- Advertisement -

Өcім бар, қолға алатын жоба да көп

40

- Advertisement -

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында өткен жылы қандай шаралар қабылданып, нендей жұмыстар атқарылды? Аудан әкімі Мәден Мұсаев жергілікті тұрғындардың алдындағы қорытынды есеп беру кездесуінде осыған жан-жақты тоқталды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев, аудан әкімдігіне қарасты бөлім мен мекеме басшылары және өңірдегі іргелі өндіріс ошақтарының басшылары мен аудан тұрғындары қатысты. Мәден Тоқтарбайұлы әр салада атқарылған жұмыстарды баяндап, жеткен жетістіктер мен шешімін күткен мәселелер туралы сөз қозғады.

– Мойынқұм – Әулиеата өңіріндегі жалпы өнеркәсіп өнімінің 14,1 пайызын өндіретін аудан. Сондықтан ауданда аталған саласының алатын орны ерекше. Өткен жылы ауданның өндірістік аумағындағы кәсіпорындар барлығы 53,6 миллиард теңгенің өнімін өндіруі – соның дәлелі. 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнім көлемі 10,1 миллиардқа артқан. Кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазуда өндіріс көлемдерінің 54,4 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 5,6 пайызға артқанымен, сумен жабдықтау өндірісінің көлемі тарифтік бағаның төмендеуі салдарынан 26,1 пайызға кеміп отыр.
Ауыл шаруашылығы саласында да өсім байқалады. Дәлірек айтсақ, 2017 жылы 3936 гектар алқапқа егін егілсе, былтыр бұл көрсеткішті 240 гектарға дейін арттырдық. Ал мал шаруашылығына келер болсақ, өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «НұрТемір» шаруа қожалығы 11 миллион теңге көлемінде несие алып, 22 мүйізді ірі қара сатып алды. Қазіргі кезде аудан бойынша 6 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істеп тұр. Дәл осы кооператив құру мәселесіне ерекше ден қойып, биыл барлық ауылдық округте ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруды көздеп отырмыз.
«100 нақты қадам» – Ұлт жоспары және «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында туындаған міндеттерге сай ауданда тұрғындарының саны 2 мыңнан асатын 4 ауылдық округіне дербес бюджет енгізіліп, салықтық және салықтан тыс түсімдердің 7 түрі ауыл әкімдерінің басқарылуына берілді, – деді аудан басшысы.
Бір айта кететіні, облыс орталығынан ең шалғай орналасқан аймақта жұмыссыздық деңгейі жыл сайын төмендеп келеді. Дәлірек айтқанда, былтыр аудандағы жұмыссыздық деңгейі 4,1 пайызды құраған болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 4,5 пайыз болған.
Аудан әкімінің айтуынша, аймақтағы 28 елді мекеннің тең жартысы орталықтандырылған ауызсумен қамтылыпты. Ал қалған елді мекендерді ауыз- сумен қамтамасыз ету мақсатында былтыр облыс қазынасынан 466,3 миллион теңге бөлінген. Ал ауданның өндірістік аумағындағы Мирный ауылы мен Бурылбайтал және Қияқты стансаларындағы өткен жылы басталған ауызсумен қамтамасыз ету нысандарының құрылыс жұмыстары биыл жалғасын табатын көрінеді. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 596,5 миллион теңге қаржы қарастырылған екен. Бұл – шалғай ауылдардағы ауызсу мәселесінің шешіле бастағанының көрінісі.
Мәден Тоқтарбайұлы былтыр ауданның білім саласын қаржыландыруға 4,6 миллиард теңге бөлініп, толық игерілгенін жеткізді. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру, оқытудың жаңа әдістемесін тарату, жаңғыртылған білім беруге көшу секілді жүйелі жұмыстар үздіксіз жүргізілген. Әйтсе де өткен жылы мұндағы мектеп оқушыларының жылдық білім сапасының көрсеткіші небәрі 66,6 пайызды құраған. Ал 2017-2018 оқу жылындағы ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша орташа балл 87,2-ні көрсетіп, ҰБТ-ға қатысқан 196 түлектің 41-і шекті деңгейден өтпей қалған.
