- Advertisement -

Спартакиада мәресіне жетті

37

- Advertisement -

«Тараз-Арена» спорт кешенінде жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері арасында облыстық спартакиада өтті. Жастар жылы аясында ұйымдастырылған додада 200-ге жуық спортшы бақ сынап, волейбол, үстел теннисі, қол күресі, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика сынды спорт түрлері бойынша жүлделі орындарды сарапқа салды.Аламанда волейболдан ұлдар арасында Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің студенттері топ жарса, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің жігіттері екінші, ал Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ұландары үшінші орынды иеленді. Қыздар арасында ТарМПУ-дың аруларының бағы жанды. Үстел теннисінен ТарМУ-дың түлегі Айдос Мұқашев жеңімпаз атанса, қыздардың ішінде тағы бір ТарМУ-дың студенті Сәуле Иманалы жеңіске жетті. Қол күресінен ТарМУ-дың үкілеп қосқан үміті Эмиль Аббасов жеңістің ең биік тұғырынан көрінсе, қыздар арасында да ТарМУ-дың үміті Оксана Письменная топ жарды. Асық атудан ТарМУ өрендері Нұрасыл Шегетай, Әділ Лес және Ерзат Орынбай жүлделі орындарды өзара бөлісті.
Жеңіл атлетика сынында Тараз мемлекеттік университетінің жастары 100, 200, 1000 және 2000 метр қашықтықта бірінші орынды иеленді. Тоғызқұмалақшылар аламанында ТарМПУ-дың студенттері Алдияр Бекбергенов пен Айгерім Мейірханова қола жүлдеге қол жеткізсе, қалған жүлделердің барлығы Тараз мемлекеттік университетінің қоржынында кетті.
Ал арнаулы орта оқу орындары арасында кіші футболдан Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің жастары жүзден жүйрік шықса, волейболдан «Астана» мен «Парасат» колледждері мықтылықтарын көрсетті. Дода барысында өзге спорт түрлерінен де мықтылар анықталды.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support