- Advertisement -

Басшының білімі балаға деген қамқорлығынан да білінеді

43

- Advertisement -

Жалпы соңғы кездері қоғамдағы мектептердегі қалыптасқан «матриархаттық» жүйе туралы жиі айтылып жүр. Бала тәрбиесіне келгенде, ер-азаматтардың бұл үдеріске араласқаны дұрыс, әрине. Кішкентай балғындар айтқан ақылдан бұрын, айналасына қарап бой түзейтіні белгілі. Десе де жас жеткіншектерді өнерге баулуда қаталдықтан гөрі талапшылдық пен мейірім керек секілді. Әсіресе өнерлі өрендер қолдауды көбірек күтеді. Осы тұрғыдан алғанда облыстық «Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін» орталықты бар балаға қамқорлықпен қарайтын Шәриякүл Қашқынованың басқарып отырғаны – мұндағы қолға алған шаралардың нәтижелі болуына ықпал етіп тұрғандай.
Отандық білім жүйесінің негізгі мақсаты – бәсекеге қабілетті маман даярлау екені анық. Білімге көңіл бұрғанда, әрине, тәрбие жұмыстары да назардан тыс қалмайды. Міне, сондықтан Елбасының өзі балаларға мектептен тыс мекемелерде қосымша білім беруге көңіл бөліп отыр. «Білім туралы» Заңның 1-бабында «қосымша білім беру – білім алушылардың, тәрбиеленушілер мен мамандардың жан-жақты қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында жүзеге асырылатын тәрбиелеу, оқыту процесі» деп көрсетілуі де – осы сөзіміздің айғағы.
80 жылдан астам тарихы бар бұл орталықтың өңірдегі қосымша білім беру ісін ілгерілетуге қосқан үлесі зор десек артық айтқандық емес. 1938 жылы іргесі қаланған бұл мекеме алғашында «Пионер үйі» болып жұмысын бастаған. 2015 жылы облыс әкімдігінің №177 қаулысының негізінде мекеме атауы қайта құру жолымен білім басқармасының «Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шара-ларды өткізетін облыстық орталығы» болып өзгерді. Қазір осы тәрбие ошағы жалпы білім беретін мектептермен бірлесе отырып, балаларды өнерге баулып, әрқайсысының бойында жатқан талантын ашуға өз септігін тигізуде.
Орталыққа келетін оқушылардың қарасы жылдан-жылға артып келе жатыр. Биылғы оқу жылында мұнда барлығы 1516 оқушы қабылданыпты. Мұнда жалпы 21 бағыт бойынша үйірме бар. Қолға алынған жұмыстар нәтижесіз емес. Үйірмеге қатысушы оқушылар облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларда бағын сынап жүлделі орындарға ие болып жүргені – соның дәлелі. Атап айтсақ, былтыр 200-ге жуық оқушы түрлі сайыстарға қатысып, оның 10-ы бас жүлдеге ие болса, 15-і бірінші орын, 13-і екінші орын, 9-ы үшінші орын алған.
Былтыр Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан туындаған міндеттерді орындау үшін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Осы бағдарлама аясында «Nur Otan» партиясының «Балаларға арналған ақысыз ІТ сынып ашу» жобасы шеңберінде орталықта ІТ сыныбы ашылды. Аталған сынып заманауи талаптарға сай барлық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Қазіргі кезде мұнда «Stem centr» академиясының 3 модульден тұратын оқу бағдарламасы негізінде 90 оқушы білім алуда.
– Қосымша білім – оқушылардың болашақ кәсібін таңдауына әсер ететін күшті ақпарат көзі. 80 жылдан аса тарихы бар орталық республика көлемінде қосымша білім беру ұйымдарының арасында өз орнын нақты айқындап алды. Жыл өткен сайын біздің үйірмелерге қатысуға оқушылар тарапынан сұраныс көбеюде. Демек, бұл әлемдік білім беру кеңістігіндегі тұлға мен қоғамның сұранысын қанағаттандыратын орталық болып отыр, – дейді орталық директоры Шариякүл Көпжасарқызы.
Мекеме Елбасы даярлаған бағдарламаларды басшылыққа ала отырып тәрбие-білім беруде. Мәселен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында орталықта зияткерлік ойындар, фестивальдар мен түрлі байқаулар ұйымдастырылып тұрады.

Арайлым СКЕНДИЯРҚЫЗЫ,
студент.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support