- Advertisement -

Жұмысы жүйелі партия

28

- Advertisement -

билік пен бұқара арасындағы алтын көпір

Ертең, 15 ақпан күні «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс конференциясы өтеді. Жиында бас
партияның атқарылған жұмыстары мен алдағы жоспарлары
талқыланады. Осы жиында көшбасшы партияның Астана
қаласында өтетін кезекті ХVІІІ съезіне делегаттар сайланады.

«Нұр Отан» – жалпы халықтың аса зор сеніміне ие болып отырған партия. Өз жұмысын жүйелі жолға қойған, жұртпен тығыз қарым-қатынас орнатқан саяси ұйым. Онысын әрқашан қарапайым азаматтардың тілек-өтінішіне құлақ түріп, түйткілді мәселенің шешімін табуға ықпал ету арқылы дәлелдеп келеді. «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасында білім, денсаулық, индустриалды-инновациялық, ауыл шаруашылығы салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлінгені де сондықтан. Әлеуметтің әл-ахуалын көтеруге бағытталған шаруалардың бәрі – партия бақылауында.
Партияның облыстық филиалы тұрғындардың өзекті мәселелерін шешіп, бағдарламалық құжаттардың орындалуын басты назарда ұстайды. Партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру үшін арнайы сегіз комиссия құрылған. Жұрт алдында ашық есеп беру үшін әр комиссияның төрағасына жұмысты жариялы жүргізу тапсырылып, үлкен жауапкершілік жүктелген. Олар екі жылдың ішінде 86 отырыс, 9 партиялық тыңдау өткізді.
Соңғы жылдары «Нұр Отан» саннан гөрі сапаға көбірек мән беруде. Тіпті партиялық талаптарды орындамаған әрі қоғамда өрескел қылыққа жол бергендердің тәртібі қатаң қаралып, ұйым қатарынан шығарылатын болды. Оны мына дерек те растай түссе керек. Мәселен, партияның облыстық филиалы құрамында 2016 жылы 401 бастауыш партия ұйымы мен 69788 партия мүшесі есепте тұрса, былтыр 337 ұйымда 69039 адам тіркелген. Бұған былтырдан бастап аумақтық филиалдар ішкіпартиялық жұмыстарды жаңғырту жұмыстарының қолға алғаны да әсер етіп отыр. Осындай жұмыстардың арқасында қазір бастауыш партия ұйымдарына осы қызметте ысылған, белсенді партиялық көзқарасы қалыптасқан жаңа жетекшілер легі келуде.
Жалпы, соңғы екі жылда өкізіліп келе жатқан «Нұр Отан» партиясының «Үздік бастауыш партия ұйымы» республикалық байқауы – бастауыш ұйымдардың жұмысын жаңаша ұйымдастыруға ықпал етіп отыр. Бұл шара олардың қоғамдағы белсенділігін арттырып, ішкіпартиялық жұмыстарға тың серпін беруге бағытталған. Үш кезеңнен тұратын конкурс арқылы үздік бастауыш партия ұйымдары анықталып, олардың озық жұмыс тәжірибесі республика көлемінде таратылады.
Бір айта кететіні, бүгінде барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайланған 205 депутаттың – 198-і, яғни 96,6 пайызын нұротандықтар құрап отыр. Осының өзі «Нұр Отанның» жұрт сеніміне ие екенін көрсетеді. Облыс бойынша мәслихаттарда партияның 12 депутаттық фракциясы құрылған және олар бекітілген жұмыс жоспарларына сәйкес фракция отырыстарын өткізеді.
Фракция отырыстарында жоспарлы мәселелермен қатар, фракция мүшелері мен атқарушы билік органдары басшыларының есептерін тыңдау тәжірибесі орныққан. Мысалы, осындай жиындарда Елбасы Жолдауы мен «Рухани жаңғыру», «Нұрлы жол» мемлекеттік және «Нұрлы жер», «Моноқалаларды дамыту» бағдарламаларының жүзеге асырылуы бойынша тиісті сала басшылары есеп береді. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясының Сайлауалды бағдарламасы мен саяси Доктринасында көрсетілген талаптардың қалай орындалып жатқаны да бақылауда.
