- Advertisement -

Несиесіз-ақ іс бастаған азамат

43

- Advertisement -

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Ел ішінде істің көзін тапқан азаматтар баршылық. Солардың бірі – Тұрар Рысқұлов ауданы Луговой ауылының тұрғыны Наурыз Шұбақбаев. Наурыз айында дүниеге келген кейіпкеріміз бүгінде нәсібін кәсібінен тауып отыр. Іскер азамат тоқсаныншы жылдары туған елге көшіп келіп, тірліктің көзін таба білді.
– Мен наурыз айында дүниеге келгенмін. Сондықтан да Наурыз мерекесінің мен үшін маңызы зор. Түркіменстаннан елге келген кезімде кеңес одағы тарап жатты. Содан ақша ауысқан кезде бар қаржымыздан айырылдық қой. Қысқасы бәрін басынан бастауға тура келді. Жүгірдік, қиындықтарды көрдік. Бірақ еш мойыған жоқпын. Бүгінде кәсібімді дөңгелетіп отырмын. Өз басым бірде-бір несие алмай жағдайымды түзедім. Еш жерден несие берілмеді. Бірақ енді жақында беріп қалатын шығар деп отырмын.
Баюдың әртүрлі жолы болады. Мен өзімді баймын демеймін, дегенмен өз ісі бар кәсіпкермін. Бүгінде мейрамхана, демалыс орталығы, қонақ үй, шаштараз секілді нысандарым бар. Қазіргі кезде 30-40 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Олар жалақысын күнделікті алады. Егер мен несие алуға талпынған кезеңдерде қолымды қақпағанда ауданның біраз азаматын жұмыспен қамтып қоюым мүмкін еді. Әлі де несие алсам, талай тірлікті тындырамын. Кәсібімнің аясын кеңейтіп, жүз адамға дейін жұмыс беру мүмкіндігі туады.
Соңғы екі жылда Наурыз мерекесін тоғыз күн тойлау дәстүрі қалыптасты. Бұл – өте дұрыс. Мен Түркіменстанда тұрған кезде 13-14 наурыз күні ғана тойлайтын. Жалпы мейрам деген менің түсінігімде адамның денінің саулығы, жағдайының жақсылығы. Сонда әр күнің мереке. Білгенге мейрам деген арақ ішіп, босаңсу, бос мақтанға ерік беру емес. Адамдардың амандығы. Адам жас кезінде батыр болады. Мен жердің түбіне кетсем де, әйелім, бала-шағам қасымда болса, күн көремін деген ұстаныммен өскен жанмын. «Алма піс, аузыма түс» деу – еріншектің сөзі. Қазақта «Есің барда еліңді тап» деген сөз бар. Мен сыртта жүргенде тіпті тал отырғызбайтынмын. Себебі ол менікі емес. Ол жақта жекеше деген жоқ. Қазір жан-жағымды тал-дараққа толтырдым. Бір іс бастасам алдымен өзің үшін керек екенін түсінемін. Жалпы кәсіпкерлік, жекеше атаулы дүние қашанда керек. Кез келген жан өз тірлігін қызығып істейді. Мен де кезінде ел қатарлы үкіметтің жұмысын істедім. Ең бастысы, өз ісіңнің болғаны ләзім екенін ұқтым.
Қазір мына демалыс орнына жұрт көп келеді. Ойлашы, бассейнге келген ел 500 теңге төлеп, азаннан кешке дейін жүреді. Арзан ба, арзан. Қаладағы хлор қосып су толтыратын бассейндерді бассейн санамаймын. Біз екі-үш күн сайын өзіміз тазалап тұрамыз. Хлор қолданбаймыз. Бұйыртса несие алатын мүмкіндік туып тұрған сыңайлы. Алла қаласа, мен мына жердің бәрін гүлдендіремін. Тек қолым ұзарса болды», – дейді Наурыз Шұбақбаев өз ойымен бөлісіп.
Отызында орда бұзып, елге келе сала істің тетігін таба білген Нәкеңнің арманы көп. Банктер уәде еткен несиені берсе, жұмысшылар қатарын арттырып, көптеген жаңа тірлікті қолға алмақ. Ең бастысы, ол шаршамайды. Өз ісінен рахаттанады. Кезінде жас жігітке сенім артпаған банктер енді жігіт ағасының тілегін орындайтын күн де алыс емес деген ойдамыз…

Тұрар Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support