- Advertisement -

Қазақ қыздары үшін «Аналар мектебі» керек

111

- Advertisement -

Ұлттың ұяты – аялап өсіріп отырған қаракөз қыздарымыз. «Бір ұл тәрбиелесең, бір әулетті тәрбиелегенің, бір қыз тәрбиелесең, бір ұрпақты тәрбиелегенің» деген сөз бекер айтылмаған. Міне, сондықтан ата-бабаларымыз ар тазалығын жоғары ұстайтын өнегелі қыз тәрбиелеуді парызым деп білген. Ал бүгін ше?

Қазір біз ұрпақ тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөліп отырмыз? Қазақ қызы дегенде баяғы Айман, Құртқа, Назым сияқты қыздарымызды айтамыз. Одан беріде Әлия, Мәншүкті мақтан етеміз. Бойжеткендердің ұятын оятып, жөн сілтеп отыратын батыр Бауыржан келіні Зейнеп апаны үлгі тұтамыз. Бірақ осылайша тізімнің соңы сұйыла береді. Дәл ХХІ ғасырда өнеге алар басқа ешкім жоқ секілді. Қалай десек те жартылай жалаңаш денесін әлеуметтік желіге жарнамалаған қыздардың оғаш әрекеттерін үлгі ете алмасымыз айқын.
Бұл – отбасы тәрбиесінде кеткен олқылық. Себебі балаға ең алдымен ата-анасы ықпал етеді. Бүгінде күнделікті күйкі тіршіліктің соңында жүрген олар бала тәрбиесіне деген жауапкершілікті азайтып алған сияқты. Әсіресе қызға қырық үйден тыйым салуды ұмытқан секілді. Сондай-ақ бойжеткендердің Батысқа еліктеп, өздерін тым еркін ұстауына, тіпті кейбір қыздар ата-анасын сыйламай, оларға қарсы келетін болғанына шетелдік фильмдердің де әсері көп.
Қыздың бәрі атына сай ақылды, арлы, абыройлы бола бермейді. Оны сондай ететін тәрбиешісі – қоғам. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа осындайда керек. Қызға қырық үйден тыйым салған қазақ қоғамына өте қатал әжелер мектебі қажет. Осындай орталық М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде бар екен. Соны естіп, оның жетекшісімен сөйлесуге тырыстық.
Оқу ордасында осыдан жеті жыл бұрын Әспет Ақбайқызының бастамасымен «Аналар кеңесі» құрылыпты. Басты мақсат – бойжеткендерге саналы тәрбие беріп, халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін дәріптеу. Кеңес төрайымының айтуынша, қыздармен кездесу оқу жылында екі рет ұйымдастырылады екен. Басқосу еркін форматта өткізілетін көрінеді.
Аналар кеңесінің мүшесі Зиба Құламанованың сөзімен айтсақ, адам бойындағы ізеттілік, көргенділік нәресте кезінен ана сүтімен бойға сіңетіні анық. «Десек те өсе келе «Қызға қырық үйден тыйым» деп қыз баланың жүріс-тұрысынан бастап, дауыс ырғағына дейін мән беруді ұмытпауымыз керек. Тәрбиеде ешқандай майда-шүйде болмайды. Көзге қораш көрінетін қылықтарды жасауға тыйым салып, кішкентай кезінен құлағына құйып отыру қажет. Бірін ескермесе, бірі есте қалары анық. Бұрын қазақ қыздары әдептен озбаған тәрбиелілігімен, өздеріне тән нәзіктігімен және рухани тазалығымен ерекшеленетін еді. Ар-намысын жоғары ұстай білген қыз ғана жұрт алдында әрдайым абыройлы, сыйлы болары хақ. Біз бойжеткендер осы жолдан адаспаса екен деп бағыт-бағдар беруге тырысамыз», – дейді Зиба Абдуллақызы.
Бүгінгі бойжеткендер – ертең біреудің адал жары. Ұрпақ өсіріп, ана атанады. Жүрегінде иманы жоқ, тәрбиесіз өскен жан, кімге үлгі болмақ. Ал өнегелі тәрбие алса, ертең ұрпақ тәрбиелейтін қазақтың дана аналарына айналары сөзсіз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әйел – бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей, бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей – еліміз толық түзелмейді» деген сөзі қыз тәрбиесінің маңыздылығын көрсетеді. Қазақ қыздары ұлт тағдыры өздеріне байланысты екенін ұмытпаса игі.

Меруерт
Кайнышева,
студент.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support