Өңір өнімдеріне сұраныс мол

Қытай Халық республикасындағы «Жүн маркеті компаниясы» қоғамдық ұйымдар бірлестігі, облыстық кәсіпкерлер палатасы, өңірлік жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары мен «Шеберлер мекені» тігін өндірісі қауымдастықтары арасындағы төртжақты әріптестік ынтымақтастық облыстың тігін нарығының ауқымы едәуір ұлғайтылуына жаңа мүмкіндіктер беретін болады.Жуырда Қытай делегациясы «Бір белдеу – бір жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында облысымызда болды. Қонақтар өңірде өндірілетін қой жүні шикізатын сатып алуға айрықша қызығушылық танытты. Олар облысымызға арнайы жұмыс сапарын «ПОШ Тараз» фабрикасы ЖШС-ның жұмысымен танысудан бастады. Жалпы фабрика жүнді алғашқы өңдеу, жуылған жүнді қайта өңдеу, ТОПС өндіру ісін жүзеге асырады. Өндірілетін өнімдер түрлерін делегациялық топ мүшелеріне кәсіпорын директоры Бауыржан Найзақұлов таныстырып, өндіріс желісін дамыту, қосымша жаңа жұмыс орындарын ашу, бюджетке салықтық аударымдар көлемін арттыру, әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша алға қойылып отырған міндеттер жөнінде әңгімелеп берді. Меймандар кәсіпорын өнімдерін жоғары бағалап, өздерін жылы шырайлы жағдайда қарсы алғандарына ризашылықтарын жеткізді.
«Қазақстан – жері де, елі де бай ел. Әсіресе жайылымдық жері мол. Жамбылдықтар үшін де биязы жүнді қой өсіруге қолайлы жағдайлар жасалған. Біле білгенге, өндіріс үшін ең маңыздысы, бұл – шикізат. Біз де сіздерге жүн бағытындағы қой өсіруді дамытуды ұсынамыз. Бізде, Қытайда осындай қойларды экспортқа шығаруға тиым салынған. Алдағы уақытта бұл мәселеге рұқсат етілуі шешілсе, мұндай қой тұқымын Қазақстанға әкеліп, оларға күтім жасау әдіснамасын оқытып, үйрететін боламыз», – деді Нанкин қаласындағы «Жүн маркеті компаниясы» қоғамдық ұйымдар бірлестігінің төрағасы Хо Янь.
Бұдан кейін делегациялық топ мүшелері «Айвенго» ЖШС-ның тігін фабрикасында болды. Кәсіпорын негізінен халықаралық стандарттар талабына жауап берерлік жоғары сапалы заманауи тігін өнімдерін шығаруға мамандандырылған. Фабрика директоры Любовь Попова өңірлік жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының мүшесі болып табылады. Қытайлықтарды осындағы «Дана-Дель» тігін ательесінің жұмысы айрықша таң-тамаша етті. Шеберхананың жұмыс істей бастағанына көп уақыт өте қойған жоқ. Негізгі бағыты – ұлттық киімдер тігу. Осы тұрғыда қытайлық кәсіпкерлер қазақтың ұлттық ою-өрнектеріне айрықша қызығушылық танытып, өздерінде бар заманауи техникалар түрлерімен таныстырды.
Жұмыс сапары облыстық кәсіпкерлер палатасының алаңында меморандумға қол қою рәсімімен түйінделді. Ендігі жерде тараптар жеңіл өнеркәсіп саласындағы бірлескен жобалар мен кәсіпорындар құруда шағын және орта кәсіпкерлік нысандары өкілдерімен бірлесе әрекет ету, екі ел арасында сала өнімдері тасымалдануы көлемін ұлғайту, әкімшілік кедергілерді азайтуға ықпал жасау мақсатындағы әріптестік ынтымақтастықты жүзеге асыратын болады.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

Comments are closed.

микро займ на карту