, саз құдіретімен қайтару идеясын ұстанды. Мұндай жаңалық, философиялық терең ой-тұжырым сол кездің өзінде шығыс тұрмақ батыста болған емес еді. Қожа Ахмет Ясауи адам санасын тазалау идеясын ұсынды. Оның жолы – имандылық пен махаббат. Бар нәрсе адамның санасында екенін Асан қайғы салмақтайды. Ізгілік, имандылық – ұятта. Ал ұят – адамгершілікте дейді. Асан қайғының әлемдік зердемен саралаған әділетті қоғам идеясы Платонның әділетті мемлекет туралы ойларымен үзеңгі қағыстырып, иық тірестіріп тұр. Бұлардан кейін де осы ой жосығын одан әрі дамытып, әлемдік сана болмысты игере алған алыптар шоғыры бой түзейді.
Одан өзге кешегі Алаштық арыстардың ұлтқа, елге, жерге деген сүйіспеншілік әрекеттерінің өзі не тұрады. Астарлы саясаттың шырмауында жүріп, өз елінің мүддесін қорғайтын қаншама істер атқарып, ұлттың болашағы мақсатында өз идеялары мен жоспарларын іске асырып баққан. Ұлтжандылықтың тек басқа ұлттарға ғана емес, қазаққа да тән екендігін паш еткен елдің перзенттері емес пе олар.
Бұдан шығатыны қазақ – өнердің кеніші болған халық қана емес, биік ой, үздік идея туындысын ұрпақтан-ұрпаққа қастерлеп жеткізе білген, ұрпағын сол өнер өріне жетелеп шығара білген халық. Содан да болар, Құрманғазы мен Дәулеткерей бастаған қанша дүлдүл күйшілер шықты десеңізші. Бүгінгі күннің биігінен қарасақ, Құрманғазының құдіретті күйлерінің өзегіне айналған тәуелсіздікке қол жеткізуіміз бәлкім сол құбылыстың күші шығар. Осы ретте бір нәрсе айқын. Әзірге республикамыз қазба байлығының арқасында әлем назарын өзіне аударды. Елінің емес, жерінің астына көз салған қауымның қарасы күн өткен сайын көбейіп келеді. Алайда жеріміздің байлығына қызыққандарды еліміздің рухани, мәдени болмысымен баурап алу жағы кемшін. Бұл үшін ешкімді жазғыра алмайсыз. Алайда өркениет өлшемінде көйлегі көктің көңілі тоқ. Яғни ол өзге елдің жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренетін жағдайда. Мәселе тек мұнда да емес, әлемдік рухани айналымдағы ұлттың өз орнын табуында.
Елдің ел болмағы еркіндігінде, тәуелсіздігінде екенін есті уақыт әлдеқашан дәлелдеді. Оған кешегі күн төреші. Өткен ғасырымыздың ұлы нәубеті деп сол тұстағы сорақылықты айтпасқа шара жоқ. Сорақылығы сонда, екі жүзге тарта ұлт пен ұлысты мидай араластырып, жолынан тайдырып, ақылынан адастыра жаздады. Нәтижесінде жүзге жуық этнос есінен танып, елдігінен айырылды. Алпауыт ғасырдың аждаһа аранына жұтылып, жұмырына жұқ болмағандай күйде. Бұл жүрекке суық сәулесін шашады. Шамырқанасыз. Сонда шүкіршілігіңізді айтасыз. Әйтпесе, мына мысалға ден қойып көріңіз. Ел ішінде сыған жұрты туралы әзіл аралас әңгіме бар. Бір кезде олар өз елінен үлкен мақсатпен шығып, жол-жөнекей сол ұлы мақсатын ұмытып қалған екен деседі. Осыдан кейін қай ғасырдан бері қиқаланумен бүгінге есен жеткен қазақ рухының ендігі мәңгілігіне имандай иланасыз. Өйткені бабаларымыздың армандап өткен, жан алысып, жан берісіп күткен тәуелсіздігі қазіргі таңда ғана толық тұғырына қонды.
Қорыта айтқанда, өшкені жанып, өлгені тірілген шақта ұлт өзін-өзі тану үшін әлі талай қан сорпасы шығып, қолтық сөгіле ышқына еңбек ететін дер кезіне енді келді. Ол үшін, әрине, бұрынғы беріш болып бойға сіңген ауру-сырқатымыздан ада-күде айығуымыз қажет. Онымен күресу, заман талабына сай жаңа құндылық жасау біздің ұрпақтың маңдайына жазылыпты. Ұрыста тұрыс жоқ. Ана сүтіне жарып, саналы қоғам тәрбиесін алған өскін қолы қалт еткенде ұлттық киесі – домбыра, дала, дана деген ұғымдарға көбірек ден қойса, бойына қуат дарып, жанына жылы шуақ құйылады. Мұның өзі өнерді де өрге сүйреп, өрелі ұрпақты да өсірер еді.
Бізге әлі де үлкен насихат, ұлттық идеология керек. Ол – өз алдына бір үлкен әңгіме. Оны өзіміз жасамай тағы болмайды. Сырттың кекесінін былай қойғанда, өзіміз де сынға көп бой ұрамыз. Ол да керек шығар. Дегенмен ешкімнен кем емес екенімізді, мәдениеті, үрдісі бар халық екенімізді бізден басқа кім көрсетеді. Барды бағалай алмау – көргенді кісінің ісі емес.
Сөздің тоқ етері, адамзат тәжірибесіне сүйенсек, қай ұлт болмасын, рухты аспаннан да алмапты, жерден де қазбапты. Бізге де олай етудің қажеті жоқ. Оны жұртымыздың жадына, еліміздің есіне сіңіріп кеткен тағы да сол ұланбайтақ жердің иесі, тау мен даланың киесі – дала данагөйлері ғой. Арғы алаштың биік рухы да кім-кімге үлгі етерліктей емес пе еді. Оның үстіне қазір ел іргесі бекіп, етек-жеңі жиылды, жырым-жырым шекарасы бүтінделді. Алысты болжар арыстарымыздың ізгі ниетінен туындап жатқан осынау ұлтқа бұрылу, елшіл, мемлекетшіл реңдегі ұстанымы қазақ даласының гүлденуіне қызмет етері анық. Бұл — маргиналдарымыздың ұлтқа қарай бет бұруына ықпал етер қимыл. Өздеріңізге мәлім, белгілі реформатор Мұстафа Кемал Ататүрік Түркия мемлекетінде 1923 жылы мұсылмандық пен қазіргі өркениетті дамыта отырып: «Сен жарық дүниеге түрік болып келгенің үшін ғана бақыттысың!» – деген мақтан сезімді әрбір түрік баласының санасына сіңіре білді. Осы рухпен бірнеше ұрпақ сусындап, өсіп-өркендеді. Біздің азаматтардың ұлт руханиятына деген ықпалы осы үрдіспен сабақтасып, бүгінгі «ешкім еместер» қазақтығына қайта оралып, ұлт жоқшысы болатындығына сенім бар.

Нұр-Сұлтан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support