- Advertisement -

Нәзік жандардың бағындырмайтын биігі жоқ

51

- Advertisement -

Зүлфия Ғабидуллина,
жүзуден Рио-де-Жанейро Паралимпиадасының чемпионы

Қай салада болсын, нәзік жандылардың тындырып жатқан тірлігі көп. Жетістіктерге жетіп жатқан замандастарымды, сіңлілерімді, әпкелерді көргенде олар үшін шексіз қуанамын. Бәріміз Отанымыздың, тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне тамшыдай болса да үлес қоса беруіміз керек. Бүгінде елімізде гендерлік саясат та жақсы жүргізілуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі әйелдер қауымына барынша қолдау білдіріп отырғаны жасырын емес.
Әйел – өмірдің өзі. Барлық мейірім аналардың жүрегінде орналасқан. Сондықтан да аяулы аналар мен ақ жаулықты әжелердің, күндей көрікті қыздардың қоғамда алар орны ерекше болмақ.
Арулар асыға күтетін айтулы даталардың бірі әрі бірегейі – 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі. Осынау мереке қарсаңында барлық нәзік жанды азаматшаларға ең бастысы зор денсаулық, толайым табыс, биік шыңдарды бағындыруды тілеймін.
Спорт саласында да бұрымдылар жетіп артылады. Олар халықаралық аламандарда ел намысын абыроймен қорғап, көк Туымызды көкте желбіретіп жүр. Білгенге спортшы болу – оңай емес. Жаттығу залдарында шүмектеп төккен тердің жемісі – үлкен жарыстардағы нәтиже. Ондай нәтижелерге қол жеткізіп жүрген боксшыларымыз да, қол күрес шеберлері де, балуандарымыз да жеткілікті. Былайша айтқанда, Жамбыл жерінде Қазақстанның атын шығаратын арулар болған, бола да береді. Ең бастысы, біздің елде спортшыларға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Оны көріп-біліп жүрміз. Ал қолдау бар жерде жақсы көрсеткіштің болуы – заңдылық.
Нәзік жандылар да елді қуантқысы келеді. Халықтың рухын көтеруге күш салады. Қолынан келгенше жақсы нәтижелерге қол жеткізеді. Бұл тұрғыдан келгенде, жамбылдықтардың мақтанатын жағдайы бар. Лайым солай бола берсін дегім келеді.
Түгел сөздің түйіні сол, Халықаралық әйелдер мерекесі күні құтты болсын. Байрақты бәсекелерде атой салатын аруларымыздың саны арта берсін. Барша аналардың, әжелердің асыл армандары орындалсын. Қай салада болсын, бұрымдыларымыздың қол жеткізген табыстары молая түссін. Аруларымызды ер-азаматтар аялап, қолдап, қуаттап, жігерлендірсе, олардың бағындырмайтын биігі алмайтын асуы жоқ. Мен оған бек сенімдімін.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support