- Advertisement -

«Кезбенің» кенептегі бояулары

125

- Advertisement -

– Маған «қаңғыбас» болған ұнайды.
Суретшіден мұндай сөз күтпеген едім. Бірақ таңғалғам да жоқ. «Талант үшін бұл кемшілік емес» деп шештім.
– Шабыт несиемді жапқанда келеді.
«Ой…Талант па десем, халтурщик екен ғой…» деген ой да қабаттаса кетті. Сосын:
– Шабытқа несиеңіздің төленгенін қалай «хабарлайсыз»? – дедім қитығып.
Бірақ ол менің сөзіме мүлдем шамданған жоқ.
– Білесіз бе, шығармашылықпен айналысқанда миым тынық, алаңсыз болғанды қалаймын. Бір ой мазалап тұрса, ол бәрібір туындыға әсер етпей қоймайды. Еркін суретшінің миы бос болу керек. Сонда ғана жақсы шығармалар туады. Сол үшін алдымен қарыздарымнан құтылуға, мәселелерді шешуге тырысамын.
«Сөзінің жаны бар, бір жағынан…». Бұл жолы суретшіні іштей мақұлдадым.
Иә, ол тар бөлмеге, зәулім ғимаратқа, тіпті, кейде алып Алматыға сыймайды. Сондықтан да Қазақстанның әр өңірі, барлық қиыры оның шығармашылық бөлмесі. Бар тапқанын саяхатқа, ел аралауға, «кезбе» болуға жұмсайтыны да сондықтан. Америка, Үндістан, Қытай, Франция, Нидерланды, Непал, Ресей, Татарстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Түркия, Канада, Швеция елдеріне табаны тиген суретші, бір қызығы, «Қазақстанға жетер жер жоқ» дейді.
– Бірде қыстыгүні Қарағанды жақтан көлікпен келе жаттым. Күн аяз. Иен далада мал жайылып жүр. Малдың бір шетінде тонға оранған жап-жас бала отыр. Қолында кітап. Қандай керемет көрініс десеңізші. Оған түк керек емес. Айналасындағы аласұрған әлемде не болып жатқаны оған маңызды емес. Жалпы, біздің ата-бабаларымыз мал соңында жүріп-ақ талай ән мен жырды дүниеге әкеліп, ғажайып суреттер салған ғой. Қазақтың әдебиеті, мәдениеті, өнері сол заманда-ақ талай жұртты тамсандырған.
Мен қаншама елді, жерді көрдім, солардың ішінде дәл қазақтай қонақжайлылығы, мәдениеті, сыйластығы жоғары ел жер бетінде сирек екеніне көзім жетті. Кейде өз халқымызды өзіміз бағалай алмай жататынымыз өкінішті. «Дамыған» деп таңдай қағатын Америка, Жапония, Қытай секілді елдердің халықтары біздің ұлтымыздың тырнағына да татымайды дер едім. Көбісі өздері бай болғанымен, жандары кедей. Дүние, байлық көздерін байлаған. Шетелде есігін тақылдатсаң, алдымен итін жібереді. Мәскеуде картинамды көрсетуге бір үйге барғанымда питбульге таланып қайтқаным бар. Иттерін айтақтатып, қуып жібергендері қаншама.
– Сонда «қаңғыбас» болған ұнай ма?
– Бай болу мақсат емес. Алла берем десе береді. Маған ақша тамағыма жетсе болды. Байқасаңыз, картиналарымның да бағасы қолжетімді. Егер өмірге қайта келсем де, дәл осы жолды таңдар едім.
– Тарихта есіміңізді қалдыру арман-мақсатыңыздың бірі емес пе?
– 1857-1890 жылдары Нидерландыда Винсент Ван Гог деген, өз құлағын өзі кесіп алған суретші өмір сүрді. Өзінің небәрі 10 жылдық шығармашылық өмірінде 800-ге тарта туындыны дүниеге әкелді. Өте еңбекқор болған. Өмірінің соңғы 70 күнінде 70 картина салған! Ал сол тірі кезінде небәрі бір ғана картинасын 400 фунтқа сата алды. Сенесіз бе?! Кезінде оның картиналарымен терезе тесіктерін жамаған. Ал қазір Ван Гогтың бір жұмысы 70 миллион еуроға бағаланады.
