- Advertisement -

Бастауындай болған бақтың, ырыстың,Ұлы күні құтты болсын Ұлыстың!

96

- Advertisement -

Есілдің бойына ел қондырған Елбасы

Осыдан 22 жыл бұрын қазақ даласының қақ төрінде, Есілдің бойында еңселі елорда – Астана бой көтерді. Елбасымыздың Үндеуінде «ХХ ғасырдың шиеліністі тарихында біз тұңғыш рет өз мемлекетіміздің астанасы туралы дербес шешім қабылдадық…» деп айтқан болатын. Бұл тарихи шешім еліміздің ойынан шығып, әр жүрекке қуаныш сыйлаған еді.
Осылайша ұлан-ғайыр қазақ даласының қақ кіндігі – Сарыарқа төсінде, ерке Есілдің жағасында ХХІ ғасыр ғажайыбы – арайлы асқақ қала Астана ірге қалады. Тарих үшін қас-қағым сәт болып саналатын жиырма жыл ішінде еліміздің бас қаласы көркімен де, келбетімен де төрткүл дүниені тәнті етті.
Адамзат тарихында ежелгі қалалардың, соның ішінде астаналардың өзіндік әпсаналары баршылық. Мемлекеттің пайда болуы, халықтың шығу тегі, көне қалалар жөнінде әр-түрлі аңыздар мен хикаялар қатар жүреді.
Ал осындай киелі жер елорда туралы да халық арасында мынадай аңыз бар. «Ертеде – Сарыарқада тайпааралық араздықтар етек алған кез еді. Бірде қасиетті Мекке-Медине жерінен екі қария мен арыстан терісін жамылған әулие келді. Халық оны Арыстан баб деп атайды. Пайғамбардың елшілері жөнсіздіктерді тыйды, көшпелілерді ізгілікке, кісілікке шақырады, адамшылыққа жат қылықтардан арылып тазаруға, жақсы істерге үндеді. Кейінірек Арыстан баб Түркістанға кетті, ал екі қария Мұхаммед ілімін насихаттау үшін тұрақтап қалады. Әулие абыздар дүниеден озған соң, олардың мәйітін халық Нұра өзенінің биіктеу қабағына жерлеп екі аппақ кесене тұрғызады. Олар жерленген қос оба Ақмола атауына ие болды, әрі көшпелі тайпалар үшін киелі орынға айналды». Содан бері талай жыл, ғасыр өтті, талай дүрбелең қанды оқиғалардың куәсі болды бұл қасиетті жер.
Бүгінде Астана – тәуелсіз Қазақстанның қарқынды дамуы мен гүлденуінің айқын айғағына айналды. Отандастарымыздың қажырлы еңбегі арқасында республика астанасы күн өткен сайын ажарланып, көрген жанға бой түзеген перизаттай, таңғалдырып келеді. Бүгініне қарап, оның ертеңінің де ертегідей ғажап болатындығына сенімің артады. Астана қандай жасампаз едің деп толғанасың.
Астана – арман қала. Талай жүректерге нұр сыйлаған болашақтың қаласы. Астананы бір көру арман дегенді талай естідім. Осындай бақытты сәт маған 2010 жылы жазғы демалысымда оралған болатын. Алғаш қаланы аралаған күні атбасын бұрған жерім бұрын көгілдір экраннан талай мәрте тамашалаған, Астананың символына айналған алып «Бәйтерек» болды. Жоғары басына шығып, қаланың айшықты ажарына, кескін-келбетіне қарасаң көз тоймайды. Небәрі 21 жылда осындай ғажайып қала тұрғызған Нұрсұлтан атамның аса көрегендік саясатына перзенттік көңілмен алғыс айтып, төбем көкке бір елі жетпей қалды. Елорданың қай жерінде болмадым. «Қазақ кешені», «Салтанат сарайы» сияқты ғимараттар адамзаттың қол жеткізген тамашаларын көз алдыңа әкелсе, өзге көшелер мен үйлерде Қазақстанның қарышты қадамына лайық болашаққа Азияның барысындай ұмтылыс, рухани талпыныс бар. Астана «Бәйтеректен» басталады. «Бәйтерек» Астананың бойтұмары десек, қала құрылысында әлемдік жаңалықтармен қатар қазақ елінің орталығы екенінің иісі аңқып тұр. «Бәйтерек» пен Мебхус лентасы еуразиялық бірлігімізді, қос құрлықтың бауырластығының белгісі ретінде әлемдік ақыл-ойды ұштастырып тұр. Президенттің мәдениет орталығы, Конгресс-хол, «Нұр-Астана» мешіті, Бейбітшілік және келісім сарайы не деген керемет, айтып жеткізу мүмкін емес! Астананы аралай жүріп байқағаным, болашақтың қаласында жастардың сонша көп шоғырланғаны. Осыдан-ақ ел ертеңі де жас ұрпақ, яғни менің замандастарым болатындығына көзім одан сайын жетті.
Ал Астана төрінде өткен ЕХРО-2017 халықаралық көрмесін аралау мені үлкен шаттыққа бөледі. Екі күн ұдайы көрмелерді аралау маған үлкен әсер қалдырды. Әр елдің мәдениеті, жетістігі жаңа ойларға жетеледі. Болашақта осындай көрмелерді ұйымдастыруға қатыссам деген арман пайда болды.
Астана – өркениет көшіндегі темірқазығымыз. Астана – алаштың Сарыарқаға қағылған алтын қазығы. Бүгін де, болашақта да Астана төрткүл дүниенің толғақты түйіндерін талқылайтын жаһандық орталыққа айналғаны да ақиқат.
Ойымды түйіндей келе, болашақта да елдіктің ерен елордасы Астанада ғасырлар бойы Қазақстан халқының азат ойы мен мүдделері, асқақ арманы мен мақсаттары іс жүзіне асырыла беретін болады. Батыс пен Шығыс өркениетін жалғастыратын алтын көпір атанған ару Астана талай-талай аламан бәйгелерге ат қосып, талай-талай жаһандық биіктерді бағындыратын, күннен-күнге кең қанат жайып, өркендеп өсіп, әлемнің ең ірі қалаларының қатарынан орын алатынына сенімім мол.
Ал кеше…жер-жаһан жаңарып, күн мен түн теңелетін Ұлыстың ұлы күні қарсаңында еліміз тарихындағы екінші Президент Қасым-жомарт Тоқаевтың ұсынысын ҚР Парламенті депутаттары бір ауыздан қолдап, Астана – Нұрсұлтан қаласы болып өзгерді.
Нұрлана бер, Нұрсұлтан қаласы!

