Жаңа төраға, жаңа хатшы, жаңа құрам

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарына сәйкес, 2015 жылдың 2 қарашасында елімізде «Қоғамдық кеңестер» туралы Заң қабылданып, 2016 жылдың ақпан айында облыс аумағындағы 246 мүшесі бар 12 қоғамдық кеңестер өз жұмыстарын бастаған болатын. Билік пен бұқара арасында алтын көпірге айналған ұйым аз уақыттың ішінде көптеген күрделі мәселені шешіп үлгерді. Қоғамның күш-жігерін, мұрат-мақсаттарын бір арнаға тоғыстырып, азаматтардың қоғам ісіне белсенді түрде араласуына септігін тигізетін қоғамдық кеңес әлеуметтік сауалдарға жауап беретін жүйелі тетіктің біріне айналды.
«Кеңесіп пішкен тон келте болмайды», сол себепті атқарушы билік пен қоғамның ынтымағы тонның ішкі бауындай беки түсуі керек. Құрылған уақыттан бастап ұйым мемлекет қабылдайтын шешімдердің жариялы, ашық болуын қамтамасыз ететін консультативтік-кеңесші әрі бақылаушы органға айналды. Облыстық қоғамдық кеңес 18 жалпы, 80 президиум отырысын, 5 қоғамдық тыңдау, 14 жұмыс бағыттары бойынша мониторинг, 5 облыс әкімдігі басшыларының есебін тыңдап, 300-ден аса нормативтік-құқықтық актілерді әділет органдарына тіркеу үшін сараптама қорытындылар мен ұсынымдар берген. Облыстағы қоғамдық кеңес жұмыстарының жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында Q-KENES.KZ домені негізінде республикада алғашқы болып арнайы сайт ашқандығын жазған да болатынбыз. Дегенмен бұл ұйымның міндет-мақсаты халық арасында әлі де түсініксіз. Сондықтан ұйымның маңызды бағыттарының бірі – қоғамдық кеңестің жұмысын жан-жақты ақпараттандыру болып табылады.
Аталған кеңестердің құрамын қалыптастыруда, жергілікті жерде қоғамдық кеңес құрамына бірінші басшының бұйрығымен тағайындалатын мәслихаттың өкілдерін қоса алғанда, кеңес мүшелерінің үштен бірін мемлекеттік органдардың өкілдері құрауы тиіс екен. Енді жаңа жоба бойынша онның біреуі ғана мемлекеттік қызметкерден келеді.
2016 жылы құрылған кеңес 29 мүшеден тұрған еді. Алайда аталған мүшелердің басын қосу, оларды бір мезгілде жинау кезінде отырыстарға қатыспау, белсенділік танытпау сықылды біршама қиындықтар туындапты. Сондықтан аталған кемшіліктерді ескере отырып, қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмысшы топ мүшелері оның құрамын 19 мүшеге дейін азайтуды ұйғарған. Сапалық құрамы бойынша жаңадан сайланған қоғамдық кеңестің 13-і бұрынғы кеңес мүшелерінен болса, 6-ауы жаңадан сайланған азаматтар екен.
Ұйымның басым көпшілігі азаматтық қоғамның өкілдері немесе заңда жазылғандай, коммерциялық емес ұйымдар және азаматтар. Заңда 3 жылға құрылатын қоғамдық кеңестің құрамын ашық, транспарентті түрде қалыптастыратын жұмыс тобын құру жөнінде айтылған. Бастапқы кезеңде қоғамдық кеңес мүшелерін қалыптастыру үшін жұмыс тобын құруы тиісті болғандықтан, облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов алқалы жиынды ашты. Содан кейін басым дауыс жинаған, осыған дейін аталмыш кеңестің хатшысы қызметін атқарып келген Сембек Сейдәзімұлы төраға етіп сайланды. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат кеңес хатшысы болып бекітілді. Ал салалық бағыттарына қарай бұдан былай 5 емес, енді 3 комиссия жұмыс атқармақ. Сондай-ақ олардың атауы да жаңаша сипатқа ие болып, төрағалары мен хатшылары да жаңадан бекітілді.
Төралқаның (президиумның) жекелеген мүшесі ретінде Масат Беріктің кандидатурасы ұсынылып, сайланды.
– Мемлекет мүддесі бізден айрықша ерік-жігер мен ұйымшылдықты, бірлікті талап етіп отыр. Сондықтан бұл жерге отыру үшін емес, енжарлыққа салынбай жұмыс істеуге келдіңіздер деп ойлаймын, Сіздердің алдарыңызда жаңа мақсаттар, межелі міндеттер, іргелі істер бар, – деп жиынды қорытын­­дылаған Бағлан Қарашолақов жаңа құрамға халық үшін атқаратын жұмыстарына сәттілік пен нәтижелі жетістіктер тіледі.

 

Альмира ОМАРОВА

Comments are closed.

микро займ на карту