- Advertisement -

АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІ АРДАҚТАЛДЫ

62

- Advertisement -

Кеңес одағы әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 15 ақпан күні 30 жыл толды. Жарияланбаған соғыс жылнамасы – тарихтың ең қаралы парақтарының бірі. Өйткені мыңдаған жас азамат жат жерде жан тапсырып, қаншама қандастарымыз ұрыс даласынан жарақат алып, кейбірі мүгедек болып оралды. Оқ пен оттың ортасынан оралғандар және олардың отбасылары үшін бұл кезең мәңгілік жан жарасына айналды. Он жылға созылған соғысқа 22269 қазақстандық қатысып, оның 924-і қаза тапқан. Ал 1015-і елге мүгедек болып оралып, 21 жас жауынгер хабарсыз кетті.
Содан бері 15 ақпан ер мен ерлікті дәріптеп, өткенді ұлықтайтын күнге айналды. Айтулы датаға орай кешегі белгісіз соғыстың куәгерлері мен тараздықтар шаһардағы «Жеңіс» саябағына жиналды. Ауған соғысының жауынгерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, батырлар рухына тағзым етті. Салтанатты шара Тараз қаласындағы Ы.Дүкенұлы атындағы Мәдениет үйінде жалғасты.
– Бұл қырғын бір кезеңнің ғана қасіреті емес. Болашаққа да зардабын тигізді. Ол талай шаңырақты шайқалтып, мыңдаған боздақтың өмірін қиып кетті. Өңірімізден Ауғанстан жеріне 2236 жерлесіміз аттанды, 71 жамбылдық әскери қақтығыстар кезінде қаза тапты. Біреуі хабарсыз кетті. Олар әскери антына өмірінің соңына дейін адалдық танытты. Жалындаған жас шағында 63 жерлесіміз мүгедек болып оралып, қабырғаны қайыстырды, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков.
Жарияланбаған соғыстың жүректе қалған қасіреті мен зардабы жазылмасы анық. Рас, қазір сол бір оқ пен оттың ортасынан аман-есен оралған азаматтарға мемлекет тарапынан тиісті әлеуметтік көмектер көрсетіліп келеді. Одан біздің өңірімізде тыс қалмай, отыз жылдыққа орай жамбылдық Ауған соғысы ардагерлеріне төленетін бір жолғы әлеуметтік көмектің мөлшерін алпыс мың теңгеге көтеру туралы шешім шығарған. Облыс бойынша қаза болған 54 ардагердің отбасы, 20 ардагердің жесірі, 22 тұрмысы төмен ардагердің отбасы, соғыс кезінде Ауған жерінде еңбек еткен 19 жұмысшы мен мүгедектер де түрлі әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатқан жоқ. Бұл – азаматтарын ардақтаған елдің абыройлы ісі.
Салтанатты шарада Кеңес әскерлерінің Ауғанстан аумағынан шығарылғанына 30 жыл толуына орай және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар ардагерлер облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды. Кешегі жауынгерлерге Ауғанстан жерінен Кеңес әскерлерінің шектеулі контигентінің шығарылуына 30 жыл толуына арналған арнайы төсбелгілер табысталды. Сонымен қатар облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов соғыс жылдары көрсеткен ерліктерін ескере отырып, бірқатар ардагерге «Жамбыл облысының Құрмет грамотасын» табыстады. Ал бірқатары облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, полковник Ерлан Жабықбаевтың қолынан марапат алды.
Ауған соғысы талай шаңыраққа ауыр зардабын тигізді, елге қасірет әкелді. Отыз жыл өтсе де Ауған соғысының жаңғырығы, оның ауыр зардабы әрқашан ел есінде сақталып қала бермек.

Камила Борашова
Суретті түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support