- Advertisement -

Жамбылдықтардың жарқын жобасы

43

- Advertisement -

Қазақтың жаны, нәр алатын рухани түп-тамыры – ауыл. Елін сүйетін әр азаматтың кіндігі – қасиетті ата-баба мекеніне байлаулы. Сондықтан да мемлекеттің дамуында ауылдың орны мен қосар үлесі ерекше.

Қазақстан – әлемдегі жер көлемі кең мемлекеттердің бірі. Еліміздің әрбір тұрғынының үлесіне тиетін ауыл шаруашылық жер көлемі 12,3 гектардан асады. Бұл – Отанымыздың азық-түлік қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуге жол ашатын ең басты мүмкіндік.Елімізде осы мүмкіндіктерді пайдалану мақсатында тәуелсіздік жылдарында тоғыз мемлекеттік бағдарламалық құжат әзірленді, олардың негізінде АӨК саласындағы мемлекеттік саясат іске асырыла отырып, бірқатар оң нәтижеге қол жеткізілді, десек те республикада кейбір басымдықтарға ие индикаторлар орындалмай келді.
Бұл орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр» деген болатын.
Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарындағы мақсаттар, міндеттер мен нәтижелер көрсеткіштерін терең зерделеп қарағанда, уақыттың зымырап өтіп жатқанын, жүзеге асыратын істерді тездетудің қажеттігін ойлап, еріксіз беймаза күйге енетініміз де рас.
Осы жылдың тамыз айында Сенаттағы әріптесім М.Жолдасбаевпен бірге Жамбыл өңірінде халықпен кездесу барысында облыс әкімінің қабылдауында болдық. А.Мырзахметов жалпы аймақтың тыныс-тіршілігіне қысқаша тоқтала келіп, бүгінгі таңда Жамбыл облысында тұрғындардың тұрмысын жақсарту мақсатында, бірқатар бастама қолға алынып, қазіргі кезде аталған бағытта ауқымды, қанатқақты жобаларды жүзеге асыруға дайындық жұмыстарының жүріп жатқандығы туралы өз ойымен бөлісті. Осы орайда өңір басшысы өзінің жетекшілігімен жұмыс тобы өңірдегі барлық аудандар мен ауылды елді мекендерге арнайы барып, 138 мың аула толық зерделенгенін және аталған 5 бағыт бойынша жалпы құны 46,4 миллиард теңге болатын 31 мыңнан астам жобаны іске асыру мүмкіндігі анықталғанын, нәтижесінде 131 мың отбасы немесе 600 мыңнан астам адам айына орташа есеппен 128 мың теңге көлемінде тұрақты табыспен қамтылып, 68 мың тұрғын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар жеке кәсіпкер санатына айналатынын атап өтті.
Жобаның толық нұсқасын қолма-қол бізге ұсына отырып, мұқият зейін салып танысып, заңнамада белгіленген тәртіппен «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Конституциялық заңның шеңберінде қолдау көрсетуімізді сұрады. Кездесуден кейін менің арман-қиял кеңістігімде ауыл тұрмысы, ауыл шаруашылық саласындағы жақсылықты нышанның үміт сәулесі көрінгендей болды.
Аталған жоба бойынша тұрғындардың ұсыныстарын ескере отырып, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған 5 бағыт қарастырылған. Жоба үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану, үй ауласындағы мал мен құстың өнімділігін арттыру, ауыл сыртындағы пайлық үлес жерлерді ұтымды пайдалану, сол арқылы жемшөп, жайылым мəселесін шешу, қосалқы шаруашылықтардың тиімділігіне қолбайлау болып отырған мəселелерді кооперативтер арқылы шешу жəне ауылдағы шағын жобаларды қаржыландыру бағыттары өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.
Облыс әкімдігінің болжамдарына сәйкес аталған шараларды қабылдау, жоғарыда атап өткендей, 131 мың отбасыны ай сайын 128 мың теңге көлемінде тұрақты қосымша табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл қазіргі табыс деңгейінен 4 есе артық. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімі 34%-ға артады. Ет пен сүт өңдейтін кәсіпорындар жүктемесі 30%-ға ұлғаяды.