Жалғас ӘБЕНОВ.

Тараз қаласы.

Түйе боздап, Қой қоздап, қорада шу…

Наурыз айымен қатар келетін мал төлдету малшы үшін аса бір жауапты науқан болып табылады. Өйткені наурыздың алғашқы күндерінен-ақ жердің тоңы жібіп, диқан қауымы соқа-сайманын сайлап, малшы мал төлдетуге бел шеше кірісетін қарбалас шақ туады. Қорада жаңа туған төлдің бірден енесінің емшегіне ұмтылып, емірене емгені, құлдыраң қағып ойнап кететіні, бәрі-бәрі қарап отырсаң ғажап көрініс емес пе?!
Біз 100 саулықтан 100 қозы аламыз деп алдымызға үлкен мақсат қоймасақ та, қыстақтағы қорадан өретін төрт түліктің басын көкке аман алып шығып, шығынсыз төл алудың қамында жүрміз. Қазір өзім жетекшілік ететін «Ынтымақ» шаруа қожалығында осыдан 20 жыл бұрын небәрі 35 бас мал болса, бүгінде 900 қой, 150 сиыр және 50 бас жылқы бар. Сонымен қатар асыл тұқымды мал өсіріп отырған қожалығымыздың өз бордақылау алаңы жұмыс істеуде.
Шаруашылықта ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан 16 адамның 4-еуі сақманшы, 2-еуі малшы, қалғаны механизаторлар. Қыстақтағы төл алу жұмысы наурыз айының басынан басталып кетті. Шүкір, төрт түлік қыстан қысылмай шықты. Жемшөп те толық жетіп, малдың қоңдылығы сақталған. Ал мал төлдетудің машақатын малшылардан артық ешкім біле қоймас. Әсіресе түнде сақманшылардың ең сақ болатын сәті. Олар әр 2-3 сағат сайын қорадағы қойды аралап, жаңа туған қойды қозысымен бөліп отырады. Өрісте туғанын малшы өзімен ала келеді. Шаруашылықта қойдан бөлек, төрт түлікті түгел өргізіп отырғандықтан, мал төлдету біз үшін жауапты кезең. Бүгінде қорада қойы қоздап, биесі құлындап, сиыры бұзаулап жатқан да бір сәтке де демалуға мұршасы жоқ.
Жалпы, шаруашылықтағы 900 бас қойдың 700-і ғана төлдейді. Қазіргі кезде 400-ге жуық қой төлдеп үлгерді. Сондай-ақ сиыр мен жылқының да тең жартысы төлдеген. Сәтін салса, сәуір айының соңына қарай мал төлдету науқанын аяқтағалы отырмыз. Бұдан кейін төрт түлікті жайлауға көшірудің қамына кірісеміз. Онда малшыларды қырықтық пен ветеринарлық жұмыстар күтіп тұр. Міне, осылайша, қым-қуыт тірлік бірінен соң біріне жалғасып кете береді.
Жоғарыда айтқанымдай көктем айлары малшылармен қатар, диқан қауымы үшін де жауапты кезең болып табылады. Қолда мал болғандықтан да оның қысқы азығын қазірден бастап ойламасқа болмайды. Сондықтан биылғы жылдың өнімі үшін 400 гектарға күздік бидай себілді. Енді 20 гектарға жоңышқа, 500 гектарға арпа себу жұмыстарын бастап кеттік.

Қырғызбай БАЙМҰХАНБЕТ,
«Ынтымақ» шаруа қожалығының жетекшісі.

Шу ауданы.

