Әзімбектің бір ерлігі

Биыл Кеңес әскерлерінің шектеулі құрамының Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толды. Отан алдындағы азаматтық және интернационалистік борышын өтеу үшін жат елге, жат жерге аттанған отандастарымыздың арасында белгілі айтыскер ақын Әзімбек Жанқұлиев те болған еді. Ол 1981 жылы мамыр айында ауылдасы Аманжол Қонысбеков екеуі Түркіменстанның Кеджин деген елді мекеніндегі 6 айлық оқу-жаттығу кезінде бірге болып, механик-жүргізуші біліктілігін меңгерген. Танк механиктері Ауған жеріне де бірге аттанады. Бұлар әдепкіде Ауғанстанның Пулихумри деген қаласынан бір-ақ шыққан. Бұл Келегай өлкесіндегі шаһар болса керек. Кезінде мұнда француздар біраз жыл билік құрғанға ұқсайды. Кейін жергілікті тұрғындар оларды қырып тастаған. Келегай деген сөздің өзі «қырғын» деген мағынаны білдіреді екен.
– Ауған жеріне табанымыз тиген соң батальонымыз бір болғанымен, ротамызды бөліп жіберді. Сөйтіп, араға үш-төрт ай салып, Әзімбекпен кездесіп тұрдым. Әр кездескен сайын домбырамен әнін айтып, туған жерін сағынып жүрген сарбаздар бір жасап қалатынбыз. Бір рота әскери іс-қимылға шықса, екінші рота «кишлактардағы» әскерилерді қорғап, алты ай «ыстық» нүктелерде қарауылда тұрады.
Бертінде кездескенімізде, бір батальонда бірге болған жігіттер «Әзімбектің бір ерлігі ескерілмей қалды» деп жүрді. Мәселенің мәнісі былай екен. Әзімбектердің ротасы «кезекші рота» ретінде дабылмен шығып, кезекті ұрысқа аттанған. Кейде мұндай әскери ұрыс қимылдары алты-жеті күнге созылып кететін. Мына ұрыс та таулы аймақта болып, бірнеше күнге созылған. Қырсыққанда, сарбаздардың ас-ауқаты мен оқ-дәрісі түгесіліп қалады. Қараңғы түскен кезде дұшмандар үздіксіз оқ жаудырып, ара-арасында дауыс күшейткішпен «Мұсылмандар, бізге қарай өтіңдер. «Шуравилерді» өлтіріңдер!» деп, әбден шаршап, қалжыраған сарбаздардың жүйкесіне тиеді ғой. Міне, сондай бір қиян-кескі ұрыста бронотехника отқа оранып, ішіндегі жауынгерлер сыртқа шыға алмай қалады. Осы сәтте Әзімбек қаруластарын құтқаруға ұмтылып, әлгі әскери техниканың астына кіріп, арнайы тетікті ашып, бір өзі он шақты сарбазды құтқарып қалған екен. Он сарбаздың өмірін қорғап қалу деген бұл шын ерлік қой. Кезінде кеңестік биліктің мұны ескерусіз қалдырғаны өкінішті, – деп еске алады Аманжол Қонысбеков.
Ол Әзімбек екеуі оқу-жаттығу жиынында жүргендерінде өздерімен бірге Энзенберг деген неміс ұлтының өкілі де болған екен. Өзі еңгезердей, даусы «гүрілдеп» шығатын оған жақын-жуық жуыспай, сырттап жүретін болса керек. Бірде таңертеңгі уақыттағы 100 шақырымдық «марш-бросокта» сарбаздардың алдымен келген Әзімбек ішейін деп суды ожаумен шелектен енді іліп ала бергенінде, әлгі Энзенберг киліге кетіп, оны иықтан қағып, қолындағы ыдысын алып қояды. Бұған дейін жігіттерді «мысы» басып жүрген еңгезердей Энзенбергке Әзімбек те тісін қайрап жүрсе керек. Сол жерде Әзекең оны атып ұрып, тепкінің астына алыпты. Сөйтсе, әлгіңіз құр қомпиған денесі болмаса, қопалдың қопалы екен. «Осылайша Энзенбергті езіп, жуасытқан Әзімбек нағыз жүректі ердің өзі еді ғой», – дейді Аманжол.
Ауғанстанда Аманжол мен Әзімбек бірін-бірі күнде көрмесе де, бір-бір жарым айда кездесіп, туған жерді сағына еске алып, сыр шертісіп, ән-жыр әуелетісіп, тіпті анда-санда шаппа-шап айтысқа да түсіп жүріпті. Бір кездескенде екеуі шағын айтыс өткізіп, жігіттердің көңілін бір көтеріп тастапты. Ал сөз додасына жоғарыдағы еңгезердей Энзенбергпен «жекпе-жек» арқау болған көрінеді. Туған жерді, ән-жырды сағынып жүрген жерлестері де дуылдап қолдай кетеді. Сол қысқа айтыс былайша қайырылған екен.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Аманжол:
Қонаққа келдің бізге сен Әзімбек,
Өзіңменен айтыстым мен әзілдеп.
Осы жерде сен менен жеңіліп қап,
«Позицияңа» кетіп қалма безілдеп.

Әзімбек:
Мойындаман жеңілетін кері істі,
Байлап кетем қанжығама жеңісті.
Учебкада сен өзің куә болдың,
Алып ұрғам еңгезердей немісті.

Аманжол:
Білемін өміріңде сейіл құрдың,
Достарыңды қорғауға бейім тұрдың.
Өңкиген еңгезердей Энзенбергті,
Көтеріп қаңбақ шалдай жерге ұрдың.

Әзімбек:
Энзенбергтің кебін сен киіп жүрме,
Жеңіліп қара жерді сүйіп жүрме.
Менімен айтысуға жүрек керек,
Аузы үріп ішеді деген, күйіп жүрме.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

микро займ на карту