- Advertisement -

Сан түлекті самғатқан Алғабасым

75

- Advertisement -

Ауылымыздағы Алғабас орта мектебінің іргетасы 1928-1929 жылдардағы ұжымдастыру кезеңінде Бостандық бастауыш мектебі болып қаланған екен. Қарап отырсақ, зымыраған уақытты ешкім тежеп тұра алмайды. Сол білім ошағының алғашқы меңгерушісі Сейдалы Шыналиев деген ұстаз болыпты.

1937-1938 оқу жылында Бостандық мектебі 7 жылдық білім беретін орталау мектеп болды. Одан Көмекші, Аққұм мектептері бөлініп шыққан. Білім нысаны 1942-1943 жылдары орта мектеп болып ұйымдасса, 1947-1948 оқу жылында оқушы санының өсуіне байланысты 7 жылдық мектеп дәрежесін алады. Ал 1957-1958 оқу жылында Алғабас орта мектебі болып қайта құрылған. Осы кезге дейін аталған мектеп тарихында Сейдалы Шыналиев, Балқожа Тоққожаев, Ғалым Сантеміров, Сәрсенбай Тілеубаев, Сыздық Жылқыайдаров, Рымтай Байболов, Нұрғали Жанаев, Смағұл Молдабеков, Шамшат Ахметбекова, Зейнеш Ғабулиева, Оразай Омаров, Әшім Боқаев, Кемелбек Құдиярбеков сынды ұстаздар басшылық еткен.
Алғабас орта мектебі қайта құрылғанда алғашқы директоры болып Әшім Боқаев қайта тағайындалады. Осы аймақтағы Ш.Смаханұлы атындағы (бұрынғы Жданов), Аққұм, Талапты орта мектептері осы мектептен бөлініп шыққанын айта кеткен ләзім. Содан бері аты алысқа танылған Ауданбек Көбесов, Әбілдаш Нысанбеков, Шәйбек Шоңов, Рәш Әбілов, Мақажан Иланбеков, Әуесбек Сабыров, Шалқар Кірғабақов, Төлеубек Есдәулетов сынды ұстаздар осы мектептің ыстығына күйіп, суығына шыдаған.
Заманымызға сай үш қабатты 784 орындық мектеп ғимараты 1984-1985 оқу жылында өз есігін айқара ашты. Содан бері басшылық жасаған Шалқар Кірғабақов, Төлеубек Есдәулетов, Дүйсенәлі Зунимов, Ербол Құлекеев сынды азаматтар мектебімізді алға сүйреп, жемісті еңбек етті. Білім ошағының қазіргі басшысы Дүйсенәлі Зунимов озық ойлы, іскер азаматтардың бірі.
Айта кетерлігі, Бостандық ауылында туған Тұрғын Сәбденбеков, Оңғарбай Наурызбаев, Рысдәулет Байжанов, Жөме Найзаев, Сәдібек Бектенов қажырлы еңбектері үшін «Социалистік Еңбек Ері» атанған. Осы алтын ұяны бітіріп Қазақстан ғылымына үлес қосқан Н.Нәдіров – академик, Т.Оңғарбаев – ғылым докторы, М.Әбдікәрімов – медицина ғылымының кандидаты, Е.Аққошқаров, Ж.Аққошқаров – физика ғылымының кандидаттары, Ж.Құлекеев – экономика ғылымының кандидаты, Е.Серікбаев – тарих ғылымының кандидаты, М.Тұрғынов – философия ғылымының кандидаты, Қ.Әбдиев – математика ғылымының кандидаты, Ә.Қоқанбаев – химия ғылымының кандидаты. Міне, осындай мектеп түлектерімен қалай мақтанбасқа?!
Туған ауылдың өсіп-өркендеуіне, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуда мектеп мұғалімдерінің де еңбегі ерекше. Айталық, 1998 жылы ауылдағы Мәдениет үйі аукционға қойылып, бүкіл елімізде жекешелендіру жүріп жатқан кезде мұғалімдер ұйымдасып, сол руханият ордасын сатып алды. 2008 жылы Бостандық ауылдық округі әкімдігіне қайта өткізді. Қазіргі таңда мәдениет үйі жұмыс істеп, жанындағы спорт мектебі де жанданып, ел игілігіне қызмет етуде.
Қазіргі таңда мектепте 45 мұғалім бар. Олардың 90 пайызы арнайы жаңартылған білім беру курсынан өткен. Мектеп жұмысын басқарып, бақылауға арнайы жоспар жасалып, бекітілген. Оқушылармен әртүрлі танымдық бағытта үйірме сағаттары жүргізіледі. Мектеп 2017 жылы күрделі жөндеуден өтіп, жылу жүйесі «көгілдір отын» жағатын қазандыққа қосылған. Әр оқу жылында ата-аналарға арналған Ашық есік күні ұйымдастырылады. Осы өзара ынтымақтастық қарым-қатынас біздерге үнемі дамып отырумен қатар, оқушылардың бойында отансүйгіштік, рухани-адамгершілікке тәрбиелеуге де мүмкіндік береді.

Бақытжан ДҮЙСЕНБЕК.
Алғабас орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Бостандық ауылы,
Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support