Елде суды үнемдеуге және оны пайдалануға бағытталған нормативтік-құқықтық базаны құру, инфрақұрылымды кең көлемде жаңғырту және су үнемдейтін озық технологияларды енгізу, су шаруашылығы құрылыстарын салу және пайдалану, су тасқынын болжау және су тасқынына қарсы іс-шараларды жоспарлау, тасқын суды реттеу мен пайдалануда ынтымақтастықтағы өзге елдермен тәжірибе алмасу, өзен ағындарын басқаруда шетел тәжірибесін зерттеу, ауқымды және перспективалы жобаларды іске асыру, отандық су саласының әлеуетін ашу жұмыстары қолға алына бастады.
Өңірлердегі су ресурстарын қорғау, суды заңсыз пайдаланудың қатері, су нысандарындағы құқыққа қайшы шаруашылық қызметпен күресу, өңірдегі өзен-көлдерді ластау, су көздерін бітеу, су қорғау аймағын белгілеу, елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету, судың сапасын жақсарту үшін тазарту құрылыстарын салу, ауыз су көлемін ұлғайту, тиісті жерлерде жаңа су топтық құбырларын салу, ағынды суларды тазарту, жер бөгеттерін зерттеу, қажетті аумақтарға жаңа су қоймаларын салу, қолданыстағы су қоймаларын реконструкциялау, ел территориясында су үнемдеу жүйелерін орнату, оған кететін шығындарды субсидиялау, су қорын ең көп тұтынатын сала – ел аумағында жинақталатын жалпы су қорының 60 пайызы немесе тәулігіне 40 мың тоннадан астам су жұмсалатын ауыл шаруашылығы саласының қажеттіліктерін арттыру секілді бірталай шаруалар да кешенді түрде жүзеге асырылуда.
Мәселен, биылғы су тасқыны кезінде Қазақстанның су қоймаларына 12 миллиард текше метрден астам су жиналды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2,5 есе көп. Жиналған су экономика қажеттіліктері үшін пайдаланылады.
Ақмола облысы бойынша «Қазсушар» филиалы Сілеті су қоймасының су торабы қапаларын ашу механизмдерін сынау үшін гидромеханикалық жабдықтарды орнату және тексеру іс-шаралары орындалды.
Қорғалжын ауданындағы Кеңбидайық су торабы аумағы қарағайдың қылқан жапырақты бұталарының көшеттерін отырғызу арқылы абаттандырылды.
Суару кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету мақсатында Жамбыл облысы бойынша «Қазсушар» филиалы Жуалы ауданында Ақсай және Көксай өзендеріндегі гидротехникалық құрылыстарға жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, Тихий және Таракул каналдары механикалық әдіспен тазартылды.
Осындай қыруар міндеттердің басында тұратын су саласы қызметкерлерінің көзге көрінбейтін еңбегі ұшан-теңіз.
Олар әр үйді, әр кәсіпорынды және бүтін елімізді ең құнды ресурс – сумен қамтамасыз ету үшін ауқымды, бірақ сыртқа елене бермейтін жұмысты атқарады. Су саласы қызметкерлерінің қажырлы еңбектері болмаса, ауыл шаруашылығы, экономика, өнеркәсіп, коммуналдық және басқа да көптеген салалардың сапалы жұмысын бағалау мүмкін емес.
Соңғы уақыттарда су саласында ғылым мен инновациялық технологиялар саласындағы өзара іс-қимыл жұмыстарын жолға қою барысында білікті мамандардың тапшылығы байқалып, кәсіби мамандарды даярлап шығарудың қажеттілігі туындай бастаған болатын. Білікті маманның су шаруашылығы саласының басты байлығы екендігі рас. Оған биылғы ауқымды су тасқыны кезінде кезекті рет көзіміз жеткенін жасырмаймыз.
Сондықтан су шаруашылығы мамандықтарының тартымдылығын арттыру мақсатында республикалық «Болашақ» бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Оған «Гидрогеология», «Су ресурстары» және «Су қауіпсіздігі» секілді су саласының мамандықтары қосылды. Нәтижесінде, биылдан бастап қазақстандықтар аталған мамандықтар бойынша шетелде білім ала алады.
Біздің аймағымызда да дәл осындай жаңалықтың сүйінші лебі ескенінен жамбылдық жұртшылық хабардар.
Таяуда облыс орталығында «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің» ашылуына байланысты кәсіби бағдар беру семинары өткізілді.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде өткен аталмыш семинардың мақсаты – су шаруашылығына және ирригацияға байланысты ашылғалы отырған оқу орнының қазіргі таңдағы қоғамнан алатын орны, рөлі, сондай-ақ, маңызы мен мәнін, формасы мен мазмұнын болашақ студенттер мен олардың ата-аналарына, жалпы әулиеаталық тұрғындарға таныстыру, түсіндіру.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, Су шаруашылығы институтының деканы Ғалия Омарова, химия және химиялық технологиялар кафедрасының меңгерушісі Маржан Қалмаханова, облыстық білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов қатысты.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы, ректор Мұхтар Байжұманов жүргізген семинар сұрақ-жауап алмасулар арқылы еркін форматта өтті.
Су шаруашылығы мамандарын даярлау үшін алдағы 2024-2025 оқу жылына 615 мемлекеттік білім беру гранттары бөлінгенін еске саламыз.
Үміт БИТЕНОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді