- Advertisement -

Өкініш

75

- Advertisement -

Қала қарбалас. Таң атпай басталатын тынымсыз қозғалыс. Әйтеуір бәрі бір жаққа асығып бара жатады. Жігер де жұмысқа кешігіп қалмайын деп алға қарай ентелей түсті. Бірақ тар көшенің бір бұрышында кітап сататын Ваняға сәлемдесуді ұмытқан жоқ. Өзіне сондай таныс, жаттанды жол барар жеріне адастырмай апарады. Кенет… Қарсы алдында орта жастағы ер адамның етпетінен құлап түскені. Ойланып жатпады, тұра ұмтылды. Жанына келіп, халін сұрады. Әлгі адамда үн жоқ.
– Аға, сізде бәрі дұрыс па, жедел жәрдем шақырайын.
– Жо-жоқ, бәрі дұрыс, мені демеп жібер.
– Жақсы, – деп қолынан тартып, тұрғызып жатқан. Әп-сәтте не болғанын аңдап үлгермеді.
Қолтығынан демеген ағасы қолынан шап беріп ұстап, айналаға «ұры» деп аттан салғаны. Арамдық атаулыны ойламайтын Жігер ештеңені түсінбей, алақтап жан-жағына қарады. Сұғанақ қолды сұмпайы алысқа ұзамаса, қуып жетпек болған. Қолды қылғанын қайтарып, кісіге көмектессем деп ойлаған, әлгі «ұрының» өзі екенін әлі де түсінбеген күйі.
Жақсылық жасауды ғана білетін ол бүгінге дейін мұндай сұмдықты естіп те көрмеген еді. «Жаптым жала, жақтым күйе» деген осы екен, қолына кісен салынды. Көз ала бере, Жігердің қалтасына өзінің әмиянын сүңгітіп жіберіпті әлгі адам. Қайдан шыққаны белгісіз, тінту кезінде анаша да табылды.
Бұл оқиғаны өсекші әйелдер мың құбылтып жеткізген. Кей тұсын күшейтіп жібергенімен, ол шындық еді.
Сол күннен бастап Айнагүл апа ұйқыны ұмытқан. Енді көзі іліне берсе «Ұлыңды слишком добрый қылып тәрбиеледің, 15 жыл күтесің добрая кемпірім» деген отағасының зілді сөзі құлағында шыңылдап тұрып алады. Кімге барып, не айтсын? Амалы жоқ.
Сонау 90-шы жылдары елдің жағдайы тым ауыр еді. Ұрлық-сұмдығы да көп кез. Жұмыс жоқ. Арақ ішіп, тәлтіректеп көше кезген еркек, ала сөмке арқалаған көп балалы ана. Әйтеуір жағдай түзелді ғой кейін. Ал бүгін ше? Жала жауып, бар кінәні кісіге итере салатындай, басымызға не күн туды? Жалқаулық басты. Көше сыпырушыға менсінбей қарайды кейбіреулер. Өзінің арақ ішіп келіп күнде әйелінен ұрыс еститінімен шаруасы жоқ. Сондай отбасыда қандай береке бар? Осыдан кейін әкені қарттар үйіне, баланы жетімдер үйіне өткіземіз, қоқысқа лақтыра саламыз. Бәрі оңай. Жігерді өмірден жерітіп жіберген де осы.
Бүгін Жігердің қапастан шығар күні. Ата-ананың қуанышында шек жоқ. Бірақ осының өзі оны серпілте алмады. Енді оған бәрібір сияқты, өмірінің мәні қалмағандай. Бір білетіні, армандап жүрген жобасын жүзеге асыра алмайды. Қылмыскердің жобасын кім тыңдамақ, бір ғимаратқа барып менің идеям, жобам бар десе «әй сен, ары жүр», дейтіні анық.
Ауылда құрылыс жүріп жатыр. Жігер сол жерде. Көкіректе арман, көзде жалын жоқ, әйтеуір нан табу керек. Адам баласына ең алдымен бостандық керек дейміз. Өміріңнің 15 жылы бос өтсе, бұдан асқан қорлық бар ма?
Таң атпай ерте тұрды. Әлі біраз уақыт барын ойлап, аяғын сылбыр басып, басы салбырап, жұмысқа кетіп бара жатқан. Бір сәтте тура қарсы алдында жас қыздың құлап жатқанын көрді. Көрді, бірақ көрмегендей ары қарай кете берген.
Мән-жайды кешке үйге келгенде естіді. Көрші үйдің 15 жасар қызы қайтыс болыпты. Ертең жаназа.
– Не болған?
– Көшеде құлапты. Таңсәріде көшеде кім жүрсін?! Ешкім болмаған-ау сол маңда.
Жігердің жүрегі шым ете қалды. Жаратқанның алдында, арының алдында өзін кінәлі сезінді. Жан дүниесін ыза мен өкініш өртеп барады. «Қайтейін енді, не істейін енді?» дей берді.
Сіз, оны кінәламаңыз, қоғам ғой азғындаған. Оның еш кінәсі жоқ.

Жадыра МЫРЗАБАЙ,
Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің 1-курс студенті.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support