- Advertisement -

Міндетіміз – белгілі, мақсатымыз – айқын

58

- Advertisement -

Еліміздегі ең ірі саяси ұйымның құрылғанына 20 жыл толуына орай ұйымдастырылған кезекті съезд партияның 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты жаңа бағдарламасының қабылдануымен айшықталды. Аталған құжатта Елбасының елімізді жан-жақты жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруға партияның қосатын нақты үлесі мен жұмысы көрсетілген.
Елімізді әлемнің дамушы отыз мемлекетінің қатарына енгізу жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 60, 61, 62-қадамдары ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді еселеп арттыруға бағытталған. Осыған байланысты шаруаларға мемлекет тарапынан арзандатылған несие, субсидия, лизингке техникалар берілуде. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімін өндіріп, өнеркәсіпті өркендетуге үлес қосып отырған шағын және орта кәсіпкерлік нысандары да мемлекет тарапынан көрсетілер көмек пен қолдауды шынайы сезінуде. Мұның барлығы кәсіпкерлердің аяғынан тік тұрып кетуіне үлкен септігін тигізіп отыр.
Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есеге көбейту міндетін алға қойғаны белгілі. Бұл ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер арасында зор серпіліс туындатып, оларды жаңа еңбек жетістіктеріне жігерлендіруде.
Қазіргі кезде ауданда белсенді жұмыс істеп тұрған 3875 кәсіпкерлік нысаны экономиканың артуына елеулі үлестерін қосып отыр. Жалпы өткен жылы олар 7 миллиард 761 миллион 900 мың теңгенің өнімін өндіріп, аудан бюджетіне 171 миллион 363 мың теңге салық түсірді.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп отырған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына бірінші кезекте керегі – қолжетімді несие. Бұл мәселе ауданда жұмыс істеп жатқан 4 несие ұйымы арқылы оң шешімін тауып отыр. Мәселен былтыр 4445 кәсіпкер жалпы сомасы 2 миллиард 325 миллион 062 мың теңгені құрайтын несиеге қол жеткізген-ді. Тарқатып айтар болсақ, «KazMicroFinance» ЖШС-ның аудандық бөлімшесінен 3163 адам 1 миллиард 802 миллион 895 мың, «Жуалы» несие серіктестігі» ЖШС-нан 12 адам 97 миллион 167 мың теңге алған. Ал «Азия несие қоры» ЖШС-нан 880 адам 265,0 миллион, «Арнұр-Кредит» ЖШС-нан 390 адам 160 миллион теңге несие алып, кәсіпкерлігін дамытуда. Сондай-ақ өткен жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның облыстық филиалы «Бизнес-кеңесші» және «Бастау-бизнес» жобалары аясында 205 адамды арнайы оқыту курсынан өткізіп, сертификаттар тапсырған болатын. Осындай сертификатқа ие болғандардың 64-і қазіргі таңда 218,1 миллион теңге несие алып, жұмыс істеуде.
Айта кету керек, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының тиімділігі де уақыт өткен сайын айқын сезілуде. Елбасының ұсынуымен бағдарламаның 2025 жылға дейін ұзартылғаны – қуантарлық жайт. Осы бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 7 жоба субсидияланып, қаржыландырылған болатын. Ал бүгінгі күні жүзеге асыруға 9 жоба ұсынылып, оның 3-еуі мақұлданып отыр.
Біздің таулы өңірдің қысқы туризмді дамытуға қолайлы ауа райы инвесторлардың қызығушылығын туындатқаны белгілі. Олар бұл істі қызу қолға алуда. Соның арқасында бізде өнеркәсіп пен туризм салалары қарқынды дамып келеді. Өткен жылы Орта Азияда баламасы жоқ «Бурное солар-2» күн электр стансасының құрылысы аяқталып, оны Мемлекет басшысы Индустрияландыру күні өткен жалпыұлттық телекөпір барысында салтанатты жағдайда ашқан еді. Стансадағы электр энергиясының жылдық өндірістік болжамы 78,2 миллион киловатты құрайды. Бұл шамамен 40 мың тұрғын үйді электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ол іске қосылғаннан бергі уақытта 47 миллион кВт электр қуатын өндіріп, 2 миллиард 31 миллион теңге көлемінде табыс тапты.
