Ойшылдар ойыны – шахматқа аңсары ауған қыз

Ойшылдар ойыны – шахматқа аңсары ауған қыз

Оқушылардың «Үміт» сарайында шахматшылардың үйірмесі жұмыс істейді. Оған Болат Алыбаев жетекшілік етеді. Бірнеше жылдан бері жас шахматшыларды тәрбиелеп, түрлі деңгейдегі көптеген додаларға қатыстырып жүрген оның еңбегі өз жемісін беріп, талапты шәкірттері толайым табыстарға қол жеткізіп жүр. Ал ұстаз болса жас жеткіншектерді жаңа белестерді бағындыруға бар күшін салуда.
Мәселен, қаңтар айының басында Павлодар қаласында шахматтан Қазақстан чемпионаты өтті. Осы жарысқа Қазақстанның барлық өңірінен кіл мықты шахматшылар қатысты. Тіпті олардың қатарында спорт шебері атағынан үміткерлер де, халықаралық деңгейдегі шеберлер де болды. Жарыс жас айырмашылықтарына қарай бірнеше санат бойынша ұйымдастырылды.
Оқушылардың «Үміт» сарайының «Ойшылдар» шахмат клубының белді мүшесі Назерке Шекербек осынау аламанда жасындай жарқырап, жүлделі болды. Ол ел біріншілігінде 18 жасқа дейінгі спортшылар бәсекесінде бақ сынап, жүлделі екінші орынды қанжығасына байлады. Назерке 2012 жылдан бастап шахматпен тұрақты түрде айналысып келеді. Қазіргі кезде «бірінші санаттағы шахматшы» деген куәлігі де бар. Әрине, оған бұл дода оңайға соққан жоқ. Соған қарамастан ол чемпионатта спорт шеберлігіне кандидат шахматшыны және спорт шеберін жеңіп, өзінің шын мықты екенін дәлелдей білді. Жеңімпаздардың барлығы қаржылай және заттай сыйлықтармен марапатталды.
Назерке қазіргі таңда Ақтау қаласында өтетін республикалық жарысқа тыңғылықты дайындалып жатыр. Бапкері Болат Алыбаев шәкіртіне бар білгенін үйретуде. Көптеген додаларда жасындай жарқыраған жас жеткіншекке алдағы уақытта да толайым табыстар тілейміз.

Әсем БОРАНҚҰЛОВА,
«Үміт» сарайының қосымша білім беру педагогі.

Меркі ауданы.

Comments are closed.

микро займ на карту