- Advertisement -

Еселі еңбек дәстүрінің жарасымды жалғасы

43

- Advertisement -

Елбасының «Қазақстан-дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға байланысты ауданымызда көптеген тірліктер тындырылуда. Жолдау шын мәнінде де барлық салаға серпін беріп отыр. Мәселен, биылғы бірінші тоқсанда өнеркәсіп кәсіпорындары 1 750,1 миллион теңгенің өнімін өндіріп, нақты индекс көлемі 103,1 пайызды құрады. Ал ауыл шаруашылығы саласында 2 миллиард 699,2 миллион теңгенің өнімін өндіріп, нақты индекс көлемі 103,4 пайызды құрады. Негізгі қорға салынған инвестиция 703,5 миллион теңгеге жетіп отыр. Бөлшек сауда айналымы 785,0 миллион теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 117,5 пайызға өскені байқалуда.
Мұның барлығы да ауданда бағзы кезден бар еселі еңбек дәстүрлерінің бүгінгі күні де жарасты жалғасын табумен келе жатқандығына жанды айғақ бола алады. Жалпы Жуалының ақ картобымен, бал татыған алмасымен, қымызымен, жеміс-жидегімен, балығымен асқақтаған байырғы даңқын қайта оралту жолындағы жарқын бастамалар қолдауға тұрарлықтай. Бүгінде ауданда тіркелген 4407 кәсіпкерлік нысанының 4084-і нақты жұмыс істеп тұр. Қазіргі уақыт талабына сәйкес ауданда ауыл шаруашылығын әртараптандыруға да айрықша мән берілуде. Ақ егіс, жүгері, картоп, көкөніс қана емес, бұршақ тұқымдас, мақсары, күнбағыс, зығыр секілді майлы дақылдар егіп өсіріп, олардың егістіктері көлемін жылдан-жылға ұлғайту үстінде.
Ауданның күнгей бөлігіндегі диқандардың жазғы суару маусымында «бас ауруына» айналған ағын су мәселесі 2016 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей араласуымен шешімін тапты. Осы алқаптарды суландыратын «Көксай» арнасы бүгінде толық қуатымен жұмыс істеп тұр.Үкіметтің тікелей қолдауымен салынған, құны 5,2 миллиард теңгені құрайтын ғаламат жобаның игілігін бүгінде 4 ауылдық округтегі шаруа қожалықтары мен тұрғындары көруде.
«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауда Үкімет пен әкімдерге бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау тапсырылғаны белгілі. Бізде бұл тұрғыда да тиісінше жұмыстар атқарылуда. «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы «50 ауыл» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында ауданда 2016 жылдан бастап сүт бағытында – 9, ет бағытында – 5, барлығы 14 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып отыр. Жоғарыда аталған қор арқылы барлығы 1 миллиард 310 миллион теңге несие бөлініп, оған 4758 бас мүйізді ірі қара малы сатып алынды. Ет бағытындағы «Гамбург» ЖШС 1 миллиард теңгеге 1200 басқа арналған сүт- тауарлары фермасының құрылысын жүргізуде. Ауданда сүт, көкөніс және мал, тұқым шаруашылығы кластерлері дамытылуда.
Елімізді индустриалдық-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында 2014 жылы Нұрлыкент ауылында күннен электр қуатын өндіретін «Бурное солар–1», 2018 жылы «Бурное солар–2» стансалары салынып, пайдалануға берілуі де өңірді индустрияландырудың жемісті нәтижесі екені анық. Бүгінде жалпы қуаттылығы 100 мегаватқа жеткен осынау күн электр стансалары тәулігіне 430-440 мың кВт шамасында қуат өндіру әлеуетіне ие. Бұл 43 мың тұрғын үйді энергиямен қамтамасыз ете алады. Одан бөлек «Қазгидрооперейтинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Көксай» каналының бойынан