Суретті түсірген Петр Норкин.

Алма бағым гүлдеп келеді

«Бір тал кессең, он тал ек» дейді дана халқымыз. Сол айтпақшы өз басым кез келген, әсіресе, көшеге, жол бойына сән беріп тұрған ағаштарды кесіп жатса көңілім құлазып сала беретіні бар. Мүмкін ол шыбық шаншып, жеміс-жидек баптап отырған бағбан болғандығымнан шығар.
Біздің бала кезде аталарымыз Наурыз мейрамы алдында шарбақты айнала өсіп тұрған тал теректі бұтап, шыбығын арық жағалай шаншып жататын. Одан қала берді жеміс ағаштарының көшеттерін әкеліп отырғызатын. Мен өзім қыз болсам да неге екенін қайдам, тал-терек отырғызғанды жақсы көретінмін. Сол әдетімнен әлікүнге танбай келемін. Қалыптасқан дәстүрмен жылда ауданда өтетін көктемгі көріктендіру, көгеріштендіру және санитарлық тазалық айлығына өз үлесімізді қосудамыз. Мәселен, менің білуімше соңғы үш жылда Байзақ ауданында жалпы алаңы 155 гектарға тал-дарақ, қараағаш пен сәндік ағаштар, жеміс-жидек көшеттері отырғызылыпты. Соның ішінде «Бір сәби – бір ағаш» акциясы аясында аудан орталығында алдыңғы жылы 689, былтыр 484 түп көпжылдық қылқан жапырақты ағаш көшеттері тігілген. Биыл да бұл үрдіс өз жалғасын табуда.
Өзім осыдан жиырма жыл бұрын отбасыммен ақылдаса отырып «Байжанова» шаруа қожалығын құрдым. Алғашқы жылдары егін сеуіп, көкөніс өсірдім. Екі гектар алма бауымыз болды. Бүгінде жеміс-жидек бауын 12 гектарға арттырдым. Еңбектен қол үзбей жүріп жеті ұл-қызды өсірдім. Оқыттым. Қазір ұл-қыздарымның үшеуі қарамағымда жұмыс істейді.
Адамның мәртебесін өсіретін еңбек. Еңбектің арқасында Елбасымен екі рет кездесу бақытына ие болдым. Бірінші рет 2003 жылы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесінде, одан кейін 2005 жылы Тараз қаласына іссапармен келген тұста Мемлекет басшысымен жүздестім. Мұның өзі мен үшін үлкен мәртебе. Аудан басшылығы да еңбегімді жоғары бағалап, ескеріп-елеп жатқанына көп рахмет. Тәуелсіздік жылдарында кеудеме 5 медаль тағылды. Сондай-ақ Президенттің қолынан алған «Алтын алқам» және бар. Осы абырой ауылыма, еліме жасаған еңбегімнің өтеуі деп білем. Әрі Байзақ ауданының Құрметті азаматы да атанып үлгердім.
Қоғамдық жұмыстардан да шет қалып көргенім жоқ. Тазалық шараларына да үлес қосып келемін. Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында «Байзақ баба» кесенесінің маңайына және сол маңдағы баққа 700 түп алма көшеті отырғызылды. Осы шараларға араласа отырып, өз бау-бақшамды да үлкейтуге көңіл бөлдім. Былтыр 3000 түп алма ағашының көшетін отырғызып, бауымды біршама ұлғайтқанмын. Биыл 400 түп алма, 180 түп шие, 50 түп өрік көшетін әкеліп орналастырдым. Өткен жылдары орташа өнім гектарына 23-25 центнерден айналған еді. Жаңа жылда жақсы өнім аламыз деген сенімім бар.

Несіпкүл БАЙЖАНОВА,
«Байжанова» шаруа қожалығының жетекшісі, көпбалалы ана.

Байзақ ауданы.

Бүркітшімін баптаған бала қыран

Наурыз мерекесі кезінде қазақтың салт-дәстүрлері, құндылықтары дәріптеледі. Бабалар қастерлеген әдет-ғұрып, жоралғылар балалар санасында жатталып, кейінгі ұрпаққа үлгі, мұра болып келе жатыр. Қазақ халқының ғажайып өнерінің бірі – құсбегілік. Бұл өнер ұлттық құндылықтарға құрметі жоғары адамның ғана қолынан келеді.