Сол секілді қоғамда дәл қазіргі таңда біздер, адамдар, көп маманның, шебердің, шығармашылық өкілдерінің бағасын, қадірін біле алмай жатырмыз. Бірақ, тарих – төреші. Ол бәрін де өз орнына қояды.
– Шабыт келмегенде, депрессияға түскенде қайтесіз?
– Қаңғып кетем. Ел кезем.
– Нақты бір жерде жұмыс істейсіз бе?
– Өмірімде бір мекемеде жұмыс істеп көрмеппін.
– Жеке көрмеңізді өткізгіңіз келмей ме?
– Ондай көрмелерге еш қызығушылығым жоқ. 3-4 суретші бірігіп, шетелдерде өткізген кездеріміз болған. Маған одан гөрі ел аралап, жұртпен сөйлесіп жүріп жұмыстарымды сатқан көбірек ұнайды.
– Сіздің бағытыңыз, әлде ағым дейміз бе, импрессионизмді таңдауыңызға не себеп?
– Бұл бағыт ХІХ ғасырда Францияда пайда болған. Француз суретшісі Клод Моне негізін қалаған. Елдер реализмнен жалыққанда пайда болған бағыттың бірі. Белгілі импрессионистер қатарына жоғарыда айтқан Ван Гог, Ренуар, Пикассо, Санчес жатады. Бұлардың еңбектері қазір дүние жүзінде ең бағалы туындылардың қатарында. Импрессионизмде графика, түстер қанықтығы, қысым, жалпы, менің жаныма жақынның бәрі бар. Бұл бағыт бойынша жұмыс істеу маған оңай.
– Қандай картиналар сұранысқа ие?
– Көбісі ескі архитектураға қызығады, сұрайды. Бұл өзіме де ұнайды. Өйткені қазіргі заман бейнесінде, келбетінде жан жоқ сияқты.
– Қай елдің суретшілерін бағалайсыз?
– Франция мен Санкт-Петербургтің.
– Қазақстанда әлемді мойындатып жүрген суретшілер кімдер?
– Семейлік Қанатбек Чагиев деген суретші мықты. Алматылық Елена Тё, Илья Устьянцевтерді де жоғары бағалаймын.
– Сіз бағалаған суретшілерді мемлекетіміз бағалап жатыр деп ойлайсыз ба?
– Әрине, бәрі керемет деп айта алмаймын. Бірақ солай болатынына сенгім келеді.
Қазір шығармашылықты түсінетін, үйренетін жастар көп. Оларға мүмкіндік беру керек. Сонда олар бұл саланы дамыта түседі.
Өнер жолы өте ауыр жол. Біз Алматыдағы сол кездегі КазПИ-дің көркемсурет факультетінде бір курста 70 студент оқыдық. Соның небәрі он шақтысы ғана суретші болып шықты. Бізде қолдау көрсетуден бөлек, қазіргі тілмен айтқанда, промоутерлердің жұмысы жетіспейді. Жарнамалау жағы кемшін.
– Туған жеріңіз?
– Меркі ауданында тудым. Жоғары оқу орнынан кейін Алматыда қалып қойдым.
– Қазір енді қайда бағыт алдыңыз?
– Білмеймін, Алматы әзірге «надоел» боп кетті. Тараз арқылы Шымкент, Қызылорда жаққа, онан соң Атырау жақтарға барып қайтамын ғой деймін.
– Әңгімеңізге рахмет! Болашақта туындыларыңыз «Кезбенің» кенептегі бояулары» деген тақырыппен әлем мұражайларының төрінен орын алсын деп тілейміз!

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Алматы – Тараз –
(ары қарай әйтеуір бір қала).

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support