- Advertisement -

«Тараз-пресс» – күміс жүлдегер

24

- Advertisement -

Жаңадан құрылған Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласында шағын футболдан БАҚ өкілдері арасында «Жаңарған Түркістан» атты республикалық дода өткізілді. Журналистер жарысын Түркістан облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды. Бұл аламанға еліміздің әр қиырынан 13 команда қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салған болатын. Осынау додаға біздің облыстың атынан «Тараз-Пресс» командасы қатысып, жақсы ойын өрнегін көрсете білді.
Топтық кезеңнен іркілмей өткен «Тараз-Пресс» командасы әрмен қарай да жеңіске деген құштарлықтарын таныта білді. Ширек финал асуынан асқан соң әріптестеріміз турнирдің басты фавориттерінің біріне саналған «Хабар» телеарнасының командасына қарсы жасыл алаңға шықты. Қос команда ойыншылары да жасыл алаңда жан алысып, жан берісті. Жеңіске жету үшін бар күштерін сарқа жұмсады. Бұл күні сәттілік «Тараз-Пресстің» жағында болып, облыс намысын қорғаған әріптестеріміз финалдық бәсекенің жолдамасына иелік етті.
Екінші жартылай финалда Қызылорда облысынан келген «Сығанақ» командасы Алматының «Алматы» құрамасымен бақ сынасты. Нәтижесінде Сыр бойынан келген тілшілердің мерейі үстем болып, финалға шықты.
Финалда «Тараз-Пресс» футболшылары екі мәрте есепте алға шыққанымен, «Сығанақтың» намысын қорғаған журналистер екі рет таразы басын теңестіріп, өздерінің осал қарсылас еместігін көрсетті. Нәтижесінде ойын тағдыры пенальтиде шешілді. Футбол лотереясында басымдық танытқан «Сығанақ» турнир жеңімпазы атанса, «Тараз-Пресс» командасы екінші орынды қанағат тұтып, 300 мың теңгелік сертификатты иеленді. Жарайсыңдар, әріптестер!

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support