Өткен ғасырдың 80-жылдарының басында «Қауырсын» құсбегілер клубын құрдық. Клубтың жұмысы ә дегеннен жанданып сала берді. Сол жылдары әлемнің түкпір-түкпірінен 500-дей хат келіп түсті. Қазақ даласында алғаш құрылғандықтан шығар, клубтың жанашырлары мен қызығушылары көп болды. Қырғыз Республикасының «Бозтері» деген жерінен Бейшебай Қыдыманов атты қырғыз ақсақалы және өзіміздің танымал құсбегі ағамыз Әбілхан Тұрдыбаев клубқа бүркіттерін сыйлады. Алматы жақтағы «Дегереc» совхозында тұратын Нұрғожа, Шәкен, Мақан сияқты көнекөз құсбегілер клубқа келіп, құс баулу өнерін үйрете бастады. 1981 жылы шығармашыл жастардың республикалық «Жігер» фестивалінде лауреат атандық. Қолыма қыран құсымды қондырып тұрып, өлең оқыған сәтіме Алматының жарты тұрғыны риза болған екен. Менің 1985 жылы жазған «Қауырсын – табиғат достар клубы» атты кітабым әлі күнге қолдан-қолға өтіп, оқылып, маңызын жоймай келеді. Себебі ондағы қазақтың құндылықтары, табиғатқа деген қызығушылық қай оқырманды болса да толғандыратын болуы керек. Америка құрама штатындағы «Ханкинг» халықаралық саятшылық клубының мүшесі ретінде де бірқатар жетістіктерім бар.
«Тастүлек» атты фильмге түскенімді, актерлік қырыммен де танылғанымды біреу білсе, біреу біле бермейді. Ол былай болған. 1981 жылы «Қауырсын» құсбегілер клубының мүшелері Алматыға шақырылып, «Алтыбақан» атты телебағдарламаға түсірді. Түсірілімнен кейін Қазақ теледидарының жастар редакциясының бас редакторы Құсман Игісінов құсбегілермен бірге фильм әзірлеу жайын бізбен ақылдасты. Көп ұзамай Құсекең мен Аймұхан Қарабалин сценарийін жазып, «Тастүлек» фильмі түсірілді. Мен сол фильмде бала бүркітшінің рөлін ойнап әрі кеңесші ретінде де образ сомдадым. Фильм біздің өңірдің Шу, Мойынқұм аудандарында түсірілген, бұл күнде алтын қорда сақтаулы.
Әрине, халқымыздың құсбегілік өнері жайлы сөз қозғағанда ойымызға алдымен атақты Жалайыр Шора оралады. Тіпті қырандар «Аспанда жүрсем қанатым талады, жерде жүрсем, Шора ұстап алады депті» деген аңыз да бар. Сондай-ақ Жетісуда өмір сүрген Бәйдібектің Жәлменбеті деген кісі құладынды қайырып, қуға салыпты деген дерек бар. Құладын – қаршыға тектес шағын құс. Онымен құс ілдіру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ал Тінейдің «Сары құсы», Ақан серінің «Қараторғайы» бүкіл қазаққа аңыз болып келе жатыр емес пе?
Тарихқа жүгінсек, халқымыз ардақтаған тұлғалардың бәрі құсбегілік пен саятшылықты жек көрмеген ғой. Мысалы, Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деген өлеңін құсбегілік өнердің тұнып тұрған суреті дер едім. Шәкәрім Құдайбердіұлының да бүркітімен түскен суреттері оның құсбегілікпен айналысқанын әйгілейді. Ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан 1937 жылы жаппай жазалау жүргізіле бастағанда да, ешкімнің көзіне түспей жасырын жүріп, «Саят құстары» деген өте құнды еңбегін жазып шыққан. Осы туынды ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының тарихында алғаш рет жеке кітап етіп басылыпты.
Құсбегіліктің бойыма қайдан дарығанын да айта кетейін. Ес білгелі Шу – Талас бойын жайлаған ұлан-ғайыр өңірде менің әкем Тілеужан ғана құсбегі болды. Әкем жал-жал құмның жабындысына ұя салатын, «Қазықтының жалғызы» деген атқа ие шөл бүркітін көптің көзіне түсе бермейтін жерде ұстап баптайтын. Әкем жалғастырмаса, бұл бекзат өнер біздің өлкеде үзіліп кетуі мүмкін еді. 1960 жылдары Қытайдан құстың тілін білетін біршама құсбегі азаматтар елге оралды. Олар қазір Алматы қаласында қазақтың атамұра өнерін сақтап, дамытып отыр. Ал өзім «Қауырсын» құсбегілер клубының құрамында Куба, Венгрия, АҚШ, Болгария елдерінде болдым. Бір перзентімнің есімі – Саятхан. Дегенмен ол саятшы болмаса да, журналист. Мен әлемдік құсбегілер орталығы Жамбыл немесе Маңғыстау облысынан ашылса деген ұсыныс айтқым келеді. Өйткені бұл өңірлер саятшылық құстарының өмір сүру дәлізі саналады. «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалада Аң стилі туралы айтылған еді. Біздің өткеннен алар тағылымымыз көп.
Жақында облыстық ардагерлер кеңесінде атбегілік өнерге байланысты жиын болды. Сол кездесуде мен атбегілерге біраз өкпемді айттым. Олардың ағылшынның, Францияның аттарын сатып алатынын сөз еттім. Өзіміздің бәйге аттары қайда? Неге өзіміздің бәйге аттарымызбен мақтанбаймыз. Қазақтың бәйге аттарының мүмкіндігін неге әлемге көрсетпейміз?
Қазіргі уақытта әлем халқын жалғыз құсбегілікпен де қызықтыра алмаймыз. Себебі құсбегілікті өзге мемлекет те үйрене бастады. Енді біздің қазаққа өзі жүйрік ат ұстаған, құс жүгіртіп, аңға салған, балуан, әнші, айтыскер сынды сегіз қырлы жігіттер керек. Кешегі Ақан сері, Біржан салдар қажет. Әлемді осылай ғана таңдандырамыз.

