- Advertisement -

Екі балуанымыз Азия чемпионатына барады

249

- Advertisement -

Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен еркін күрестен «Тараз-Арена» спорт сарайында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, аты аңызға айналған азамат Шоқан Нәдірбековті еске алуға арналған жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтіп жатқанын газетіміздің өткен санында қысқаша жазған едік. Аталмыш дода бүгінде мәресіне жетіп отыр.
Жарыстың жартылай финалдық және финалдық кезеңдері тартысқа толы жағдайда өтті. Аламанның екінші күні 38, 44, 52, 62, 75 килограмм салмақ дәрежелерінде кімдердің мықты екені анықталды. Атап айтқанда, 38 килограмм салмақта жерлесіміз Нұрланат Айтанов Алматы облысының балуаны Уәлихан Көбегенді финалда ұтып чемпион атанса, шығысқазақстандық Ералы Жеңісов пен Алматы облысының балуаны Ерасыл Жиенбай қола жүлдені қанағат тұтты. 44 килограмм салмақ дәрежесінде республикалық спорт колледжінің студенті Әнуар Жұмағали өзінің әріптесі (сол колледжден) Дәурен Қуанышбекті алтын медальға талас жолында жеңді. Бұл салмақта қола жүлде Алматы облысының өкілі Алинұр Амантай мен ақтөбелік Мағжан Аманқостың еншісінде. 52 килограмм салмақ дәрежесінде тағы бір жерлесіміз Әбдінұр Нұрланбектің бағы жанды. Ол финалда Алматы қаласының өкілі Әли Мақсетовтен айласын асырса, бұл салмақта қос қолаға маңғыстаулық Нұрлыбек Базарбаев пен Алматы облысының өкілі Даниял Есім қол жеткізді. 62 килограмм салмақтың алтыны шығысқазақстандық Бекзат Сәкеновтің еншісінде кетті. Ол шешуші белдесуді Алматы облысының өкілі Әрсен Үрімжанды жеңді. Ал Алматы қаласынан келген Дінмұхамед Қаби мен Нұр-Сұлтан қаласының өкілі Әлішер Жолдасбай қола жүлдегер атанды. 75 килограмда Нұр-Сұлтан қаласынан келген Ризабек Айтмұханға қарсылас шақ келмеді. Күміс жүлде алматылық Мүсілім Жақсылыққа бұйырды. Бұл салмақта қарағандылық Абай Әбдіханов пен маңғыстаулық Наурыз Ахметханов қола медальды қанағат тұтты.
Жарыстың үшінші күні 41, 48, 57, 68, 85 килограмм салмақ дәрежелері бойынша шын мықтылар айқындалды. 41 килограмм салмақ дәрежесінде республикалық спорт мектебінің өкілі Ади Серікұлы алтыннан алқа тағынса, Алматы қаласының өкілі Орынбасар Әбілетке күміс медаль бұйырды. Жерлесіміз Есімбек Саят пен Алматы облысының өкілі Әлібек Дулат қола жүлдегер атанды. 48 килограмм салмақ дәрежесінде Алматы облысының балуаны Нұржан Сағымханға тең келер ешкім болған жоқ. Финалда Нұржанға есе жіберген Алматы облысының өкілі Мақсат Бұлқынбектің еншісінде – күміс медаль. Бұл салмақта қызылордалық Нұрбақыт Талғатов пен шығысқазақстандық Дарын Әскербек жарысты қола медальмен аяқтады. Дарын Әскербек Венгрияда өткен дүниежүзілік жасөспірімдер турнирінің жеңімпазы екен. «Күш атасын танымайды» дегендей, бұл жолы жартылай финалда Нұржан Сағымханға жол берді. Күрес осындай күтпеген нәтижелерімен де қызық.
57 килограмм салмақ дәрежесінде Егорь Анчугин – алтын, Әбдімәжит Жақсылық (екеуі де Алматы қаласынан) күміс жүлдеге қол жеткізді. Алматы облысының атынан шыққан Шаттық Алайдар, Алматы қаласының үкілі үміті Нұрасыл Серік үздік үштіктен көрінді. 68 килограмм салмақ дәрежесінде ақмолалық Ерхан Бексұлтанов чемпион атанса, жерлесіміз Елдос Қуанышбай күміс жүлдені иеленді. Түркістандық Руслан Шаймерден мен алматылық Елдар Жанат қола медаль алды. Ал 85 килограмм салмақ дәрежесінде Шымкент қаласынан келген Арыстан Қарабек алтыннан алқа тағынса, қарағандылық Әбілхан Құсайын күміс жүлдені мойнына ілді. Қола жүлдені шығысқазақстандық Темірлан Дәкеев пен маңғыстаулық Камиль Куруглиев иеленді. Жерлестеріміз бұл жарысты 2 алтын, 1 күміс, 1 қола медальмен аяқтады.
Енді өзге әріптестерімен бірге жамбылдық балуандар Нұрланат Айтанов 38 килограмда, Әбдінұр Нұрланбек 52 килограмм салмақта жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында ел намысын қорғайтын болады. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Шоқан Нәдірбековтің даңқты шәкірттері Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, КСРО спорт шеберлері Кеңесбек Галиакбаров, Бахром Нұралиев және Шоқанның жары Гүлсара Шалбаева марапаттады. Ұйымдастырушылар тарапынан бұл турнирдің жылда дәстүрлі өтетіні айтылды. Себебі аты аңызға айналған бапкер, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Шоқан Нәдірбековке қандай құрмет көрсетілсе де артық емес.

 

Есет ДОСАЛЫ

Суреттерді түсірген
Ақәділ рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support