Жас ақындар Тәуелсіздікті жырлады

11

Облыстың 80 жылдығы қарсаңында Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің бас ғимаратында аталған жоғары оқу орнының және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің қолдауымен, Тараз қалалық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіз елдің айтысы – адалдықтың жаршысы» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті. Соңғы жылдары өңірімізде жастар айтысы жиі өте бастады. Оған басты себеп, елдің алдында қызықты сапалы айтыс жасай алатын жас толқынның көбеюі. Ал жас ақындардың қатарының артуы – облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің айтысты қолдауының жемісі.
Сонымен ТИГУ сахнасында кімдер жыр додасының көрігін қыздырды? Бұл айтыс аламанының басты жаңалығы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі­нің студенті Шерхан Айдарұлы болды. Алғаш шығып тұрса да қарсыласы «Тараз-Болашақ» колледжінің студенті Елібек Нұрмағанбетовке: «Арғымаққа жабатын ер тоқымды, сен басқа жануарға жаба алмайсың», – деп ұтымды ой айта білді. «Ақындық, ұйқастырып өлең құрау әр қазақтың қанында болады ғой. Ақындар «медик» бола алмағанмен, «Медиктер» ақын бола алады ғой», – деп жырлаған Елібек те ертеңінен үміт күттірді.
Келесі жұпта айтысқан М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың студенті, Қытайдан оралған қандасымыз Шапағат Әбдір: «Кененнің көк шолағы шапқан жерде, өлеңнің көк шолағын баптап жүрмін», – деп сөз бастаса, қарсыласы ТарМПУ-дың студенті Ернұр Бейсенов: «Бәрінен де дәл бүгін ТИГУ озды, ТарМУ мен ТарМПУ-дың басын қосқан» – деген тапқырлығымен елді баурап, жақсы ойларын кестелеп төкті. Таластық жас ақын Нұржан Манатбектің әр айтыс сайын шыңдалып келе жатқаны байқалды. Қарсыласы ТИГУ-дің студенті Медеу Мырзатайдың: «Астанадан бір түнде қалай келдің, жекеменшік ұшағың бар ма сенің?» дегеніне, Нұржанның: «Қаласаң жекеменшік ұшағыммен, сені айтыстан ұшырып жіберемін», – деген әзілі көрермен көңілін дөп басып жатты. Тараздық Дидар Апбасов пен М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың студенті Мұқағали Балтабай жақсы айтыс жасады. «Жемқорлар тауып жүрген оңай олжа, жас болып ағып жатыр жанарлардан», – деген Мұқағалидың ойын Дидар: «Мектепке «ставкамен» кіргізеді, осы жағы әлі де санада тұр. Мұғалімнің айлығы көбейгенмен, абыройы төмендеп бара жатыр», – деп әдемі жалғай білді. «Жемқорлық жұмысыңды бітірмейді, қазақтың шаруасын бітірмесе», – деп жырлаған байзақтық Дархан Әбдіманат Шу ауданынан топқа түскен Әділет Медетқұлды жақсы айтысқа жетелеп отырды.
Қазылар алқасының шешімімен ТарМПУ-дың студенті Ернұр Бейсенге бас жүлде берілсе, ТИГУ-дің студенті Медеу Мырзатай бірінші орынға лайық деп танылды. Екі екінші орынды байзақтық Дархан Әбдіманат пен тараздық Дидар Апбасов иеленді. Таластық Нұржан Манатбек пен меркілік Мұқағали Балтабай үшінші орыннан көрінді. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің арнайы жүлдесін аталған департамент директорының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев жақсы өнерімен ерекшеленген М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың студенті Шапағат Әбдірге табыстап, «Жемқорлықпен күрес, бөтен мүлікке қол сұғу жағдайын айтыскерлердің жырмен айтуы керемет әсер етеді екен», – деп, алдағы уақытта да айтысты қолдауға уәде берді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді ТИГУ-дің ректоры Ерболат Саурықов, қазылар алқасының төрағасы Ахметжан Өзбеков марапаттап, диплом мен бағалы сыйлықтар тапсырды.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.