Жапар САТЫЛҒАНОВ,
құсбегі, ауданның Құрметті азаматы.

Мойынқұм ауданы.

Сары қымыз сапырып, тамсандырған ауылым

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Шөбі шүйгін, суы бал Алатаудың етегінде орналасқан Тәттібай Дүйсебайұлы ауылының бал қымызы талайдың таңдайын қақтырып жүргені анық. Жалпы, жұртшылыққа Амангелді қымызы деп тарауының сыры, бұл ауылдың ескі атауымен тығыз байланысты. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары мұнда арнайы қымыз шаруашылығы құрылып, ол 70-жылға дейін жұмыс істеген. Өндірілген қымыз тікелей Мәскеудегі екі бірдей ауруханаға емдік сусын ретінде тасымалданып келіпті. Ол шаруашылық таратылғаннан кейін де ауыл жұрты оны өндіруді тоқтатпаған. Осылайша Амангелді қымызы осы атаумен одаққа да тарап үлгерген-ді.
Бүгінде мұнда бие байлап, қымыз өндірмейтін тұрғын кемде-кем. Сондай-ақ әрбір үйдің өз тапсырыс берушісі бар. Мәселен, Баулыбаевтар отбасына Өзбекстан мен Қырғыз Республикасынан да тапсырыс берушілер бар көрінеді.
Жеке кәсіпкер Қайрат Баулыбаев мұны іргедегі Алатаудың етегінде өсетін өсімдіктердің құнарлылығымен байланыстырады. «Бұл араның табиғаты керемет. Шөбі құнарлы. Қазір ауылдың қасынан «Қаралма» тау шаңғы кешені салынып жатыр. Ол туристік нысанға айналса мұнда қымыз бизнесі дамығалы отыр деген ойдамын», – дейді. Кәсіпкердің жиырмаға жуық жылқысы бар екен. Биелері жақында құлындай бастамақ. Содан кейін қымыз өндіруге бел шеше кіріспек. Екі жылдан бері «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жол бойынан жалға жер алып, киіз үй тігіп, кәсібін дөңгелетуде екен.
Кәсіпкер жігіт жолдасы Айгүлдің мектептегі қызметі жоғарылаған тұста қымыз өндіруді тоқтатуға шешім қабылдапты. Сонда ұлы Ғазихан бар жұмысты өз мойнына алған көрінеді. «Бір өзім бәріне үлгермеймін. Жолдасым ертеңнен, кешке дейін мектепте. Жұмысы шаш-етектен. Балам болса студент. Анам Тұрсын 85-ке келді. Бұрынғыдай бие сауып, күбі пісе алмайды. Мал өзі мал болмайды ғой. Жолдасым келіскенмен ұлым келіспеді. Сонымен кәсібімізді тоқтатқан жоқпыз. Қазір ұлым бие сауу, күбі пісуде маған үлкен жәрдемші болып отыр» – деді кәсіпкер.
Әкесі мақтауын жеткізген Ғазиханмен де әңгімелесудің сәті түскен еді. Ол бүгінде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің көлік және көлік техникалары факультетінің 3-курс студенті. Әжесі мен анасына көмектесіп жүріп бие саууды 6-сыныпта үйреніпті.
– Бие сауып, күбі пісу оңай шаруа емес. Көп қол жұмысын қажет етеді. Алғашында құлындарды бөліп, әжем мен анама көмектесуші едім. Анам жұмысқа кеткенде биелерді әжем сауады. Әкем де көмектеседі ғой. Бәрінен бұрын әжемді аяйтынмын. Соған бола бие сауып үйрендім. Бастапқыда қолың талып кетеді. Бірақ кейін үйреніп кетесің. Көбінде түнде сауамыз. Күндіз шыбындап сауғызбайды. Ұйқың бөлінеді. Шаршайсың. Түнде ұйқымды қимайтынмын. Оған да үйрендік. Биені әр екі-екі жарым сағат сайын сауу керек. Одан бөлек күбіні ыстау, майлау, күбі пісу, басқа да ұсақ-түйек жұмысы жетіп артылады. Анам жұмысынан шыға алмай қалған тұста әкем екеуміз әулетімізге сіңген кәсіпті тоқтатпадық. Шамамыз келгенше жұмыс жасадық. Жол бойында отырғандықтан да тапсырыс берушілер көп болады. Араларында шетелдіктер де бар. Өзбекстан мен Қырғыз республикасының азаматтары байланыс телефондарымызды алып алған. Алдын ала хабарласып, ары-бері өткенде 70-80 литр алып кетеді. Қымыздың түрі көп қой. Сұраныс жасаушылардың талғамына қарай дайындап береміз», – деді ол.
Жастайынан еңбекке араласқан Ғазихан осы кәсіпті меңгергеніне еш өкінбейді. Қайта әке-шешесіне қолғабысын тигізіп, жаздай оқуының ақшасын тауып, қажеттіліктерін осы кәсібі арқылы жауып отырғанын айтуда. Жалпы күніне 35-40 литр сүт сауып, ашытып, күбіге құяды. Ауылда тапсырыс берушіні күтіп отырмай жол бойынан киіз үй тігіп, сауда жасау да Ғазиханның идеясы екен. Бір жағы жолдан ары-бері өткендер тоқтап шөлін басса, бірі саумал ішу үшін келіп тұратын көрінеді. Кейбіреулері тайға мініп, мәз болса, ересектердің киіз үйде аяқ суытуына мүмкіндік жасалған. Биыл ол жол бойынан екі киіз үй тігіп, кәсібін үлкейтуді жоспарлауда.
Табысы да жаман көрінбейді. Күнделікті табысы орта есеппен 25 мың теңгені құрайды екен. Тапқан табысына өткен жылы Тараз қаласынан 2 бөлмелі пәтер сатып алыпты. Бұл істі жүргізуде келіншегі Замираның да көп көмегі тиіп отырса керек. Жұбайы Абай атындағы педагогикалық училищеде оқиды екен. Биыл кішкентайлы болыпты.
Әкелі-балалы осылайша кәсіптерін дөңгелету үстінде. Ғазихан оқуы бітсе ауылға әкесінің қасына келіп, бизнесін кеңейтуді жоспарлауда.