Бүгінде 100 МгВ-ты құрайтын станса күніне 660-680 мың кВт шамасында қуат өндіру әлеуетіне ие. Жоғарыда аталған қос бірдей күн электр стансасының жалпы жобалық құны 48 миллиард теңгені құрайды. Барлығы 80 мың тұрғын үйді энергиямен қамтамасыз ете алады.
Былтыр «Орсо энерджи» ЖШС орталықтағы жұмысы тоқтап тұрған мұнай өнімдерін сақтайтын және тарататын кәсіпорынды күрделі жөндеуден өткізіп, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні қарсаңында қайта іске қосып, 30 адамның тұрақты жұмыспен қамтылуына қол жеткізген-ді. Жаңа кәсіпорын 6500 тонна жанармай қорын сақтауға қауқарлы. Соның арқасында ауданда жанар-жағармай бағасы тұрақтандырылып, шаруалар арзандатылған жанар-жағармаймен қамтамасыз етілуде.
Сондай-ақ Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның шығармаларына арқау болған Көксай каналының бойынан қуаттылығы 20 мВт бірлікті құрайтын кіші су электр стансасы салынуда. Оның құрылысын «Қазгидрооперейтинг» ЖШС жүргізуде. Шақпақ ауылдық округінде де тағы бір жаңа жоба қолға алынып отыр. Мұнда қуаттылығы жылына 17550 тонна жол битумын шығаратын кіші зауыт құрылысы басталды. Жобаның құны 160,0 миллион теңгені құрайды. Оның құрылыс жұмыстарын «Шақпақжол Сервис» ЖШС жүзеге асыруда. Аталған екі жобаның да құрылысы биыл аяқталып, ел игілігіне беріледі деп күтілуде.
Ауданымызда экспортқа шығарылатын өнім көлемі де жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, былтыр «Бурное сүт компаниясы» ЖШС Ресей мемлекетіне 280 тонна ірімшік, «Агроазықтүлікнанменжабдықтау» ЖШС Қытайға 1080 тонна тазартылған мақсары, Бельгия мемлекетіне 40 тонна өсімдік майын экспорттаған.
Жоғарыда айтқанымыздай, табиғаты көркем Жуалы жеріне айрықша қызығушылық танытып отырған бизнесмендердің қатарының көбеюі де қуантарлықтай. Соның арқасында ауданда жаңа демалыс орындары бірінен соң бірі бой көтеруде. Былтыр Берікқара шатқалында 300 орындық «Отбасылық демалыс орталығы» ашылды. Онда өркениеттік талапқа сай салынған қонақ үй, бассейн және басқа да демалыс нысандары келушілерді бейжай қалдырмасы анық. Бұл туристік нысанның жобалық құны 750 миллион теңгені құрайды.
Бүгінде облыс жұртшылығы «Қаралма» тау-шаңғы кешенінің пайдалануға берілер сәтін тағатсыздана күтуде. Қазір оның құрылыс жұмыстары тоқтап тұрғанымен, тау бөктеріне келіп демалу ісі толастар емес. Бұған бір жағы біздің тарапымыздан ұйымдастырылып отырған спорттық шаралардың да септігі тиіп жатқан секілді. Бұл дұрыс бастама әрі жарнама болды.
Жобалық құны 4 миллиард 867 миллион теңгені құрайтын тау-шаңғы кешенінің базасы 22 гектар аумақты алып жатыр. Туристік нысан «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» автодәлізінен де қол созым жерде тұр. Ол Алатау баурайында теңіз деңгейінен 1600 метр биіктікте бой көтеруде. Сонымен қатар демалыс кешенінде қонақтар жыл – он екі ай бойы демалуға мүмкіндік алып, жылына 45 мың адамға қызмет көрсетіледі деп күтілуде. Жаз мезгілдерінде тәулігіне 4 мың адамға дейін қабылдай алады. Мұнда саумалмен, қымызбен емдейтін, атпен серуен құратын орындар ашылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ 100 орындық қонақ үй, 70 келушіге арналған мейрамхана және 20 коттедж, 2 автотұрақ, басқа да спорт алаңдарының құрылысы жүргізілуде.

Бақтияр КӨПБОСЫНОВ,
аудан әкімі.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support