- Advertisement -

Табиғат – ортақ үйіміз

69

- Advertisement -

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдеріне облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов 2018 жылы өздерінде атқарылған жұмыстар мен алға қойылған міндеттер жөнінде айтып берді.
Нұржан Молдиярұлының айтуынша, облыста мемлекеттік орман қоры 4 миллион 427 мың 034 гектар аумақты құрайды. Жалпы орман қоры облыс аумағының 30,8, орманды жерлер 15,47 пайызын алып жатыр.
Жылда орман қоры аумағын кеңейту мақсатында 5000 гектарға ағаш көшеттері отырғызылады екен. Атап айтар болсақ, өткен жылы көктемде қарағаш 400, жүзген 100, сексеуіл 1300 гектарға егілген. Ал күз айында отырғызылар сексеуіл екпелерінің көлемі 3,5 мың гектарға жеткізіліпті. Биыл екі мың гектарға қарағаш пен сексеуіл екпелері көшетін отырғызу жоспарлануда екен.
Бүгінде орманды өрттен қорғау өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Былтыр мемлекеттік орман қоры аумағында 39 өрт тіркеліп, 146,4 мың гектар алқапты өрт шарпыған. Өрттен келген шығын 74 миллион 892 мың теңгені құрайды. 39 өрттің 20-сы найзағай салдарынан болыпты. Өрттің алдын алу мақсатында орман қоры жерінде 72 дана қорықшы үй (кордон), 29 өрт бақылау мұнарасын салу көзделуде. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, қажетті қаражат көзі қарастырылу үстінде екен. Ал орман шаруашылығы мекемелерінің техникалық базасы 52,2 пайызға ғана жаңартылыпты.
Бүгінде басқармаға қарасты «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік нысанының теңгерімінде 105 су қойма бар. Онда су тасқынының алдын алу шаралары қолға алынды. Бірақ биылғы су айдындарында су мөлшері жылдағыдан төмен көрінеді. Оған қардың жылдағыдан аз түсуі себеп болып отырса керек. Осы су айдындары балық шаруашылығын дамытуға қолайлы саналғанымен, оған кәсіпкерлер қызығушылық танытпай келеді. Өңірде бұған дейін 115 балық шаруашылығы болған болса, бүгінде көбі бұл кәсіптен бас тартуда. Биыл солардың 32-і өз еріктерімен шаруашылығын тоқтататындығын мәлімдеген. Қазіргі таңда облыс әкімдігінің қаулысымен балық шаруашылығы су айдындарының тізбесіне өзгеріс енгізілуде. Жаңа қабылданған қаулыға сәйкес 35 су айдыны конкурс арқылы балық шаруашылығын жолға қоям деушілерге бекітіліп берілмек.
Мамандандырылған жануарлар дүниесін қорғау жедел қызметі мекемесінің инспекторлары күшімен 2018 жылдың соңғы 3 айында заңсыз аң, балық аулағаны үшін 38 әкімшілік хаттама толтырылып, кінәлілерге 4485,7 мың теңге айыппұл салыныпты. Сондай-ақ 19 аңшы қаруы тәркіленген.
Өңірде тұрмыстық қалдықтар тасымалдаумен айналысатын 33 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 21-і Тараз қаласына тиесілі. Олар тұрмыстық қалдықтарды 124 арнайы техника көмегімен қоқыс алаңына тасымалдауда. Бүгінде қала ішіндегі 501 контейнерлік алаң 3460 дана контейнермен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау мақсатында, шаһардағы тұрғын үй аулаларындағы қоқыс алаңшаларына полиэтилен ыдыстар, пластик жинау үшін 347 торлы контейнер орнатылыпты. Жиналған заттар тығыздалып, қайта өңдеу цехтарына жіберілуде. Шаһарда қайта өңдеу цехын ашқан 15 мекеме жұмыс істеуде. Олар негізінен пластмасса, полиэтилен қалдықтарын, электрондық құралдар, мотор майларын, шыны және қағаздарды кәдеге жарату үстінде.
Баяндамашы қоршаған ортаның ластануына жол бермеу, жер қойнауын пайдалану мәселелеріне, кен іздеушілерге қойылар талаптар жөнінде де кеңінен тоқталып өтті.
Басқосу соңында журналистердің қойған сұрақтарына тиісінше жауаптар қайтарылды.

Диас Маратұлы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support