Жуалы ауданы.

Тұңғыш Президент мен тіккен ішік пен
бөрікті кигенде, төбем көкке жетті

«Адам көркі – шүберек» дейміз. Сондықтан қазіргі сәнгерлер сан алуан киім үлгілерін жарыса ұсынып-ақ жатыр. Тіпті әр маусым жаңа сән талабымен келетін болған. Алайда даңқы жер жарған жоғары деңгейлі дизайнерлер тіккен туындылардың өзі біздің ұлттық рухымыз бен болмысымыз сіңген қазақы нақыштағы киімдердің көлеңкесінде қалатындай. Қазақы киімнің барша сымбаты мен ою-өрнегінде, әрбір әшекейінде халқымыздың тарихы, ой-дүниесінің қайталанбас көрінісі жатыр. Сол себепті бізге бұл киімдер бәрінен артық көрінеді.

Рас, бір кездері ұлттық құндылығымыздың осы көркем бөлшегі ұмыт бола бастағандай ұнжырғамыз түсті. Сол сәттер еліміздің сәнгерлерінен «сілкініс» күткен едік. Соның ішінен «Дана-Дель» сән үйі суырылып шығып, ұлттық киімдерді жаңғырту жолында 15 жылдан бері жемісті жұмыс істеп келеді.
Бүгінде ұлттық киімге деген сұраныс жоғары. Ұлттық киімдер үлгісін барынша көркемдеп, зерлеп өзгертіп тұтынушыларға ұсынудамыз.
Тігін шеберханасын 2003 жылы ашып, бастапқы 7 жылда жалдамалы ғимараттарда жұмыс істедік. Тапсырыс берушілердің артуы жұмысымызды жандандырды. Әрбір тапсырысқа үлкен жауапкершілікпен қарап, сапаға барынша мән бердік. Ой-қиялға ерік беріп, әр киімді шығармашылық ізденіспен әзірлеуге тырыстық. Уақыт сырғып, сұраныс артты. Ал 2007 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа ұлттық киім тігу құрметіне ие болдық. Бұл менің өмірлік кәсібімнің тарихи кезеңі, жұлдызды сәті еді. Мұның алдында Қытай губернаторына ішік тіккенбіз. Сол жұмысыма қарап, облыс басшылығы маған сенім артқан екен.
Тараз қаласында Тұңғыш Президент атындағы саябақтың ашылу салтанатында Ұлт Көшбасшысы менің қолымнан шыққан ішік пен малақайды кигенде, төбем көкке жетті. Бұл маңызды тапсырысты мүлтіксіз орындау зор ізденісті талап етті, 3 күн кітапханада отырып, әрбір оюды зерттеп, хан-сұлтандар киетін бас киімдердің мән-мағынасына үңілдік, қиюын, жібін, өрнегін түгел талдадық. Сырт киім тігу мен бас киім тігудің айырмашылығы көп. Сондықтан бас киімнің арнайы тігіншілері болады. Алайда олардың бәрі Президентке бас киім тігуге жүрексінді. Бұрын-соңды қалпақ, малақай, тақия тігіп көрмеген мен бұл міндетті өз мойныма алдым. Сөйтіп ойыма алған киімді талапқа сай тігіп шықтым. Ол Мемлекет басшысының көңілінен шығыпты. Жасыратыны жоқ, бұл жұмысты сол кезде мен 20 шаршы метрлік шағын шеберханада отырып-ақ жасадым.
Кейінірек несиеге 3 бөлмелі пәтер алып кәсіпті сонда жалғастырдым. Ұлттық киімдерге сұраныс көбейіп, ол жерге де келушілер сыймай кеткен соң ғимаратты тағы кеңейтуге тура келді.
Бүгінде кең ғимаратта ауқымды тапсырыстарды орындап жүрміз. Тапсырыс берушілердің географиясы да өсті. Мәселен, Астана, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Атырау, Ақтау, Орал, Семей, Балқаш қалаларынан сұраныстар жиі түседі. Сондай-ақ шетелдерде де тұтынушыларымыз бар. Олар бізді облысымыздың өнерпаздары қатысқан халықаралық байқаулар арқылы таныған. Мәселен, біздің киімдерді киіп, Болгарияға жарысқа аттанған әртістер арқылы германиялық өнерпаздардан тапсырыс түсті. Ал енді жуырда Францияға жол тартқалы тұрған өнерпаздарымыз арқылы әлгі 30 жинақталымнан тұратын сахналық киімдерді тапсырыс иесіне беріп жібермекпіз.