Негізі партияның Саяси Доктринасындағы мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға партиялық жобалар ықпал етіп отыр десек, артық айтқандық емес. Былтыр жыл басынан партия 20 бастамашыл жобаны іске асырды. Бұл жұмыстардың барлығы Партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың келісімі бойынша партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Асқар Мырзахметов бекіткен желілік кестеге сай жүргізілді. Нәтижесінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде Тараз қаласы мен аудандарда 12 ІТ сынып, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің базасында 1 ІТ орталық ашылды.
Былтыр индикаторлық көрсеткішке сәйкес облысымызда 3 «коворкинг» орталығын ашу жоспарланған болатын. Қазір кезде олардың саны 9-ға жетті. Мұндай орталықтар жастар мен барлық тұрғындарды тарта отырып, олардың кітап оқу мәдениетін қалыптастыратын және ақпарат алаңына айналуда. Сондай-ақ ауыл жастарына ағылшын тілін үйретуде «English for Jastar», «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде өңірімізде 176 Кеңес Одағының Батыры және Даңқ орденінің толық иегерлерінің атындағы көшелер бар екені анықталып, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен мүшелері, жасотандықтар мен жасұландықтар осы көшенің барлығына тазалық жұмыстарын ұйымдастырды. Жалпы, «Ардагерлерді ардақтайық» жобасының шеңберінде түрлі бағытты қамтитын 3 мың шара ұйымдастырылып, оған 45 мыңға жуық адам тартылды.
Ал «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Осы мақсатта нұротандықтар әлеуметтік маңызы бар нысандарға зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қоғамда баршаға қолайлы ортаның қалай қалыптасқанын анықтады. 2017-2018 жылдары 800-ге жуық нысан тексерілді.
Биыл партия оқушылардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету мақсатында «Мектеп асханалары» жобасын қайта жаңғыртты. Сонымен қатар жазғы лагерьлерде балаларға денсаулық сабақтарын оқыту мақсатында «Денсаулық сабағы» жобасын да қолға алмақшы.
Ал партияның «Тарлан-тарих тағылымы» атты өлкетану жобасы аясында жастарға тарихи-мәдени ескерткіштердің тарихын таныстыру жұмыстары жүргізіліп, саяхаттар ұйымдастырылды. Жобаның мақсаты – қазақ халқының тарихын, рухани-мәдени құндылықтарын, халқымыздың қастерлі мұраларын ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеу. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының негізгі жұмысы Елбасы-Партия Төрағасының сарабдал саясатына қолдау көрсету арқылы Қазақстанның өсіп-өркендеуіне барынша үлес қосуға бағытталған.
Партия шығармашыл жандармен де тығыз байланыс орнатқан. «Зиялы қауыммен жұмыс» жобасын жүзеге асыруда. Партияның облыстық филиалы жанында мәдениет пен өнерді дамыту жөніндегі «Мирас» аймақтық кеңесі құрылып, жұмыс жүргізетінін айта кеткен жөн. Ал облыстағы өзекті мәселелерді талқылау және оның шешу жолдарын қарастыруда демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» облыстық коалициясы таптырмас диалогтік алаңға айналып отыр. Коалиция облыстағы барлық саяси партиялар мен ірі қоғамдық ұйымдар, этномәдени бірлестік жетекшілерін бір ортаға жұмылдырған. Коалиция мүшелері Елбасының әрбір бағдарламалық құжаттарын осы ашық алаңда талқылап, қолдау білдіріп отырады.
Қорыта айтқанда, партияның облыстық және аумақтық филиалдары әрбір тұрғынның өтінішін зерделеп, оның оң шешімін табуға ықпал етеді. Осы арқылы «Нұр Отан» жұрттың сеніміне ие болып, билік пен бұқара арасындағы алтын көпірге айналып отыр.
Ерқанат Манжуов,
«Нұр Отан» партиясы
облыстық филиалы төрағасының
бірінші орынбасары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support