- Advertisement -

«Көкше байлық – бір айлық» десек те

55

- Advertisement -

пайдасы шаш етектен

Оның иелігіндегі егістік алқабы жұрттыкіндей аса ауқымды емес. Бар болғаны 30 гектар ғана. Бірақ біраз адамды жұмыспен қамтуға әбден жетеді. Ақбастау ауылдық округіндегі «АгроШоқай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Сембек Пірімқұлов осы егістік жерін тиімді игеріп те отыр.
Мұнда арпа 20, жоңышқа 2, көкөніс 3, сарымсақ 0,5 гектар алқапта өсірілуде. Өзге бөлігіне бақша дақылдары орналастырылған. Қазіргі таңда арпа орылып бітіпті. Оның орташа түсімі гектарына 21 центнерден айналып отыр. Пірімқұловтың пайымдауынша, бұл олқы көрсеткіш емес. Жоңышқаға да екі рет орақ түскен. Қызанақ пен қиярдан жиналып алынар өнім де аз болмайтын сыңайлы. Асқабақ пен сарымсақтың да шығымы жақсы. Уақыты келгенде олардан да біраз табыс түсетін түрі бар. Серіктестік 6 адамды тұрақты жұмыспен, 6 адамды маусымдық жұмыспен қамтып отыр. Осылайша, шағын шаруашылық өз ісін бүгінгі уақыт талабына сай үйлестіруде.
С.Пірімқұлов бақша өнімдерін қайда, қалай өткерудің жолын ерте бастан ойластырып қойғанын айтады. Мұндағы қажетті ауыл шаруашылығы техникалары да жеткілікті. Кәсіпкер азамат кезінде білім саласында еңбек еткен екен. Асадағы кәсіптік-техникалық училищеде директордың орынбасары да болыпты. Тәуелсіздік жылдары уақыттың қай бағытқа бет алып бара жатқанын түсініп, кәсіпкерлікке біржола бет бұрған. Осы күні осындай шешімге келгеніне өзі де өкінбейтіндей халде.
Бір айта кетерлігі, серіктестік несиеге сүйенбей, өздеріндегі мүмкіндіктің шегінде әрекет етіп, ілгерілеумен келеді. Мәселен, былтырғы түскен табысқа 150 қой сатып алған. Мал өсіру ісін Секеңнің бір баласы Ахан Пірімқұлов дөңгеленту үстінде. Егіннің жайын Төлеби Сембекұлы қадағалайды. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дегендей, ынтымақ пен бірліктің, іскерліктің арқасында шаруашылықтың бау-шуы, керек-жарағы біртіндеп түгенделіп те келеді. Қарбыз піскен уақытта немерелері де көмекке келетін көрінеді. Олардың істі үйренгені өздеріне жақсы емес пе?
– Өткенде облыс әкімі аудандарды аралаған сапарында әр ауладағы 20-30 сотық жерді де тиімді пайдалану керектігіне ерекше назар аударды. Сол мәселені біз ертерек ойлаған екенбіз. Жолдасым Гүлнар Ділмішова ұзақ жыл мейірбике болып, зейнетке шыққан. Қазір ол есігіміздің алдындағы 30 сотық жерге қарбыз егіп, өсірумен айналысуда. Оның да еңбегі ақталды, қарбызының шығымы жаман емес. Отбасы мүшелерінің әрқайсысының атқаратын өз жұмыстары бар. Алайда міндет – ортақ, игілік – ортақ. Ең бастысы, ауызбіршіліктің болуы деп ойлаймын, – дейді кәсіпкер Сембек Пірімқұлов.

Есет ДОСАЛЫ
Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support