- Advertisement -

Жас химик Диананың алар асуы алда

60

- Advertisement -

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің 4- курс студенті Диана Балтабаева – Жастар жылын жемісті әрі нәтижелі өткізсем деп талпынып жүрген жастардың бірі. Мектеп оқып жүргенінде басқа сабақтарға қарағанда химия пәнін сүйіп оқыды. Содан да шығар, мәселе мамандық таңдауға тірелгенде, ойланып жатпағаны. Бірден өңірдегі іргелі оқу орнының химия саласы бойынша «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығына құжат тапсырды.
Ол өз таңдауының кездейсоқ емес екенін әр жылы дәлелдеп отырды. Осы сала бойынша облыстық студенттердің ғылыми-зерттеу байқауына қатысып, 3-орынды жеңіп алды. Сондай-ақ Сарысу ауданындағы «ЕуроХим» компаниясы ұйымдастырған республикалық жарыста жеңімпаз атанды.
Бір айта кететіні, бұл байқауға қатысып, бақ сынамас бұрын ол ТарМУ-дың химия лабораториясында өндірістік-технологиялық проблемаларды шешуге бағытталған ғылыми жұмыстар жүргізген болатын. Атап айтқанда, элементарлы күкірттен полисульфидті және сульфидті қосылыстарды алып, оны өсімдік ауруларына қарсы қолданылатын фунгицид ретінде қолдануға болатынын дәлелдеген еді. «Бұған нақты атау берсек, ол – ауыл шаруашылығында қолданылатын тыңайтқыш», – дейді Диана Балтабаева. Міне, осы еңбегін аталған зауыттың өндірістік проблемасын шешудегі тиімді жол ретінде ұсынғандықтан ТарМУ студентінің бағы жанды.
Химиялық өнімдерді тиімді өндіру, оларды алудың технологиялық маңызын болашақ химик-технолог Диана былай түсіндіреді: «Қазфосфат зауыты минералды тыңайтқыштар шығарғанымен, тап осы өнімді өндірмейді. Ал химиялық-физикалық қасиеттерді жоғары, беріктігі мықты мұндай тыңайтқышты салыстырмалы түрде алсақ, бағасы да аса қымбат емес. Демек, облыста нарыққа шығарып, қолданысқа енгізуге болады».
Жас зерттеуші дипломын қолға алса, химиялық зауыттарда білімін тәжірибе жүзінде дәлелдеп, біліктілігін көрсететіні хақ. Ол ғылымға ден қойып, зерттеулермен айналысуға бағыт бергені үшін химия ғылымдарының кандидаты Халипа Садиеваға зор ризашылығын білдіреді.

Ардақ Сапибулла,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың 4-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support