Жалпы, біз уақытпен қадамды тең басуға тырысамыз. Көпшілікке қолжетімділік пен ашықтықты, бәсекелестікке қабілеттілікті қалыптастырдық. Мемлекеттік тапсырыстарды орындаймыз, арнайы сайтымыз да бар. Өндіріске қажетті жаңалықты бірден меңгеруге тырысамыз. Жаңа технологиялар мен техникаларымыз түгел. Үздіксіз ізденіс үстіндеміз. Бір жерден қателессек, келесі өнімімізді жетілдіре түсеміз. Сән үйімізде 22 маман жұмыс істейді.
Мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған іскер әйелдер кеңесінің мүшесімін. Кеңес атынан 3 жыл қатарынан Стамбул, Анкара, Дубай қалаларында өткен әйелдер бизнесін дамыту бойынша халықаралық форумдарға барып, біраз жаңалықтарды меңгеріп қайттым. Нәтижесінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен, өндіріс орнынан 2017 жылдың қыркүйек айында оқыту орталығын аштық. Алғашында ақылы түрде қабылдап, кейін «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында маман даярлауға кірістік. Осылайша «Дана-Дель» оқыту орталығынан жылына 150 адам тігінші мамандығын меңгеріп шығуда. Орталықта 6 мұғалім сабақ береді.
Біздің тігетініміз – сахналық киімдер. Бойымдағы сурет салу мен дизайнерлік қабілет, шығармашылық қасиет мені басқа бағытқа бет бұрғызбады. Бала күнімнен суретті жақсы салдым – әрі пианино аспабында ойнайтынмын. Әсемдікті көңілім қалайды, жаным сүйеді. Кеңес үкіметіндегі «сұр киімдер» кезеңінде менің қиялымда мың құбылған, сан алуан үлгілер қалықтайтын. 8-сыныпты мені анам тігіп-пішу курсына жіберді. Курсты аяқтаған соң, туыстарым мен құрбыларым менің қолымнан шыққан киімдерді киді. Бірақ мен пианиношы болғым келді. Музыка институтының байқауынан бағым жанбай, пианино – менің гармониям, мәңгілік хоббиім болып қала берді. Сөйтіп, Жамбыл педагогикалық институтының «көркемдік-графика» факультетін сәтті аяқтадым. Студент кезімде былғары цехында жұмыс істеуге уақыт таптым. Бұнымен шектелмей, қосымша курстар мен тренингтерге белсене қатысып, шеберлігімді шыңдай түстім.
Қазір танымал дизайнерлермен жұмыс істейміз. Бұрын әртістерге киім үлгілерін өзім сызып, ұсынатынмын. Өзім алдымен әртістің орындайтын әнінің немесе биінің музыкасын тыңдап, содан соң ғана іске ден қоятынмын. Әлбетте, ондай туынды әртістің де, көрерменнің де көңілін жадыратады.
Алладан дарын келсе – бір бақыт, оны өміршең ету – мың бақыт. Мен бойымдағы қасиетті іске асыра білген, мамандық таңдаудан қателеспеген, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президентіне бай мұрамыз – ұлттық киім тіккен бақытты жанның бірімін.

Бақыткүл Егембердіқызы,
«Дана-Дель» сән үйінің директоры.

Тараз қаласы.

Қанша ғасыр сән берген даламызға
Өзгеше бір әні едің байтақ елдің,
Сәлем, Наурыз!
Сен біздің арамызға
Алпыс екі жылдан соң қайта келдің.

Сен ең көне жырысың санамыздың,
Рухи шаттығымсың тасып толған.
Сені тойлап, бабасы бабамыздың
Әжемнің әжесіне ғашық болған.

Сен бүгін арнасысың дара күйдің,
Сан пейілдің төрінен күлімдейсің.
Сен менің ұлы бабам Фарабидің
Кешігіп елге жеткен үніндейсің.

Басыңды көтер, қане, күн қақтаған,
Сен енді басқа айқайға бұрылмайсың.
Тымырсық, тылсым жылдар тыңдатпаған
Сен бізге Шәкәрімнің жырындайсың.

Ғасырды көктеп өтіп сұңқар сезім,
Немерем тік көтеріп уақыт туын,
Ғашығына арнаған іңкәр сөзін
Өзіңнің тойыңда айтса, бақыттымын!