Жобаның ауқымдылығы мен қаржыландырылу мәселелерін ескере отырып, биыл (бірінші кезеңде) облыстағы әрбір ауданның бір ауылдық округінде іске асыру ұсынылып отыр. Нәтижесінде 10 ауылдық округ пен 23 елді мекен қамтылатын болады. Ол үшін 7,2 миллиард теңге көлемінде қаражат қажет. Жобаны іске асырудың екінші кезеңі 2020-2021 жылдарға жоспарланған.
2019 жылдың 17 қыркүйегінде Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы» мақұлданды. Осы жылдың 1 қазанында 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылауға арналған Үкімет отырысында, аталмыш жобаның бірінші кезеңін іске асыруға 7,2 миллиард теңге бөлу жоспарланды. Алдағы уақытта Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі және Сенат депутаттары да қанатқақты жобаға қолдау көрсетеді деп ойлаймыз. Бүгінде, облыс әкімдігінің мәліметінше, әуелі жобаның жемістілігіне көз жеткізу үшін әрі жұмыстың үлгі-бастауы ретінде облыстың таңдап алынған 10 ауылдық округінде жобаны іске асыру мақсатында, жергілікті бюджет есебінен пәрменді жұмыстар қызу басталып кетті. Бұл жоспарлы жұмыстың алғашқы кезеңі болмақ.
Әрине, мәселе өте өзекті әрі ауқымды. Бұл жөнінде әртүрлі ой-пікірлер болуы мүмкін. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында «Аталған дәлелдемелерді жинақтау міндеті жеке азаматқа немесе бизнеске емес, мемлекеттік органға жүктелетін болады» деп атап өткендей, оны жүзеге асыру барлық атқарушы орган қызметкерлеріне, ауыл шаруашылық тауар өндірушілеріне үлкен жауапкершілік жүктейді. Қоғамдағы болып жатқан игі бастамаға ауыл тұрғындарын жұмылдыру үшін, кең қанатты түсіндірме, үгіт-насихат жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ осы жобаны халыққа дұрыс түсіндіріп насихаттай білсек және ауыл шаруашылық саласын дамытуға барлығымыз атсалысып күш жұмсасақ, онда бұл жоба, биік мінбелерден айтылып жүрген, кейінгі кезде санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, ең алдымен ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану мүмкіндігі артады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша берген тапсырмаларын орындау мақсатында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы» өте маңызды, үлкен саяси әлеуметтік әлеуетке ие, уақтылы әрі қажетті жоба. Сонымен қатар бұл жоба жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдауға және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға негізделген. Оның іске асырылуы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және жер телімдерін пайдалану мен мал шаруашылығын дамыту бойынша жаңа мүмкіндіктер береді. Сондай-ақ қажет болған жағдайда заңнамалық сипаты бар қосымша шаралар қабылдау қажет деп ойлаймыз.
Қорытындылай айтқанда, кіндік қаны ауылда тамған, осы салаға маманданған, өмір жолын имандылық, ізгілікпен өрімдеген Асқар Исабекұлының қазақ ауылын көтеруге деген құштарлығы тәнті етті. Өзінің өмірлік іс-тәжірибесі мен білімін алға тарта отырып, қанатқақты жобаның тиімділігі өте жоғары болатынына сеніммен қарайтындығы да қатты қуантады.
Алдағы уақытта бір облыстан бастау алған қанатқақты жобаның қайтарымы мен нәтижесі көрінгеннен кейін осы мақсатты жұмыстар кең ауқымда жалғасын табады деп ойлаймын.

Абдалы НҰРАЛИЕВ,
Парламент Сенатының депутаты, техника ғылымдарының кандидаты.

(«Egemen Qazaqstan», 14 қазан, 2019 жыл).

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support