- Advertisement -

Төрт жеңіліс

36

- Advertisement -

«Таразды» тұңғиыққа батырып жібермей ме?

Футболдан Қазақстан премьер-лигасында сынға түсіп жүрген «Тараз» футболшылары жанкүйерлерді жабырқатып тастады. Доп додасы басталғалы бес тур өтті. «Тараз» футбол клубы сол ойындардың қорытындысы бойынша төрт мәрте жеңілістің ащы дәмін татып, тек бір рет қана жеңіске қол жеткізді.
Бесінші турда жерлестеріміз Қызылорданың «Қайсар» командасын қабылдап, қарсыластарына жол берді. Ойын алаң қожайындары үшін соншалықты сәтсіз басталды деп айта алмаймыз. «Тараз» футболшылары өз алаңында үш ұпайды иелену үшін барын салып бақты. Сәт сайын қауіпті шабуылдар ұйымдастырды десек, артық айтқанымыз емес. Нәтиже де көп күттірген жоқ. Серж Ньюадзи кездесудің жиырма үшінші минутында мергендігімен көзге түсіп, «Таразды» есепте алға шығарды.
Ньюадзидің голынан кейін де «Тараз» футболшылары тыншып қалған жоқ. Есепті еселеуге талпынды. Дегенмен қызылордалықтар қырық үшінші минутта таразы басын теңестіріп кетті. Голдың авторы – Иван Граф. Қос команда ойыншылары үзіліске 1:1 есебімен тарқасты.
Үзілістен кейін екі команда футболшылары да біраз уақытқа дейін қақпадан саңылау таба алмай жүрді. Алайда «Қайсардың» жейдесін киген жігіттер кездесудің жетпіс алтыншы минутында жеңіс голын соқты. Братислав Пушоневац өз мүмкіндігін мүлт жібермей, «Қайсардың» қоржынына үш ұпай салды.
Бұл ойында төреші де қателескен сияқты. Жерлестеріміздің екі бірдей голы есепке алынбады. Рас, голдардың бірінде футболшы ойыннан тыс қалған болатын. Әйткенмен екінші гол таза соғылғандай көрінген. Жанкүйерлер осы голдың дау туғызғанын айтып та жатыр. Әйтсе де «Тараз» футболшыларының өзге мүмкіндіктерді ұтымды пайдалана алмағаны көңілге қаяу түсірді. Сырт алаңда жеңілістен көз ашпай келе жатқан жерлестеріміз өз алаңында қоржынымызға үш ұпай түсіреді деген болжам іс жүзінде бос әңгімеге айналды. Енді қайтпек керек? «Бізге сәттілік жетіспеді. Стандартты жағдайдан екі гол жіберіп алдық, есесіне екі гол салдық. Алайда төрешілер есепке алмай қойды. Ойынның барысына қарасақ, біз басқа нәтижеге қол жеткізуіміз керек еді. Әріптестерім бар күшін сарқа жұмсады. Премьер-лига ойындары жалғасуда. Алдағы матчтарда барынша жақсы ойын үлгісін көрсетуге тырысамыз», – депті «Тараздың» капитаны Мақсат Әмірханов БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп.
Премьер-лиганың бес турының қорытындысы бойынша «Тараз» оныншы орында келеді. Бұл, әрине, көңілге кірбің түсіреді. Вахид Масудовтың жігіттері алдағы ойындарда жеңіске жетпесе, команданың құрдымға кетуі ықтимал. Біз білікті бапкер Масудовқа сенген едік, Масудов кімге сеніп жүр екен?

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support