Мұхтар ШАХАНОВ.

Сезілмей, әсте, ызғары тіпті
Биылғы қыстың тұз-дәмі бітті.
Тау басын жапқан жұқа мұздықтар,
Жатқан сияқты қызғанып «Үтті».

«Үт» кірді жылға, Құт келді жаңа,
Көрікті, көркем күйге енді дала.
Көкпекті белде күн сүйген әсем,
Көз жауын алған гүлдерді қара!

Құстарды тыңда, ән салған түрлі,
Жерінде туған жар салған үнді.
Табиғат осы тылсымы терең,
Сезеді сенің тамсанғаныңды.

Жаңғырып дүние, жаңарып бәрі,
Жыл келді тағы ағарып таңы.
Жақсылығы артып, көбейсе дейміз,
Жағымды, жайлы жаңалықтары!

Ырыздық бергей Тәңірім бізге,
Қазақтың текті тамырын үзбе.
Береке тілеп жүрейік дәйім,
Бірлікте болып бәріміз бірге!

Бақытжан Мақашев.

Тараз қаласы.

Наурызда жақсылыққа
ниет етейік

Халқымыз ұлы күнге балаған, жыл басы санаған жасампаз Наурыз – бірлік пен береке мейрамы. Баршаңызды осы ұлағатты мерекемен шын жүректен құттықтаймыз!
Наурыз – көктемгі жаңарудың, махаббаттың, ақ пейіл мен татулықтың мерекесі. Ол – өткенді саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең.
Біздің басты құндылығымыз – халықтың бірлігі.
Халқымыз қашанда жаңа жылдан жақсылық күтіп, келер күннен үмітін үзбеген. Бүгінін болашағымен байланыстырып, бар ізгіліктің бастауын игі ниеттен іздеген. Сондықтан тіршілік жаңаратын Наурызда әр адам жақсылыққа ниет етуі керек.
Отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілейміз. Еліміз өркен жайып, Ұлыстың ұлы күні елімізге, жерімізге ынтымақ пен сәттілік, құт-береке ала келсін. Ұлыс оң болып, әрбір күніміз Наурыз күніндей шуақты болсын!

Ерқанат Манжуов,
«Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Күн менен түн теңелген,
Жер шуаққа бөленген.
Құт болғай Наурыз мереке,
Әр үйде болсын береке!

Уа, Құдайым!
Зейінді бас бергейсің,
Адалынан ас бергейсің.
Абыройыңды асыратын,
Жаны таза дос бергейсің!

Ұлыстың ұлы күнінде,
Ұлың ойға қонсын,
Қызың қырға қонсын.
Төрт түлігің түгел боп,
Малың өріске толсын!

Мінгендерің балалар,
Кілең жорға тай болсын,
Жегендерің май болсын.
Киген киім, ажарың,
Біліміңе сай болсын.

Күніміз көңілді болсын,
Жеріміз өнімді болсын.
Қазанымыз майлы болсын,
Дастарқанымыз нанды болсын.

Ата-апалар жетекші болсын,
Ұл мен қызың әдепті болсын.
Келініміз келісті болсын,
Келешегіміз өрісті болсын!

Кешірілсін өкпе-наз,
Көңілде кір қалмасын.
Наурыз көже мол болып,
Халқыма құт орнасын.
Аман боп Отан тұрағың,
Алла шашсын шуағын.

Бата, бата балдай болайық,
Басы биік таудай болайық.
Шағалалы, айдынды көл болайық,
Ұлы даланы алаңсыз жайлаған ел болайық!
Әумин, әумин!

Орынбай РЫСБАЕВ,
ауданның Құрметті азаматы, облыстық «Батамен ел көгерер» батагөйлер байқауының бас жүлдегері.

Жамбыл ауданы.

Е, халайық! Қол жаяйық,
Бата берейін, әз Наурызға лайық.
Күн мен түнді теңгеріп,
Дым мен нәрді теңденіп,
Бақыт пен байлық өңгеріп,
Ризық болар баршаға
Жыл сыйла елге, құт Наурыз!

Жауыныңды селдетіп,
Нәр-суыңды көлдетіп,
Егін жайды ендетіп,
Өрісте малды кендетіп,
Молшылыққа малындырған
Болатындай шаттық күн,
Жыл сыйлашы, Наурызым!

Мал біткен шетінен семіз,
Төл біткен төлдеген егіз.
Жеткізе көр табысқа
Шалқар байлық, телегей теңіз!
Молшылық әкел, әз Наурыз,
Өңірімізге нұр жауғыз!

Дастарханда ет берекелі,
Қуанышты үдет, мерекелі!
Аққа әр үй молыққан,
Қыдыр бабаға жолыққан,
Ырыс-бақытқа кенелген,
Жылыңды әкел, нұр Наурыз!

Әр жүрекке сеуіп нұр,
Шаттықпен жылда көрістір!
Әумин!

Нұрмахан ТІЛЕГЕНОВ,
зейнеткер.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support