қуаттылығы 18 мВт-ты құрайтын кіші су электр стансаларының құрылысын жүргізуде. Жоба құны 5,2 миллиард теңгені құрайды. Стансаны іске қосу жылдың соңына жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында, Шақпақ ауылдық округі аумағында жылына 17550 тонна жол битумын шығаратын кіші зауыт құрылысы басталды. Жоба құны 161,0 миллион теңгені құрайды. Құрылысты «Шақпақжол Сервис» ЖШС жүргізуде. Зауыт маусым айында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Жуалылықтардың бағзы еңбек дәстүрлерін жемісті жалғастырып қана қоймай, оларды жаңашылдықпен, жасампаздықпен байытуының бір жарқын мысалы осындай.
Жуалы жері – нағыз жер жәннаты, тамаша табиғаты туризмді дамытуға сұранып-ақ тұр десе де болады. «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің аудан аумағынан өтуі бұл саланың қарқынды дамытылуына мол мүмкіндік те бермек. Міне, осыны жақсы ұғынған отандық кәсіпкерлеріміз табиғаттың осынау ғажайып мүйісінде демалыс орындарын көптеп сала да бастады. Бұған дейін Билікөл ауылдық округі аумағында «Тау самалы» мен «Берікқара» демалыс-сауықтыру орындары салынып, ел игілігіне берілген-ді. Мұның бәрі ауданға инвестициялар тартылуына жағдай жасады. Ал «Теріс» су қоймасы жағалауындағы «Солнечный берег» демалыс аймағында су спортын дамыту бағытында жұмыстар жүргізілгелі отыр. Былтыр Берікқара шатқалында жалпы 850,0 миллион теңгенің «Отбасылық демалыс орталығы» жобасы толықтай жүзеге асты. Ал Шақпақ ауылдық округіне қарасты «Қаралма» тау-шаңғы базасы кешені салыну үстінде.
Осы орайда айта кетерлік тағы бір жайт, ол – бүгінде Теріс ауылының сыртындағы Жылқышы төбеден табылған көне қалашық орнында археологиялық қазба жұмыстарының басталуы. Тарихшылар оның «жасы» Тараз қаласымен шамалас деген болжамдар айтуда. Болашақта оның да айтулы туристік нысан ретінде ел игілігіне ұсынылатыны анық.
Жолдау жүктеген міндеттердің ең бастысы халықтың табысы мен тұрмыс сапасын арттыру екені екінің біріне мәлім. Осы орайда аудан елді мекендеріне таза ауызсу, газ жеткізу, жолдар салу, тұрғындарды баспаналы ету жұмыстары да тиісті деңгейде жүзеге асырылуда. Әсіресе жас ұрпақтың еңселі де жарық ғимараттарда алаңсыз оқып, білім алуына жағдай жасау айрықша басымдыққа ие болып отыр. 2005 жылдан бері ауданда жаңа үлгідегі 15 мектеп салынып, пайдалануға берілген. Сондай-ақ 24 балабақша мен 1 шағын орталық ашылып, жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда ауданда бүлдіршіндерді балабақшамен қамту көрсеткіші 99,1 пайызды құрап отыр. Денсаулық сақтау саласында заманауи үлгідегі 5 жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт, 3 дәрігерлік амбулатория іске қосылды. Тек өткен жылдың өзінде үш ауылда медпункт салынып, пайдалануға берілді. Биыл да мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 8 ауылда медициналық нысан салу жоспарлануда.
Қорыта айтқанда, тәуелсіздік жылдарында ауданда қыруар жұмыстар атқарылды. Барлығы да ұлттың қамы, елдің игілігі. Алда әлі де кезегін күткен ауқымды істер тұр. Қай саладағы, қандай жұмыстың да нәтижелі, сапалы жүргізілуі бақылауымыздан әсте тыс қалмақ емес. Жуалының өткенін танытудың жарқын бастамалары жалғасын таба беретініне бек сенімдімін.

Нарбай ЕРГЕБЕКОВ,
аудан әкімі.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support