Есесіне, денсаулық сақтау саласында алға ілгерілеушілік байқалады. Атап айтсақ, былтыр дәл осы сала бойынша ауданға 6 маман келіп, барлығы да ауылдық жерлерге жұмысқа орналасыпты. Оған қоса, Көкжелек және Ұланбел ауылдарынан екі медициналық нысан бой көтерсе, шалғайдағы Мирный ауылының медициналық тірек ғимаратына 21 миллион теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Жиында жоғарыда аталған көрсеткіштерді жіпке тізгендей баяндап берген аудан әкімі Мәден Мұсаев алдағы атқарылар жұмыстың ауқымы бұдан да үлкен екенін тілге тиек етті. Есепті баяндамадан кейін ауданға қарасты бірқатар кәсіпорын жетекшілері жарыссөзге шығып, өз ойларын ортаға салды. Ең әуелі «KhanTau Minerals» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Самат Чукубаев сөз сөйлеп, жергілікті әкімдікпен бірлесе жұмыс істеудің нәтижесінде бірқатар жұмыстардың жолға қойылғандығын атап өтті. Самат Салиханұлы аудан экономикасына салатын инвестицияның көлемін биыл 1 миллиард 145 миллион теңгеге жеткізуге ниетті екенін жеткізді. «Оргстрой» ЖШС-ның құрылтайшысы Серік Әділбеков кәсіпорынның алдағы жоспарларына тоқталып, аудан әкімдігінің қамқорлығына өз ризашылығын білдірді.
Жалпы, аудан әкімінің тұрғындар алдындағы есеп беру жиынын ауыл тұрғындары асыға күтетіні белгілі. Өйткені орайы келгенде көкейде жүрген өзекті мәселені жеткізіп қалуға тырысады. Шешімін таппаған түйткілдер бақылауға алынса дейді. Бұл жолы да азаматтар осындай мәселелерді қозғап, аудан әкіміне өз сауалдарын жолдады. Мысалы, Көкжелек ауылының тұрғыны Әскербек Нұрмаев аудан әкімінің назарын ауылдықтарды мазалаған ағын су мәселесіне аударды.
– Аудан іргесіндегі Көкжелекте су мәселесі бар. Ағын су келмегеннен кейін құдықтағы ауызсу да тартылып қалатыны жасырын емес. Тіпті қорадағы төрт түлікке су таппай қалған кездер де болды. Дәл осы мәселе ауылдағы бір емес, бірнеше жайға кесірін тигізіп отыр. Бұрнағы жылдары Көкжелекте 2000 гектарға дейін жүгері егілген. Алайда ағын суға деген сенімі азайған халық егін егуге құлықсыз. Жуырда ауданымызда су шаруашылығы мекемесі құрылып, бірқатар тірліктерді қолға алып жатқанын естідік. Аудан әкімдігі биылдан бастап тұқым беруге, сумен қамтамасыз етуге, егістіктегі жиын-терін жұмыстарына арнайы техника бөліп беруге мүдделі екендіктерін жеткізіп отыр. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізіп, ағын судан тапшылық болмайтынын жергілікті тұрғындарға жеткізу керек, – деді ауыл ақсақалы.
Құмөзек ауылының тұрғыны Байұзақ Саурықовтың айтуынша, кейінгі жылдары ауылға ағын судың келмеуінен ауыл маңындағы жайылымдық жердің азайып, дала өрті көбейген. Ауыл тұрғындары осыған алаңдаулы екен. Тұрғынның сөзіне сенсек, ауылдағы 2862 гектар жер су тапшылығынан кеуіп кетіпті. Содан барып төңіректегі аң-құстың да қарасы сиреп, шегіртке қаптап, тіпті мал шығыны да орын алған көрінеді.
Бұл маңға су келмеуінің бірден бір себебі – аудан орталығы маңындағы Радай су реттегіш нысанының істен шығуы. Шу өзенінің төменгі жағында орналасқан елді мекендер мен оларға тиесілі жайылымдық жерлерді суландыру мақсатында салынған ол нысан тек бұл ауылда ғана емес, аудандағы ең күрделі мәселелердің біріне айналған. Осы жайттарды ашып айтқан аудан әкімі Мәден Мұсаев облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеевтен тұтас ауданның бас ауруына айналған ағын су мәселесін шешуге ықпал етуін сұрады
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Жүнісәліұлы ауданда атқарылып жатқан істердің ауқымы кең екенін, алайда бірқатар кемшіліктердің де орын алғандығын айтты. Олардың ең негізгісі – ауыл шаруашылығы саласы. Нақтырақ айтқанда, ауданда етті экспортқа шығару жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмеген. Оған қоса, ауыл шаруашылығы мақсатындағы түрлі техникаларды жаңарту көрсеткіші де төмен болып тұр. Міне, осындай түйтілдерді тілге тиек еткен Мұратхан Жүнісәліұлы аудан әкімі Мәден Тоқтарбайұлына бірқатар салалық жұмыстарды жүйелі жүргізуді тапсырды.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support