«Мырзахметовтің жобасы» ел тұрмысын түзеуге жаңа серпін береді

11

Бүгінде облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасына енген ауылдық округтің тұрғындарын 2,5 пайызбен несиелендіру қызу жүргізілуде. Өткен жылы бұл қанатқақты жобаға өңіріміздің 10 ауданынан 11 ауылдық округ енген болатын. Жалпы, бұл ауылдық округтерден 7 886 ауланы қамту көзделген. Қазіргі таңда «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына ауыл тұрғындарынан 2 459 өтініш түскен.
Бұл жоба негізгі 5 бағыт бойынша жүргізілуде. Атап айтсақ, бірінші бағыты, үй іргесіндегі жер телімдерін тиімді пайдалану. Бұл үшін республикалық бюджеттен 199,2 миллион теңге бөлінген. Егістік жерден жақсы өнім жинау үшін ауыл шаруашылығы кооперативтері арқылы өтінім түсірген азаматтарға тұқым, тыңайтқыш, таратылатын болады. Сондай-ақ жылыжай салу үшін 18 азаматтан өтінім түсіпті. Бұл мақсатта 194,1 миллион теңге қаралып, ол өтінімдер алдағы аптада қаржыландырылмақ.

Бүгінгі таңда жақсы қаржылан-дырылып жатқаны екінші бағыт. Ол – мал шаруашылығын дамыту. Ауыл тұрғындарының мал сатып алуы үшін 6 687 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі таңда қаржыға қол жеткізген 388 адам 1 миллиард 270 миллион теңгеге мал сатып алуда.
Үшінші бағыт – тұрғындардың ауыл сыртындағы жер телімдерін тиімді пайдалануы үшін 15 252 гектар алқапты игеру межеленген. Бұл бойыша округтерден тұқым, тыңайтқыш, химиялық қорғау заттарын сатып алу үшін 434,4 миллион теңгеге өтінім түскен. Ал төртінші жоба бойынша, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне техника, басқа да қажетті құрал жабдықтар мен арнайы қондырғылар алу үшін 1 миллиард 70 миллион қаралған. Соңғысы, ауыл тұрғындарының жеке кәсіп ашуына 319,6 миллион теңге қарастырылып отыр. Барлық құжаттар «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы жүзеге асырылуда.
Облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-да болып, құжат қабылдау жұмысының барысымен танысты. Мұндағы жұмысты жеделдету үшін онда 70-тен аса қызметкер жұмылдырылыпты. Жалпы, онда күніне 200-ден астам құжат айналымға түсуде.
Онда облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеевті әңгімеге тарттық.
– Өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің бастамасымен өмірге келген қанатқақты жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарапынан қолдау тапқаны белгілі. Бұл жобаны қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен 7,2 миллиард теңге бөлініп, жылдық өсімі 2,5 пайызбен несие қаржы таратылуда. Несиені қайтару мерзімі 5 жыл. Бір жыл каникулы және бар. Қазіргі таңда несие алғандардың саны 388 адамды құрайды. Әзірге осы жоба бойынша ғана несие таратылуда. Берілген несие сомасы 1 миллиард 270 миллион 700 мың теңге. Бұл қаржы өтініш берген әрбір азаматтың өз есеп шоттарына түскен. Олар жергілікті ветеринарларды қатыстырып, малды базардан да, белгілі шаруа қожалықтардан да сатып ала алады. Несие алушы екі айдың көлемінде малды алып, сырғалап, базаға енгізуі тиіс. Екі айдан кейін тексерушілер шығып, қаржының мақсатты игерілгенін анықтайтын болады.
Бұл бағыт бойынша аудандардың ішінде Байзақ ауданы алда келеді. Атап айтсақ, Байзақтан – 60, Сарысудан – 47, Жуалыдан – 43, Т.Рысқұловтан 40 адам несие алса, ауданның шалғайлығынан болар Мойынқұмнан әзірге 17 адамның ғана оған қолы жеткен.
Бұдан бөлек, алдағы аптаның басынан бастап жылыжай салам деушілерге қаржы босатылатын болады. Ал ауыл шаруашылық кооперативтеріне 1 ақпаннан бастап техника таратылады. Бүгінгі таңда 194 ауыл шаруашылығы техникасы алынып, қаржысы төленген. Бұл техника «АгромашХолдинг» арқылы алынды, – деген Мұратхан Шүкеев басқа да бағыттар бойынша айтып берді.
Мұнда келіп, құжаттарын өткізіп жатқан адам қарасы қалың. Соның ішінде Талас ауданы Үшарал ауылының тұрғыны Жеңіс Дүйсенбаев бүгін құжатын өткізіп, корпорациямен келісімшартқа отырып шығып келе жатқан беті екен.
– Бұрыннан несие алуды ойлап жүрген болатынмын. Ауылда тұрған соң мал ұстамасақ болмайды ғой. Қолдағы жалғыз сиырдың сүті бала-шағамнан артылмайды. Сауын сиыр басын көбейтіп, ірімшік, сүзбе, сарымай жасауды қолға алмақпын. Сол үшін ерінбей құжаттарымды бір ай жинап, бүгін өткізіп отырмын. Оны жинауда ауыл әкімдігінің қызметкерлерінің де көп көмектері тиді. Енді міне, бүгін жұмысым бітіп, ертең 2 миллион теңге несиемді алмақпын. Оған 5 сиыр аламын. Осындай қанатқақты жобаға қолдау көрсеткен Мемлекет басшысына, Үкіметке көп-көп рахмет. 2,5 пайызбен 5 жылға берілген несие біз үшін үлкен көмек. Жалпы, бұл несиені ауылдағы жұмыс істемейтін де, жұмыс істейтін де адам ала алатынына бүгін көзім жетті. Ауылға барған соң ағайындарым мен құрдастарымды несие алып, жұмыс істеңдер деп үгіттейтін боламын, – деді ол.
Жалпы, «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан» жобаға қатысуға ниетті ауыл тұрғындарының артқанын көрдік. Жоба – ел тұрмысын түзеуге жаңа серпін береді деген сенімдеміз.

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Марат Құлибаев

Comments are closed.