- Advertisement -

Көненің көзі, тарихтың өзі

95

- Advertisement -

Бірнеше өңірдің жастары әулиеата жерінің өткенімен танысты

Бүгінгі таңда ішкі туризмді дамыту – өзекті мәселе. Бұл бағытта біздің өңірдің де мүмкіндіктері өте көп. Аталған тақырып Ақыртас тарихи-мәдени кешенінде өткен туризм мәселелерін дамытуға арналған форумда кеңінен талқыланды. Жиынды облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова сөз сөйлеп ашып, форум жұмысына сәттілік тіледі.Жалпы бұл шараға Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстарынан және өңірімізден өкілдер қатысып, өзекті ойларға құлақ түрді. Басқосуда әр облыстың делегация жетекшілері сөз сөйлеп, өздерінде атқарылып жатқан жұмыстарды Жамбыл жеріндегі жақсы жетістіктермен салыстырып өтті. Әсіресе Алматы облысы әкімдігі білім басқармасы туризм және өлкетануды дамыту бөлімінің басшысы Данияр Бекенов жасөспірімдердің демалатын орындары жайлы, оларды тарихи-мәдени құндылықтармен таныстыруды жиі ұйымдастыру қажеттігін терең қозғап өтті.
Мұнан соң әр өңірден келген туристер Ақыртас кешенін асықпай аралады. Қонақтар сонау ерте ғасырда бұл кешеннің құнды қызыл таспен қаланғанына таңданып, ондағы ою-өрнек, сызбаларға көңіл аударды. Кейбір тастарда жылу сақталады екен. Сол жағдай туристердің таңданысын туғызды. Ақыртас кешенінің басында әншілер байқауы ұйымдастырылып, студенттер арасында мүшәйра өтті. Сондай-ақ әр облыс үздіктері туристік қызмет көрсету мәселелері бойынша да сынға түсіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.
Бұл шара келесі күні де жалғасын тапты. Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстарынан және өңіріміздің бірнеше ауданынан келген жастар туристік сапарды «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешеніндегі ашық аспан астында орналасқан музеймен танысудан бастады. Мұнда облыстық «Ежелгі Тараз» ескерткіштерін қорғау және қалпына келтіру дирекциясының бөлім басшысы Сауран Қалиев көне Тараз қаласының тарихынан сыр шертіп, қызықты деректермен бөлісті. Ол қонақтарға және өңір жастарына ашық аспан астындағы музей құндылықтарын көрсете жүріп, шаһар шежіресінен хабардар етті.
– Біздің дәуіріміздің VI-IX ғасырларында Тараз Жібек жолы бойындағы ірі қала атанса, ХІІ-ХІІІ ғасырлар бұл қаланың гүлденген, өркендеген кезеңі болды. Қараханидтердің астанасы атанып, беделі артты. Бүгінгі таңда сол ғасырлардағы тіршілікті байқататын қабаттардан Түркеш, Қарлұқтардың алтын теңгелерінің табылуы бірнеше елдермен сауда байланысы дамығанын, халықаралық деңгейдегі қала болғанын білдіреді. Жастар осындай құнды тарихты біліп, өткенімізді қастерлеп жүруге тиіс, – деді С.Қалиев.
Кейіннен әр облыстан келген студент жастар Х-ХІ ғасырларда Таразда қандай құрылыс жұмыстары жүргенінен, VI-XІІІ ғасырлар аралығында бұл шаһарда арнайы су құбыры тартылып, су сақталатын әуіттер болғанын естіп, тың жаңалықтардан құлағдар болды. Сол кезде жүргіншілер және көлік жүретін жолдар сапалы салынғанын да көздерімен көрді. Себебі ескі жолдардың түпнұсқасы сақталған екен. Туристер 1936 жылы Александр Бернштам тапқан Тараздағы көне монша жайлы мәліметке қызыға құлақ түріп, моншаның орнын тамашалады. Бұл – Тараздағы ең алғашқы монша.
Келушілер Тектұрмас, Қарахан, Айша бибі кесенелерін аралап, Қазақ хандығының 550 жылдығында бой көтерген монумент маңында естелік суретке түсті.
– Біз бұл сапар барысында көп маңызды мәселелерді көңілге түйдік. Алматы облысынан 50 делегат келіп отырмыз. Әсіресе Ақыртас кешенінде өткен форумда ерекше ойлар айтылды. Еліміздің ішкі туризмі дамыса, оған Жамбыл өңірінің де ерекше үлес қоса алатынына көзіміз жетті. Барлық тарихи орындарда үлкен әсерге бөлендік. Әсіресе білікті мамандардан осы өңір жайлы көп мәліметтер алуға мүмкіндік таптық, – дейді Алматы облысы делегациясының жетекшісі Данияр Нұрланұлы.
Біз өз өңіріміздің жастарын да сөзге тарттық.
– Тараз қаласының тарихи жерлері айрықша құндылықтарымен ерекшеленеді. Біз Меркі ауданынан 50 студентті әкеліп отырмыз. Өңір тарихын білген, сол құндылықты көзімен көрген жастардың Отанға деген құрметі жоғары болады. Өз өңіріне деген сүйіспеншілігі артады деген ойдамын. Өзге өңірдің делегациялары секілді меркіліктер де бұл сапардан көп мәселені көңілге түйді, – дейді Меркі аудандық «Жастар ресурстары орталығы» мекемесінің директоры Расул Малабаев.
Осынау іс-шара өңірдің туризм саласындағы әлеуетін республика көлемінде танытуға жол ашып, жаңа мақсаттарға бағдар болды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support